Ғабит Мүсіреповтің үш ерлігі
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің аруағы бізді де айт деп сыбырлайды.
Иса БАЙЗАҚОВ
Халықтың рухани байлығы – көркем әдебиетті жасайтын тек қана талантты ұлы дарындар екені талассыз шындық. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы өскен әдебиетін бүкіл әлемге танытқан да сол алыптар болатын. Туған елінің ХХ ғасырдағы көркем әдебиетін саф алтындай талай-талай шығармаларымен байытып, мәртебесін биіктеткен А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин сияқты алыптар тобының қатарында тұрған жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов.
Академик Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы қазақ халқының тағдырымен, қазақ әдебиетінің қалыптасу, өркендеу тарихымен табиғи байланысты. Қарапайым қазақ ауылының баласы өзінің туған халқымен бірге түлеп, мәдениеттің шырқау биігіне көтерілді. Оның қоғамдық қызметі мен шығармашылық еңбегін айырып қарастыруға болмайды. Дарынды жазушы өзінің ең алғашқы әңгіме, новеллаларынан бастап қазақ қоғамындағы әлеуметтік өзгерістерді, қазақ кедейлерінің психологиялық жаңаруын ғылыми зерттеушідей бақылап, қадағалап суреттеді.
Ғ.Мүсірепов, негізінде, тарихи тақырыпта қалам тербеген зерттеуші-жазушы. Ол өзінің эпикалық туындыларының бірі «Оянған өлке» романы арқылы қазақ даласына өндіріс капиталы еніп, тұңғыш қазақ жұмысшылары шыға бастаған тарихи шақты суреттеді.
«Оянған өлкеден» басталып «Жат қолында» туындысымен жалғасқан шығармалар шоғырында Ғабең қазақ жұмысшы тобының қалыптасуын ғана емес, ұлттық сананың өсуін де өзіне тән сұңғылалықпен сұлу суреттеп берді. «Кездеспей кеткен бір бейнеде» қазақтың зиялы қауымының биік бейнесін Сәкен Сейфуллин тұлғасы арқылы танытқан хас шебер. 1937 жылдың трагедиясын қазақ әдебиетінде ең алғашқылардың бірі болып астарлы ойлармен ажарлы ашты.
«Әдебиет – кәсіп емес, өнер» деп әуелден-ақ айтып келген Ғабең сол 1924 жылдың өзінде-ақ жазушы өмірді терең білуге тиіс екенін ескерткен екен. «Тегінде нені болса да білген бүлдірмейді, білмеген бүлдіреді», – депті. 1928 жылы талғампаз дарын иесі: «Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем – жалғасы білінбей, көбінесе жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін», – деп көркемдік ереже іспетті бағдар ұсыныпты.
Әдебиет білгірлерінің бірі – Георгий Ломидзе «Таланттың қыран қанаттары» атты мақаласында Ғабит Мүсірепов туралы: «Мүсіреповтің жазғандарынан ештеңені алып тастау да, қосу да мүмкін емес. Ол ең сара да салмақты сөзді сараптай біледі», – дейді. Жалғыз Ломидзе емес, сөз сәулесін, сөз салмағын түсінетін әдебиетші де, оқушы да Мүсірепов талантына тәнті.
Тарихтан мәлім, Ғабит Мүсірепов – Қазақстандағы колхоз құрылысында жіберілген асыра сілтеу жайында тайсалмай, тайынбай «Бесеудің хатына» бірінші болып қол қойған ержүрек адам. Сол үшін де ол Голощекиннің қаһарына ұшырап, қуғындалған. «Шұғыла» – Голощекиннің зұлымдығы мен зымияндығына жасалған айыптау актісі.
«Шананың қасына келсек, тыриған қатын-қалаш жиналып, аттыдан нан сұрап тұр екен. Голощекин сегіз жылда «бірталай» қазақша үйреніп қалып еді ғой, соның «в Казахстане никарипип никасирип, нежесирип нету» дегені еске түсе қалды», – деп жазады автор.
Жергілікті қарапайым халықтың сана-сезімі, түсінік-түйсігі қандай халге жеткенін Ғабит:
«– Сендер колхозбысыңдар? – дедім жиналған көпке.
– Жоқ, жоқ! – десті екі-үшеуі бірауыздан.
– Жеке шаруамысыңдар?
– Оншасын біле алмаймыз, – деді тағы да екеу-үшеуі.
– Е, енді кім біледі? – дедік таңданып.
– Аудан біледі», – деп баяндайды.
Ғабит Голощекинді батыл айыптап, жоғарыда жолдаған арызымен ғана емес, қалың оқырман қауымға арнап жазған уытты да ауыр шығармасымен осылайша өлтіре сынады. Екі үзіндіде де тұңғиық сыр жатыр. Қазір қайсыбір қаламгерлеріміз осынау нәубет тұсына ойша оралып, көркем шығармалар жаза бастады. Ал «Шұғыла» болса, өзінің танымдық, әшкерелеушілік мәнін әлі күнге жоймаған дүние. Тіпті қырық екі жылдан кейін бұрынғы қалпынан қысқартылып, қайта жарияланған нұсқасында да шығарма шиыршық атып тұр. Онда автор «Аз ескерту» жалғап, былай деген:
«Шұғыла» 1933 жылы жазылып, келер жылы жарияланған, бәйге алған әңгімем еді. Ескіргендігі көрініп тұрса да, сол бір тұстағы сорақылықтарды көрсетуге арналған жалғыз әңгімені мүлде жауып тастауды лайықсыз көріп, қырық жылдан кейін болса да қайта жариялауды дұрыс көрдім. Аздап өңделді, шұбалаңдау екен, біраз қысқартылды. Идеясы мен мазмұнына қол сұққаным жоқ».
Қажырлы қоғам қайраткерлерінің суреткерлігі мен күрескерлігін қоса дәлелдейтін дүниесіне ол міне, осылай қараған.
Шілденің шіліңгір ыстығы – тәнді, саясаттың аңызақ аптабы жанды шыжғырып тұрған әйгілі 1932 жыл. Күнмен бірге Ғабит Мүсіреповтің де жүрегі жанып тұр. Көңіл нала, жаны жара жазушы көп ойланып, көп толғанды. Аштықтың қатты шеңгелі бүріп, қан қақсаған халқына ара түсуге бекінген ол жазу столында отырды. Сол күні шілде айының бірінші жұлдызында дүниеге келген «Бесеудің хаты» араға бірер күн салып, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің алдынан бір-ақ шықты. Оның бір данасы Кремльдегі күн көсем атанған Мәскеудегі Сталинге де жеткен еді.
Бесеудің хаты. ВКП(б) өлкелік комитетіне, Голощекин жолдасқа, шілде 1932 ж.
«...Бүгінгі Қазақстан – бұл 163 миллион сомның тауарлы өнімін беретін 40 миллион малы бар өлке» – деп жаздыңыз, сіз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңістері» деген мақалаңызда.
Бірақ қазір, сіздің мәлімдемеңізден кейін екі жыл өткен кезде, Қазақстан мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кеміп кеткені әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлігі (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Мал басының осылайша қисапсыз кеміп кетуі тек байлар тарапынан ғана емес, сол сияқты малшы еңбекшілердің қалың бұқарасы тарапынан да малға немқұрайды, кейде тіпті зиянкестікпен қараудың салдары емес пе екен?
...Мал басы бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген мөлшерде кеміп кеткен (осыдан келіп мал шаруашылығы өнімдері де азайған), жаңа егінге дейін астық қоры мүлде болмай отырған қазақ колхоздарында қазіргі кезде колхоз саудасын өрістетудің материалдық базасы нақты не нәрсе, яғни Орталық Комитеттің колхоз саудасы туралы шешімін біз қазақ колхоздарында қазір қандай материалдық база негізінде жүзеге асырып жатырмыз?
...Қазақстанға қайта көшіп келіп жатқан, тірлік етерліктей тігерге тұяқ қалмаған қонысынан ауғандарға және кейбір аудандарда күні бүгінге дейін жаппай қырылып жатқан аш-арықтарға нақты көмек көрсету жөніндегі біздің көзқарасымыз дұрыс па?
Сірә, мыналарды істеу керек болар:
а) тұрғындар мен кедейлерге салық салынбасын, дайындау жоспарлары белгіленбесін, қайта сол кәсіпкерліктердің өнімдері кооперативтер арқылы тұрақты бағалар бойынша емес, колхоз базарындағы рыноктік бағалар бойынша сатуға рұқсат етілсін;
б) қайтып келіп жатқан қонысынан ауғандар мен ашыққандарға ақшалай емес, ұзақ мерзімді несиеге өндіріс құрал-сайманын, жұмыс көлігі мен сауын малын, үй қояндарын, құс және т.б. беру арқылы жәрдем көрсетілсін;
в) қайтып келіп жатқан қонысынан ауғандар мен шыққан жұрт орналасқан елді мекендерде астық, мал және мал шаруашылық өнімдерін дайындау орталықтандырылмасын, дайындаушы органдар мен кооперативтерге басы артық өнімді колхоз саудасы арқылы сату жөнінде оларға толық право берілсін;
г) Өлкелік комитеттің мал шаруашылығы жөніндегі 1930 жылғы 20-ақпандағы «Мал шаруашылықты аудандар астық пен мақта өсіруші аудандармен бірдей негізде жабдықталсын» деген шешімі жүзеге асырылсын;
...Барлық жерде еңбекшілер бұқарасының материалдық әл-ауқатын жақсартудың орнына І бесжылдықтың соңғы жылында көптеген қазақ және кейбір орыс аудандарында нағыз аштыққа тап болдық.
VII партия конференциясының ауыл шаруашылығы жалпы өнімін бағаға шаққанда 1932-1933 жылдары 1.333.7 миллион сомға дейін өсіру жөніндегі нұсқауы қаншалықты орындалғанын біз білмейміз, бірақ мұнда да олқылық бар деп ойлаймыз.
...Біз қазір қолда бар мал 5 миллион бас деген цифрға нақты келісе алмаймыз. Бәлкім, бұл деректер қайта есеп жүргізген кезде (үстіміздегі жылдың ақпанның басында) дұрыс болған шығар, тап қазір ол қате.
а) жемшөп қоры таусылуға жуық, биыл көптеген аудандарда таусылды да;
б) халықта (селода) мал өнімдерінің қоры да түгесілді;
в) астық жағы тіпті мардымсыз болды, мұның өзі малдың көп сойылуын үдетті;
г) үстіміздегі жылдың осы айларында ашаршылық бір ауданнан соң екінші ауданды, мекенжайларды жаппай жайлап, ашыққандар арасында өлім-жітімді көбейтті;
д) деревняда (ауылда) да, қалада да мал ұрлау, малды сойып тастау едәуір көбейді.
Осы жағдайлардың бәрі ақпандағы деректерді бүгінгі таңға едәуір кеміте түсті. Бұған қоса біз сол бағзы бір көзбояушылардың, бас айналдыратын секірістерге әбден құштарлардың қазірде де ұялмай-қызармай: «І бесжылдықтың аяғында Қазақстан СССР-дің қуатты индустриялы аймағына айналды...» деп қаулы алғанын көріп отырмыз.
...Голощекин жолдастың VII партия конференциясында осы асыра сілтеушілікті түзету жөнінде «әлі де бәрі істеліп болған жоқ» деген қаупі іс жүзінде ақталды. Осы себепті бұл кезеңдегі коллективтендіру ісінде қол жеткен табыстарды колхоз шаруашылықтарын сан жағынан да, сапа жағынан да нығайту арқылы жеткілікті түрде баянды ете алмадық.
...Біз былай деп есептейміз: қазіргі кезде ауылда жүргізіліп жатқан шаруашылық-экономикалық шаралармен бірге «солшыл» уклондарға мықты соққы беру, бүкіл партия ұйымын осы күреске кеңінен көтеру, партиялық-бұқаралық жұмысты кеңінен өрістету, жоғарыда көрсетілген аса елеулі қателіктер мен бұрмалаулар төңірегінде өзара сынды барынша большевиктік батылдықпен өрістету, өткендегіден үйреніп, келешекте қателіктерді қайталамау үшін осылардың бәрін бүкіл ұйым үшін, шын мәніндегі, тағылымға айналдыру қажет, өйткені осы «солшыл» уклонға, оңшыл нәтижелерге әкеліп соқтырған іс жүзіндегі осы троцкизмге өне бойы төзе беруге болмайды.
Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Алтынбеков, Қуанышев (ҚР Президенті мұрағаты, 141-қор, 1-тізбе, 5233-іс,79-92-пп Түпнұсқа)
Жыры бірнеше жылға созылған хаттың мазмұны осындай.
Бұл хат өлкелік партия комитетіне төтеннен түскен жасындай болды. Ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болған Голощекиннің жүргізіп жатқан саясатын, жүзеге асырып жатқан істерін күстаналау, оның беделін жоққа шығарумен барабар болып көрінді. Сондықтан да ол хаттың авторларын жұдырығына қысып, ақыры оларды бас сауғалауға мәжбүр етті. Бес жігітті бірінен соң бірін жауапқа шақырып, әрқайсысынан түсінік алады. Әсіресе бастаушы Ғабит Мүсіреповке қадала шұқшиысады. Бәрі де қателескендерін мойындап, «райдан қайтуға» мәжбүр болады. Әркім өз кінәсіне қарай әртүрлі партиялық жазаға тартылады, қызметтерінен босатылады.
«Біткен жеріміз осы болды деп ойладық, – деп айтқан екен Мүсірепов достарының біріне, – ол үшін, қылышынан қан тамған сол бір жендет үшін біздің өміріміз неге тұрсын».
Филипп Исаевич өлкелік комитетке Мүсіреповті шақырып алады.
– Сен өзі сондай қамқоршы екенсің, онда Торғайға тарт... Ол жақта ешқандай аштықтың жоқ екенін өз көзіңмен көр.
Сөйтіп, Ғабең ашыққандарға көмек көрсететін «төтенше өкіл» ретінде Қостанай округінің шалғайдағы Батпаққара ауданына ұзақ мерзімді «командировкаға» жіберіледі.
Ғабит – уәкіл
Ғабит Мүсіреповтің естелігінен:
«Қалтамда «төтенше өкіл» деген бір жапырақ қағаздан басқа түк жоқ. Пойызбен жарты Қазақстанды орап өтіп, бірнеше күнде Қостанайға жеттім. Округ басшыларына кіріп, келу жайын баян еткеннен кейінгі анықталғаны: биыл қыс қатты, қар қалың. Апталап, айлап соққан бораннан қатынас-байланыстың бәрі үзілген. Батпаққараның ашыққан халқына көмектесу үшін бергі жақта, Шолақсай деген жердегі глубинкаға жетіп, сонда құйылған тұқымдық тарыға рұқсат беру керек. Шолақсай Қостанайдан екі жүз шақырым. Мына толассыз боранда оған жеткізе алатын көлік жоқ.
Шаруашылықпен айналысатын адамдар әрі ойланып, бері ойланып, ақырында ондай көлікті тапты. Мұндай алыс жолға жарайтын әрі күйлі, әрі мықты ат округтік жоспарлау комиссиясында ғана бар екен. Бірақ оны алу үшін Зиновьевтің тікелей өзімен сөйлесу керек.
Ол қай Зиновьев дейсіз ғой! Кәдімгі Григорий Евсеевич Зиновьев. Партия мен үкіметтің Троцкийден кейінгі қас жауы. Сталинмен айтысып жеңілгеннен соң жазалау ретінде төмендетіліп, осы Қостанайға жіберіліпті.
Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, окружкомға Зиновьевтің өзі де келіп қалды. Үстінде котик жағалы қара пальтосы, басында дәл сондай қара құлақшыны бар, сырт әлпеті сыпайы, интеллигент кісі екен. Мені таныстырғаннан кейін пейіл білдіре сөйледі. Алматыдан бір жазушы келді дегенді естіп, өзім де көргім келіп еді дегендей рай танытты. Мұндағылар менің шаруа жайымды құлаққағыс етті.
– Жарайды, окриланға барып сөйлесейік, – деді бұл кісі.
Өзінің кабинетіне барғаннан кейін Алматының, жалпы өлкенің жайын сұрастырып, біраз сауалдар берді. Одан мәдениет жайына ауысып, жазушылар қауымына, ұлттық әдебиеттің жас өркендеріне ықылас білдірді. Ақыры ат-көлік мәселесін де шешіп берді.
Сонымен, біз жүріп кеттік. Қостанай мен Семиозердың арасы жүз шақырым болса, біз табаны күректей жеті күн жүрдік. Ол жерде жол дейтін ұғым атымен жоқ. Ат құлағы көрінбейтін боранда ат бауырынан келетін күртікті кешіп, күніне екі-үш сағаттай жылжимыз да қардан аққала соғып, ықтасын жасаймыз. Сонсоң атты ағытып, шанадағы азғана шөптен салдырамыз. Өзімізде алып шыққан азық бар. Қатқан нанмен суық колбасадан қаужап аламыз да, бой жылытқыштан аздап жұтамыз. Сондағы біздің жол бойындағы адастырмас қарасынымыз – бірінің соңынан бірі шұбырып келе жатып, құлаған жерінен тұра алмай қалған өліктер болды» («Халық кеңесі», 1992, 20 наурыз).
Мүсіреповке сұмдық жәйттерді көруге тура келген. Ол жүрген жолдың сол қапталында «бекеттегі мұнаралар секілді» мәйіттер бірінің үстіне бірі қатарлап жиналып, үстін қар басып қалыпты.
Жолсерік екеуі қалашықтардың бірін аралап көреді. Әр киіз нөмірленіп, тұтас көшелерді құрайды. Бәрі де қаладағыдай секілді. Кішкене көрсеткіш тақталар ілініпті:
«Құрамысов көшесі», «Ерназаров көшесі», «Рошаль көшесі», «Голюдов көшесі» – әр көше қазақстандық көсемдердің бірінің атында. Ал киіз қалашығының өзі «Жолдас Голощекин атындағы» деп аталады екен. Қалашықта бірде-бір адам болмаған, бәрі де өліп бітіпті.
Осыларды көрген Мүсірепов қасіреттен қан жұтқандай болады. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей сұмдық қырғынға дым болмағандай, мізбақпай отырған қужақ Голощекиннің мына әрекеті зығырданды қайнатады. Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ. Ол қазір ұлтшыл айдары тағылған – халықтың жауы. Голощекин қолын көтерсе болғаны торға түсері сөзсіз. Сондықтан іштен тынды, бәріне көнді.
«Бесеудің хаты» авторларының бірі, 1937 жылы «Халық жауы» деп қамауға алынып, өлім жазасына кесілген Мәнсүр Ғатаулин өзінің соңғы сөзінде:
«Мыналар халық жаулары емес... Жау менмін. Сондықтан да бір мені соттаңдар. Бірақ мен де халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен Кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды.
Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеме жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам: ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көзі ашық жатыр; бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр.
Айғай-шуды естіп сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма қарасам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеме пісіп жатыр. Қақпаны ашсам, қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді.
Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым». («Жалын», 1993, №7, 47-бет).
«Бесеудің хатының» негізгі авторы, жазушы Ғабит Мүсіреповті қыстың көзі қырауда қиян шеттегі Қостанайдың алыс түкпіріне іссапармен жіберген Голощекиннің ойы бесенеден белгілі болатын. Оның берісі «аштан қырылып жатқан халықтың ортасына айдап салып, «тентек жазушыны» тезге салып, тәубесіне келтірсін», әрісі «өзі де сол аштармен бірге өлмесе өрем қапсын» еді. Құдай сақтап, бұл азапты да ауыр, қиын да қатерлі сапардан Алматыға аман-сау оралды.
Бұл – жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзінің саналы ғұмырындағы халқы үшін жасаған бірінші ерлігі еді.
«Бесеудің хаты» үшін Ғабең тартқан жазаның бір парасы осындай екен. Бірақ көп ұзамай Голощекин босатылып, орнына Л.И.Мирзоян келеді де, республика өмірі жақсылыққа қарай күрт өзгере бастайды. Сол тұста, 1933 жылдың жазында болған Өлкелік партия комитетінің пленумында «Хат» авторлары ақталып, артынан Ғабең «Социалды Қазақстан» газетіне редакторлық қызметке жіберіледі.
Сонымен Ғабит Махмұтұлы жауапты журналистік қызметке кірісіп, айналасына Бейімбет Майлин сияқты көрнекті қаламгерлерді топтастырып, алаңсыз жұмысқа берілгендей болып еді. Сөйтсе, бұл әншейін кемді күндік талас қана екен. Бұрынғы жамалған айып-кінәлардың бәрін қайта тірілтіп және бірнеше есе зорайтып, шын зобалаңды ала келген 1937 жылдың сұмдықтары күтіп тұр екен. Бұл нәубет халықтың ең аяулысы мен ардақтысынан басталды да, қуғын-сүргіннің құрығын алдымен соларға салды. Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды арыстарымызға қарсы баспасөз бетінде қаскөй екі науқан ашылып, оның аяғы тура абақтыға апарып тығатын талқылауларға ұласты.
Бұл кезде Көркемөнер істері жөніндегі комитетті басқарып жүрген Ғабең өзінің талай жылдар сыйлас, сырлас бола жүріп, ақтығы мен пәктігіне әбден көзі жеткен Би-ағасы осындай талдауға түсіп жатқанда шыдамады. Шырылдап араша түсті. Әбден күйініп кеткен бір тұста: «Бейімбет жау болса мен де жаумын», – деп салды. Сол-ақ екен, жылдар бойы аңдаусыз басқан әрбір қадамы жіпке тізіліп, баяғы ескі әңгімелердің бәрі жаңғырып келіп, қара пәледей төнді-ау дейсің басына. Баяғы «Тулаған толқында» және «Бесеудің хаты», соларға жаңа айып-кінәларымен келіп қосылған «Шұғыла», оның колхоздастыру саясатына тікелей қарсы бағытталған дұшпандық мазмұны үйіп-төгілді-ай келіп. Сөйтіп, 1938 жылдың бір күнінде Ғабит Мүсірепов қызметтен де алынды, партиядан да шығарылды. Оның жиырма жыл бойғы саналы өміріне нүкте қойылды.
Бірақ абақтыдан аман қалды. Ал абақтыдан аман қалғаны атудан аман қалғаны еді. Бұл Ғабеңнің туралап келген ажалдан екінші рет құтылуы болатын.
Ғабит Мүсіреповтің жазушылық көзқарасындағы батылдығын, өмір құбылыстарын боямалауға бармайтындығын дәлелдейтін айғақтар толып жатыр. Солардың бірі – «Желкелер неден қышиды?» (1944) очеркі. Бұл туынды баспасөзде жарияланысымен-ақ солақай сынның соққысына ұшырады. «Бұл очерк – басынан аяғына дейін идея жағынан қате, зиянды очерк. Сонымен қатар, мұндағы айтылғандар бүгінгі өмірімізге, таңдаулы адамдарымызға жабылған жала», – деп қорытты сыңаржақ сын. Анығында очеркте театрдың ішін көргендердің бойын билеген сезімдер шынайы қалпында суреттеледі. «Сол кестені ойып көрген, сол аяқ қапты керегенің басына, тұскиіздің тұсына іліп көрген адам іші жылынып кеткендей, театрдың өрнегінен көзін ала алмай тұрып қалыпты», «Киіз үйді бәріміз де құртып алдық қой!..» – деп күрсінген дауыс әр жерден шығады» дейді автор. Мұнда қандай қателік, жала бар?!
1949 жылғы 20 ақпанда ардагер-жазушы Сағынғали Сейітовтің атына жолдаған хатында Ғабең «Желкелер неге қышиды?» жайындағы сынға тоқтала келіп: «Бұл жала сөз!» деп түйіпті ойын. Шынында да, абзал Ғабең халқымыздың ежелгі ұлттық дәстүрлерін ұмытпауға, қорғап, қастерлеуге шақырған еді.
Ғ.Мүсіреповтің күрескерлік келбеті әдебиет тілінің тазалығы саласында әрдайым өміршең де өткір ойлар қозғап, оған ұдайы қамқорлық жасауынан да айқын көрініп отырады. Мақалаларында да, арнаулы баяндамасында да ол қазақ тілінің байлығын игеру, оны ұстартып байыту жөнінде ұлағатты пікірлерін ортаға салып, әлеумет назарын аудара білді. «Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы қайырылады да, айтайын дегенің құлаққа көнбейді. Абай айтқандай, көңілдегі көрікті ойың айтуы келіспесе, түкке тұрмай қалады», – деп қорытқан еді атақты сөз зергері.
Ғабеңнің он сегіз жылы
1938 жылдан былай қарай Ғабеңнің сырты тыныш өмірін іштей бір мазасыздық билеген, сол мазасыздық ешуақытта толастамай, әрдайым ызыңдап, республика басшылығында өзгеріс болған сайын мұны қайтадан қозғап, жаңа бір үміттің елесімен емексітіп, дәмелендіріп, өзін-өзі рухани дағдарысқа салып отырған кезең басталады. Анықтаңқырап айтсақ, республикада партияның бірінші басшысы өзгерген сайын арыз жазып, өзінің партиялық мәселесін қайта қарауды, сөйтіп, өзі жөнінде жіберілген әділетсіздікті түзетіп, партияға мүшелігін қалпына келтіруді өтіне берген.
Осындай арыз алғаш рет Н.А.Скворцов атына, одан кейін Г.А. Борков, Ж.Шаяхметов аттарына жазылған. «Соның әрқайсысында өтінішін жаңа бір қисынмен негіздеп, партия ісіне адалдығын барынша дәлелдеп, таусыла жазған сөздерін тебіреніс-толқыныссыз оқу мүмкін емес еді, – дейді өзінің естелігінде байырғы партия қызметкері Жұмағали Ысмағұлов.
Ғабеңнің ең соңғы үміті, ең соңғы ышқынуы 1954 жылы П.К. Пономаренко атына жолданған арызда бейнеленген. Бірақ оның нәтижесі де бұрынғылардай. Орталық Комитеттің жанындағы парткомиссияның бір мүшесі ерекше әпербақандық көрсетіп, бұрынғы құжаттарда айтылып келген айып-кінәларды барынша мұқият тізбектеген де, Ғабит Мүсіреповтің алдынан Коммунистік партияға оралар жолды біржола жапқандай үзілді-кесілді үкім шығарған.
Сөйтіп, Ғабеңнің партиялық абырой-беделін қайтарып алу жөніндегі үміті сонымен біржола сөнеді де, ол енді арыз жазуды тоқтатады. Ішкі жан дүниесі өзінің дегенін істетпей қоймайды. Мүсірепов енді Коммунистік партияның мүшелігіне кандидат болып жаңадан кіру жөнінде тілек білдіреді. Бұл тілек қабыл алынады. Сол-ақ екен, қазақтың белгілі жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов қайтадан номенклатураға алынады, жаңадан ұйымдастырылғалы жатқан сатиралық «Ара» («Шмель») журналына бас редактор болып тағайындалды.
Қазақстанның Халық жазушысы, сол жылдары Жазушылар одағы партия ұйымының хатшысы Әлжаппар Әбішевтің естелігінен: «…Ғабит Мүсіреповтің өміріндегі үш фактіге ой жіберіп қараңыздаршы. Осынша ауыр, осынша қат-қабат соққыны ол не үшін көрді? Біріншісін халқының мұңын жоқтағаны үшін, екіншісін халқының жазықсыз күйген аяулы перзентінің ажалына араша түскені үшін, үшіншісін халқының жоғалып бара жатқан сәулетіне жоқшы болып, дабыл қаққаны үшін. Осы үшеуі үшін он сегіз жыл бойы шала-жансар күйде жүрді. Қандай ауыр күйде жүрсе де, бір қайысқан жоқ, қаламын бір тастаған жоқ. Ең кереметі, қадіріне қылдай қаяу түсірген жоқ. Сондықтан да ол дегеніне жетті.
«Сондықтан да» деген сөзді шіреңкіреп айтуымның мәнісі – Ғабеңнің кейінгілерге мирас болып қалатын, тіпті бәріміз бірдей шетімізден қанымызға сіңіріп алатын ең асыл, ең қымбат өнегесі осы азаматтығы еді» («Жетісу», 1992, 20 наурыз).
Бұл оқиға 1985 жылдың 28 желтоқсанында болған еді. Ғабең «қалам ұстауға халі болмағандықтан Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Мағауинге айтып жаздырған» сол соңғы хат – соңғы ерліктегі сом алтын сөз. Ақирет сапарына аттанып бара жатқан сәттегі ақырғы тілек мынау:
«Туған елге соңғы сөз. Кешегі өткен Ғабиден досқа: «Енді екі жыл жүрсең жетпей ме?» дегенім бар еді. Сол мөлшерім мөлшер екен. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына міне, мен де кеткелі жатырмын. Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам, қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде, саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың – алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиеті атынан, өздерің қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы…
Ал қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, қош, қош болыңдар!»
Бұл өзінің бүкіл саналы ғұмырында қара басының емес, халқының қамын ойлап өткен, ұлттың рухын көтерген жазушы Ғабит Мүсіреповтің үшінші – ең соңғы ерлігі еді». («Қазақ әдебиеті», 2004, 27 тамыз).
Ғабит Мүсірепов тарихтың шешуші кезеңдерінде жаңа заман үшін белсенді күрес жүргізген, жаңа әдебиет пен мәдениеттің негізін қалаған үркердей жұлдыздарымыздың шоғырынан өз орнын алған санаулы суреткерлеріміздің бірі де бірегейі. Қалт етпес қаламымен алпыс жылдай қызмет еткен біртума дарынның, алыптар тобының ақырғы дарағының, бедел тұтар классигіміздің мәңгі жасайтын мұрасы бүгіннің ғана емес, болашақтың да кәдесіне асатын, келер ұрпақтың да ғибрат алуына әбден татитын, кір шалып, тот баспайтын қазына.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор