Құжатты қалпына келтіру құқықтық тұрғыдан қиын емес
Құжаттың жоғалуы біраз әуреге салатыны рас. Әсіресе, ол жылжымайтын мүлікке қатысты құжат болса жауаптылықтың еселене түсетіні күмәнсіз. Мұндай жағдайда абыржудың қажеті жоқ. Өйткені, бүгінгідей электрондық қызмет жетілдірілген заманда кез келген құжатты қайта қалпына келтіру үлкен қиындық тудырмайды.
Тек оның заңды жолын білу маңызды. Әрине, құжаттарды қалпына келтіру ұзақ уақытты алатын, әбігері көп жұмыс. Дегенмен, қажетті қағаздың жоғалғанын біле салысымен құзырлы орындарға жүгінген дұрыс. Кейбір құқықты қалпына келтіру құжаттары 5 жұмыс күнінде дайын болса, кейбірін мұрағаттан алу үшін апта жоғалтуыңыз мүмкін. Ең бастысы, құжатты бүлдіру мен жоғалту жылжымайтын мүлікке иелік ету құқығыңызды шектемейтінін ұмытпаңыз.
Құжаттар жоғалған жағдайда дубликатын алу үшін бірінші «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығы мен нотариалдық кеңсеге жүгінеді. Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңына сәйкес, құжаттың түпнұсқасы жоғалған не бүлінген жағдайда әділет органдары құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру көрсетілген құжаттың тіркеу ісінде сақталатын көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі.
Егер тіркеу ісінде электрондық құжаттың тек қағаздағы көшірмесі болса, құқық белгілеуші құжаттың телнұсқасын нотариус береді.
Ережеге сәйкес, мұндай құжат тек иесіне немесе сенім берілген өкілге тапсырылады. Әуресарсаңға түспеу үшін азамат
тарға жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарға ұқыпты болып, келеңсіз жайға түскісі келмесе кез келген құжаттың нотариуспен бекітілген көшірмесін бірге жасап сақтау қажет. Тіпті болмаса құжаттарды сканерлеп қойған абзал. Бұл құжатты қайта қалпына келтіру жұмысын жеңілдетеді.
Ж.УТЕГЕНОВ,
Алматы қалалық әділет
департаментінің ауыртпалықты
тіркеу және мұрағаттау бөлімінің
басшысы