Қазақ-түрік лицейлері жабылуы тиіс пе?

Қазақ-түрік лицейлері жабылуы тиіс пе?

Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык еліміздегі қазақ-түрік лицейлеріне қатысты ашып айтпаса да, шұғыл шара қолдану керек екенін айтты. Дипломатия тілінде бұл лицейлерді жабу керек деген талапты меңзеп тұрғанын аңдау қиын емес. Жалпысында бұл Түрік үкіметі тарапының Қазақстандағы және жалпы әлемдегі түрік лицейлері жүйесіне шүйлігуі бірінші рет емес. Қазіргі Түркия билігінің талап етуімен әлемнің көп елінде, нақты айтқанда, Габон, Сомали, Нигерияда, Эфиопия т.б. елдерде жабылғаны да рас. Талап ету басты себебі, Түркияда және кей елдерде беделі зор діни қайраткер, оппозиционер, бүгінде Америкада бас сауғалап отырған Фетһулла Гүлен есімімен байланыстырылады. Өзбекстанда тіпті, бұл оқу орындары сонау 1999 жылы жабылған. Соған қарамастан қазірде әлемнің 140-тан астам мемлекетінде түрік лицейлері сәтті жұмыс істеп жатыр. Лицейлерді жапқан көбіне тұрмысы төмен Африка мемлекеттері және олардың экономикасы Түркияға қатты тәуелді екені түсінікті. Ал біздегі жағдай сәл өзгешелеу...

Тарихқа үңілсек, расында да Гүлен салған сара жолмен ашылған бұл лицейлер 1992 жылы екі елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғұт Өзалдың келісімімен ашыла бастағаны есте. Гүленизмнің басты идеясы, дін мен білім беруді зайырлы қоғамның салтымен үйлестіре отырып, сапалы деңгейге шығару еді.
Жер-жаһанда білім саласындағы өз идеяларын батыл енгізген Ф. Гүлен мектептер ашуға неге ынталанды? Мұның астарында қандай саясат жатыр?- деген сауал көптің көкейінде шығар. Жаһандық желіде жүрген сұхбаттарының бірінде бұл миссиясының себебін ол былай ұқтырады: «Алдыма келіп, сұрағандар талай болды: «Мен Құранды оқытатын курстар ашсам қалай қарайсыз? Әлде, мешіт ашсам ба?»- дейді. Мен оларға: «Түркияда мешіт жеткілікті ғой, одан да мектеп ашыңыздар, өйткені, барлығының негізінде тек білім жатыр. Надандық, кедейшілік, адамдар арасындағы түсініспеушілік, араздықты тек білім арқылы ғана жеңуге болады». Осы ойларым көңілдерінен шыққан адамдар 1991-92 жылдары әлемнің әр қиырында мектеп желісін ашуды қолға алды. Менің құзырымда тек осы идеяларды конференциялар, баспасөз беттері, кітаптарым арқылы дүниежүзіне тарату болатын». Бұл идея сол кездегі Түркия президенті Тұрғұт Өзалға да ұнаған, әрі ол толық қолдаған.
Осы себептен де түрік лицейлері жүйесіне о бастан тағылып келе жатқан айыптың бірі - шәкірттерінің шектен тыс түркіленіп, діни тұрғыда білімдене бастауы болатын. Шынтуайтына келсек, расында да лицейлер алғаш ашыла бастаған кезде түрік лицейлері шәкірттерінің жаппай намазға жығылып, түрік тіліне ден қоя бастауы, бір-біріне «аға» емес, «аби» деп қатынасуы, аракідік түрік елінің әнұранын шырқауы, түріктік тұрмыс салтын ұстануы Гүленизм ықпалының нақты айғақтарындай әсер қалдыратын. Алайда Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек екенін ескерсек, Қазақстан үкіметінің талабымен жылдар өте келе лицейлердегі білім мен дінді сабақтастыра оқыту үрдісі бірте-бірте сейіле берді.
Бұл барлық елде дерлік солай болды. Мәселен, Түркменстанда білім беру органдары түрік лицейлерінің оқу бағдарламасынан дін тарихы пәнін алып тастауды міндеттеді. Көрші Өзбекстан лицейлерді жауып, қатаң шара қабылдады. Алайда Өзбекстандағы лицейлердің жабылу себебі қазіргі Түрік үкіметінің талабына еш байланысы жоқ болатын. Керісінше, 1999 жылы ресми Тәшкент сол кездегі Түрік билігімен қатынас арасы нашарлап тұрған кезеңі еді. Яғни, бұл тек дипломатияның мәселесі.
Лицейлердегі дінге қарай ойысудың себебін «Katev» халықаралық қорының тәрбие ісі және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі вице-президенті Нұрбол Төлебаев былай түсіндіреді:
«Ия, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізге Түркиядан келген түрік ұстаздар арасында намазға жығылып, дінін қатты ұстанғандар болғаны рас. Олар мұнда келгесін жағдай Түркиядағыдай шығар деп ойлап, балаларға діни тұрғыда сауат аштыруға ұмтылғаны да жасырын емес. Алайда, уақыт өте келе біздегі білім және ғылым министрлігінің ұғындыруымен, талап етуімен діни тұрғыда білім беру сап тиылғаны шындық. Ендеше қазірде ондай еш мәселе тұрған жоқ. Лицей қабырғасында діни білім берілмейді. Көбіне лицей бітіргесін ғана барып, бала өзі ата-ана ақылдасуымен ғана өз еркімен діни жолға бет бұруы мүмкін. Біз өз тарапымыздан күштеп ешкімге таңбаймыз. Одан кейін лицейімізде Фетхулла Гүленнің ілімі оқытылмайды, кітабы да оқытылмайды. Енді ол кісі мектеп ашу туралы идея тастағанымен, әлемнің әр еліне барып, мектеп ашып жатқан жоқ қой. Ендеше Гүленнің ықпалында деп айту қаншалықты қисынды? «Katev» қорымыз да аты халықаралық болғанымен Қазақстанда әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген. Ешқандай да ол шетелдік қор емес». Қазақстан үкіметінен тыс қаржы көзі бар ма? - деген сауалымызға, мырза: Бізде ақылы «Нұр Орда» мектептері бар, жекеменшік мектептеріміз бар. Сол жерден келген ақшамен біз қайтадан білім саласына жұмсап, бізде істейтін мұғалімдерге «Kаtev» қосымша стипендиясын тағайындаймыз. Яғни, мұғалімдер мемлекеттен жалақы алса, қосымша ынталандырмақ ниетте үздік ұстаздарымызға ақша төлейміз. Әр мұғалімге 30 мың теңгеден бастап, 230 мың теңгеге дейін үстемақы тағайындалады. Ақылы мектептен алынған ақша қайтадан білім саласына жұмсалып отыр. Біздің ұстаздар әлбетте оған лайық. Өйткені, олардың арасында Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп келгендері бар, шетелдік мықты оқу орындарын, тіпті Назарбаев университетін бітіріп келгендері де бар. Ол ұстаздарды ұстап тұру үшін осындай қосымша қаржыландыру тетіктері керек».
Әлбетте, білім саласындағы кез-келген эксперименттің жанында кемшіліктері қоса жүретіні рас. Бұл салаға өз басым әуесқойлық емес, 8 жылдан бері университетте дәріс беріп келе жатқан, кандидаттық ғылыми дәрежесі бар маман ретінде қараймын.
Менің пайымымда тәуелсіздігінің алғашқы жылдары-ақ елдің білім саласының алдында жаңа сын-қатерлер (challenge) тұрды. Кеңес одағынан ірге ажыратқан елге егемендіктің қағидатына сай өзінің дербес білім беру жүйесін құру мәселесі көлденең тұрды. Ол үшін Кеңес Одағы заманында білім мен тәлім алған мұғалімдерге, тұтастай мектеп ұжымдарына шетелдік білім жүйесінің тиімді баламасы керек болды. Дәл осындай балама ретінде түрік лицейлер жүйесі қарастырылды. Сол тұрғыдан алғанда лицейлер ашылған 20 жылдан аса уақыттың ішінде лицейлер жүйесі өте тиімді балама болғанын мен ғана емес, білім саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздар да мойындайды.
Оған дәлел ретінде сөзіміз жалаң болмас үшін санайғақ келтірейік. 1995-2016 жылдар аралығында еліміздегі лицейлер шәкірттері түрлі білім додаларында барлығы 15 156 медаль иеленіпті. Бұл медальдар санының үштен біріне лицей шәкірттері тек соңғы үш жылда қол жеткізіпті. Мұндай көрсеткішке елімізде бірде-бір білім жүйесі көрсете алмағаны тағы рас. Қазақстандағы Кеңес Одағынан мұра боп қалған білім жүйесіне балама ретіндегі лицейлер желісінің тағы бір ерекшелігі көптілділікті енгізуі еді. Қазірде елдегі саясатқа орай көп айтылатын үш тұғырлы тіл мұнда 90 жылдардың басында-ақ енгізіліп қойған. Нәтижесінде, лицей түлегі қазақ, ағылшын, орыс тілдерімен қоса, түрік тілдерін меңгеріп шығатыны басты ерекшелік еді. Еліміздегі орыс тілінде оқытатын мектептер түлектеріне мемлекеттік тілді 25 жылда да меңгерте алмай жатқанда түрік лицейлерінің мысалы тиімді балама болды деген уәжбен келіспеске лаж жоқ. Оның үстіне бұрынғыдай емес, «Katev» қоры вице-президентінің айтуынша, түрік тілі негізгі пән емес, факультатив ретінде ғана оқытылады екен.
Бүгінде елімізде бар 27 қазақ-түрік лицейі Қазақстанның білім беру стандартына сәйкес оқытып жатыр. Бұл да өте маңызды. Бұл стандартқа сәйкес отандық білім беру бағдарламасы көзделеді. Әрбір білім беру бағдарламасында сол елдің тұтас идеологиясы жататынын әмбеге аян. Ендеше лицейлер алғаш ашылғанда Түркияға қарай, бұра тарту болған шығар, алайда бүгінде олардың елдік стандартқа қарай оқытуы ҚР Білім және ғылым министрлігінің және жергілікті білім басқармаларының бақылауында.
Қош, бүгінгі қазақ-түрік лицейлері 90-шы жылдары алғаш ашылғандарымен салыстырғанда жер мен көктей. Ұқсастық тек жетістіктерінде ғана шығар. Жасырары жоқ, бүгінде ҚТЛ еліміздегі оқу ордалары арасында білім жетістіктері жөнінен алғашқы орында. Елімізде жұмыс істейтін 27 лицейдің көпшілігі өз деңгейінде сапалы жұмыс істеп жатыр. ҚР БҒМ мәліметіне сәйкесі, тек осы жылдың ҰБТ нәтижесінде барлық лицейлер еліміздің «ең үздік 100 мектебі» тізіміне еніп отыр екен. Лицейлерде 1194 ұстаз қызмет етсе, оның тек 94 ғана Түркия азаматтары, қалғаны Қазақстан азаматтары. Еліміздегі қазақ-түрік оқу ордаларының жұмысын үйлестіретін «Katev» халықаралық қоры:
«ҚТЛ мен «Katev» қорының шетелдік елдермен, үкіметтермен және ұйымдар мен жеке тұлғалармен еш байланысы жоқ» деп мәлімдеді. Осыларды ескере келе, ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақ-түрік лицейлері елімізде өз жұмысын жалғастыра беретіні туралы ресми мәлімдеме таратты». Осы орайда ойды ой қозғайды. Ендеше еш елмен байланысы жоқ болса, шетелдік ұйыммен байланысы жоқ болса, ҚТЛ атауын өзгертетін кез келген шығар. Бұл жөніндегі ойын белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым фэйсбуктегі парақшасында білдірді: «Қазақ-түрік лицейлері қазақтың мемлекеттік мүддесіне, болашағына істеп жатыр. Мемлекеттік стандартпен. Егер біреулердің тақиясына тар келсе, онда оларды «Алаш лицейлері» деп аталық. Алаш қазақтан да кең ұғым. Алдағы жылы Алашорданың жүзжылдығы да келе жатыр дегендей. Айдос Сарым мырзаның айтуында негіз бар. Лицейлердің атын өзгерту тәжірибесі көршілес Ресей мен Әзірбайжанда бар. Бәлкім, осыдан кейін түрік лицейлерін қазақ-түрік лицейі деп емес, қазақ техникалық лицейі деп өзгертсе де қолайлы болар.
Түйін. Егемендігіне 25 жыл болған Қазақстанның білім беру саласы әлі де ізденіс үстінде. Бұл саладағы барлық шетелдік тиімді тәжірибе елімізге жақсы үлгі екені дәлелдеуді қажет етпейді. «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізуде ҚТЛ жүйесі тиімді мысал болғаны еш жасырын емес. Қазір еліміздің оқу ордаларына ағылшын тілін енгізу тиімді жүзеге асып жатыр. Қазақ-түрік лицейлері түлектері арасынан 80 бапкер іріктеліп, еліміздегі мұғалімдердің біліктілігін көтеріп, ағылшын тілін үйретіп жатыр. Ендеше салыстырмалы түрде айтса, тәуелсіздік жылдары бұл білім шаңырақтарының зияны аз, ал пайдасы көл-көсір болды десек шындықтан қағыс кетпейміз. Бұл орайда басты екпін мемлекеттік тіл - қазақ тіліне берілетіні қуантады. «Katev» қорының ұйымдастыруымен биыл сегізінші жыл «Жарқын болашақ» атты қазақ тілінен олимпиада өткізіліп жатыр. Оған ел бойынша 5000 жуық бала қатысады. Ол білім додасында ең үздік шыққан шәкірттер еліміздің оқу орындарына қазақ тілі филологиясы мен журналистика мамандығы бойынша грант беріледі. Осылайша қазірге дейін қазақ тілі мен қазақ журналистикасына 154 грант бөлінген екен.
bnews.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста