Есеппен некелесудің ертеңі

Қоғамның негізі - отбасы. Ал отбасының негізі - әйел мен ерінің татулығы, бір біріне деген мейірімділігі мен қамқорлығы. Өміріміздің жалғасы балаларымыздың алғашқы мектебі де өзін дүниеге әкелген ата анасының қарым қатынасы мен жан ұяның қалай қалыптасқаны емес пе? «Ұяда не көрсе ұшқанда соны алып ұшады» деген сөз осыған байланысты айтылса керек. Ал, бақытын бақай есептен іздеп, шаңырақ шаттығын шотқа салып шарттасып неке құрған жан ұяда дүниеге келген баланың көзін ашып көретіні есеп-қисап болса ұядан нені алып ұшады? Мейірімі аз, жүрегі мұз, бүйрегі без болып өспесіне кім кепіл?


«Отан отбасынан басталады» деген сөзді жиі айтамыз. Отанымыздың ішкі бүтіндігін, береке-бірлігін ойлағандықтан болар. Негізі татулық, мейірімділік, қамқорлықпен қаланған отбасы ұрпағының жаны, тәні сау болып өсетінін жақсы білеміз. Өкінішке орай есепсіз есінемейтін мына нарық заманында есеп-қисап үйлену мәселесіне де келіп жеткен сияқты. . Қыздардың абы­рой – беделінің түсіп кетуі, аққу дегені қаз, сұңқар дегені қарға болып алданып қалғандардың өкініші, тас­тан­ды балалардың көз жа­сы амалсыз неке шартына итермелеген шығар деп өзімізді сендіргіміз келетіні де жасырын емес. Бірақ, шарт деген сөздің өзі күндердің күнінде шарт сынады дегенді сездіріп тұрған, сенімсіздіктен туындаған секемі көп дүние сияқты.Жарымен өткізер бақытты болашаққа деген үмітінің жібек жібі шаңырақ көтермей жатып үзіліп, жамандықты өздері шақырып тұрғандай. Үйленбей жатып ұтылып қалмайын деп үрейленгендерді көргенде базарда жүрген бір ұрының жанынан өтіп бара жатқан адамға қарап «Мынау менің бірдеңемді ұрлап кетпесін» деп ойлағаны еске түседі. Өзі ұры болған соң елдің бәрін ұры көретіні сияқты болашақ жарынан күдіктеніп неке шартына отырайық деп жүрген жанның өзі жар сүйіп ,шаңырақ көтеруге дайын емес болуы мүмкін.
Дәстүрлі қазақ қоғамында барлығы ғашық болып үйленген десек әрине өтірік болар еді. «Қатын алма ,қайын ал», «Шешесін көріп,қызын ал», «Теңін тапса, тегін бер» деген сияқты ескертпелер ғасырлар елегінен өтіп бізге жеткен бабаларымыздың есеп-қисабы емес деп қалай айта аламыз. Осылай ескерте келе «Азамат екеніңді біліп өлген ажал тәтті, ақ некеден туған бала тәтті» дейді. Енді қараңыз «мен саған осындай-осындай жағдай жасаймын сен маған екі бала тауып бересің» деп үйленетіндер бар. Сонда бұл ақ, адал некеге жата ма? Есеп қисаптан туған бала тәтті бола ма? Жаратушы оларға бала бере ме? Берген күннің өзінде сезімнен емес келісімнен туған баланың қолына калькулятар ұстатып дүниеге әкелмесіне кім кепіл? Бұл сауалдарға бір ауыз сөзбен бір жақты жауап беру қиын. Менің білетінім есепті жақсы меңгерген бала ата –анасы қартайған шағында еш пайдасы жоқ екенін жақсы есептен шығарады. Нәтижесінде қарттар үйінің тұрғыны болатындығы еш күмәнсіз.
Некеге байланысты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан шарттың бірі, басты шартымыз немесе басты арманымыз текті жермен құда болу. Балпық би бабамыз «Көріп бетті қыз алғанша, көрмей текті қыз алған артық» деген екен.Өйткені ұрпағының дұрыс болуы алған жарына көп байланысты екендігін білген. Өкінішке орай бүгінде текті деген ұғымды бай деген бақай есепке ауыстырып алдық. Бар жермен, бай елмен құда болсақ деп армандап жүргендерді көрдік. Ата-анасы осылай тәрбиелеген балаға саған неке шарты не үшін керек деп түсіндіре алмайсың. Ақымаққа ақыл айтсаң атаңның басы дегеннің кері келеді. Рухани байлықтан қадір кеткелі қашан.
Шынайы сезімнің орнына «Туысқаның, достарың — бәрі екіұшты, 
Сол себепті досыңнан дүшпан күшті» деп Абай айтқан екіұшты сезімнен құрылған, секемі көп ,сенімі аздау некенің досынан дұшпаны көп болатыны анық. Ал, біз білетін, құрметтейтін, адал,ақ неке жайында «Неке – махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып, араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді» дейді Бейімбет Майлин «Талақ» деген әңгімесінде. Некелі жолмен дүниеге келген бала да мейірімді, рахымды, шапағаты мол, ел қамын ойлайтын жүзі жарқын жан болып өседі.
Осы жерде дінге де бір ден беріп көрейікші. Қасиетті Құранда ( «Нұр» сүресі 32-33-ші аят): «Араларындағы бойдақ құлдарыңмен күңдеріңді үйлендіріңдер. Олар кедей болса, Алла тағала өз жомарттығымен байытады» деп Жаратушы уәде беріпті. Қарап тұрсаңыз байлар ғана үйленсін демеген. Кім маған арқа сүйеп үйленсе байытып аламын дейді. Олай болса отбасын құрғандағы келісім шартыңыз сіздің жағдайыңызды жақсарта ала ма? Екінші қыры сіздің келісім шартыңыз дүние байлығына ғана бағытталған. Ал Алланың айтып отырғаны рухани байлық. Адам баласы дүние жоқшылығына рухани кедейліктен кейін барып ұрынады. Шаттанып емес, шот қағып жүріп шаңырақ көтеру, кеңесіп емес келісім шартпен кереге керу сол рухани кедейліктің жемісі.
Үйде қартайған әке шешем бар соларды күтесің немесе болашақта маған екінші әйел алуға рұқсат бересің деген сияқты талаптар қоюға болады. Ал ішетін тамағын, киетін киімін, мінетін көлігін, дүниеге келетін баласын, қорадағы малын есептеп шарттасып үйлену болашағына сенімсіз, азғындықтың алғашқы баспалдағында тұрған ақымақтардың тірлігі.
Осындайда Абай атамыздың «Бір сөз үшін жау болып,Бір күн үшін дос болып,Жүз құбылған салт шықты» -дегені еске түседі. Бір сөз үшін талағы тарс айырылып «талақ» деп әйелін тастап кететін некенің жүз құбылып жүгенсіз кеткен тұстарын да көріп жүрміз. Соның ішінде не Құдайдың, не үкіметтің есебінде жоқ «азаматтық неке» деген шықты. Аты әдемі, ал затына зер салып көрсеңіз азаматтықтан садаға кеткір деп айтқың келеді. Некеге ешбір қатысы жоқ зинаның бір түрі. Ең өкініштісі осылардан некесіз бала дүниеге келіп жатыр. Мүмкін Құбыламыз Мекке емес батыс елдері болып,бағытымызды соларға қарап түзеп, теледидардан күні бойы күйеуінің көзіне шөп салу, некесіз бала туу, есі кетіп сүйісу тағы басқа да жанымызға жат дүниелерді насихаттап жүргеніміздің нәтижесі шығар.
Жалпы қазақ халқының ешкімге еліктемей-ақ қыз ұзатып, ұлын үйлендіруде ежелден қалыптасқан жақсы дәстүрі бар. Шартпен үйлену деген мына өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан қазақ халқының басына түскен тағы бір сынақ қана. Римнің атакты ойшылы Сенека Луций «Біздің жанымызды қинаған қиянаттан емделуге болады, жалғыз ак біз емделуді қаласақ, түзелуге бет алсақ» дейді. Жақсы дәстүрлерімізді тәрк етіп ұлттық ділімізге жат өзгенің күлімсі сасыған салтын тықпалаған тәйтіктерге тәйт деп түзелуге бет алсақ бұл сынақтан да сүрінбей өтетініміз кәміл.

Жұмахмет Жанахметұлы
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста