Ақтөбеде нанның ішінен қолданылған мүшеқап табылды. Туралған нанда түйілген мүшеқаптың салбырап тұрған суреті әлеуметтік желіде көптің жағасын ұстатты деп хабарлайды өңірдің NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының Қобда ауылының тұрғыны адам шошырлық жағдайдың куәгері болды. Тұрғын атасы мен әжесі сатып алған нан ішінен шыққан мүшеқаптың суретін әлеуметтік желіге салып, көпті сақтандырып жатыр.
«Бұл әзіл емес. Кәсіпкерді қасақана қаралап та отырған жоқпыз. «Қобда жер» ЖШС шығарған нанды атам мен әжем сатып алып келді. Үлкен кісілерге жалған ақпарат керек емес. Олар алғашында пакет қиындысы деп ойлаған. Ал ішінен шыққан затты көргенде шошып қалды», – дейді әлеуметтік желіге қорқынышты суретті салған тұрғын.
Автор отбасы мүшелерінің қазір тамаққа жиіркенішпен қарайтынын айтқан. Олар бұл жағдайды суретке түсіріп тексеру мекемелеріне арыз түсірген.
Ыңғайсыз заттың ас ішінен табылуы Ақтөбеде бірінші рет тіркеліп тұрған жоқ. Бұған дейін ұн ішінен әйелдердің гигиеналық төсеніші табылған.
nur.kz