Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіздіктің маған және менің отбасыма бергені мол. Азаттық алмай тұрған жылдары Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа түскен болатынмын. Сол кезде жергілікті биліктің тарапынан құқай көріп, мен депутаттыққа өтпедім. Қиянат ашықтан-ашық жасалды. Ал Тәуелсіздік жылдарында менің Парламент депутаты атануыма мүмкіндік берілді. Кеңестік кезеңдегідей аяқтан шалу болған жоқ. Осы аралықта Президент сайлауына кандидат та болдым. Яғни демократияның жылы лебі есіп, саяси мүмкіндіктерімді жүзеге асыруға жол ашылды. Тәуелсіздік нарықтық экономиканы әкелді. Нарықтық қатынастар менің жеке бизнесімді жүргізуіме жағдай жасады. Алматы қаласында ең бірінші болып ақылы медициналық орталық ашқан болатынмын. Тәуелсіздіктің арқасында менің балаларым шетелдің мықты университеттерінде білім алды. КСРО кезінде бұл түсімізге де кірмейтін. Балаларымның өзі де мектепті үздік бітірген болатын. Қазір қызым вице-министр қызметін атқарып отыр.
Мен Тәуелсіздікке не бердім? Мен депутаттық қызметті атқарып жүргенімде сайлаушыларымның түрлі проблемаларын шешуге атсалыстым. Талдықорғанда спорт сарайын салуға бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Халықтың тегін медициналық көмек алуына күйім келгенше жәрдемдестім. Қазір Урология ғылыми-зерттеу институтын кеңейтуді көздеп, Алматыдан, Астанадан жер алып, іске кірісіп жатырмын. Астанада 700 адам қызмет істейтін медициналық-ақпараттық орталық аштым. Қазір, құдайға шүкір, халқымыз үшін, Тәуелсіз еліміз үшін жұмыс істеп жатыр.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор:
– Тәуелсіздіктің әрбір қазаққа бергені мол. Оның ішінде маған да азаттықтың сыйлағаны көп. Ғылым саласында қызмет істеп келе жатқаннан кейін осы сала туралы айта кетейін. Тәуелсіздік Кеңес Одағы тыйым салған түрлі тақырыптардың ғылыми негізде, терең зерттелуін қамтамасыз етті. Егер біз азаттық алмасақ, ұлттың тарихы, мәдениеті, тілі мен әдебиеті дәл қазіргідей зерттелмей қалар ма еді?! Кеңестік кезеңде «халық жауы» атанған Шәкерімге тереңірек үңілуіме мүмкіндік берілді. Тәуелсіздіктің арқасында тұтастай шәкерімтанудың негізі қаланды. Бұл – қазақ үшін баға жетпес асыл қазына! Тәуелсіздік менің ғалым ретінде зерттеп жүрген тақырыбымның аясын кеңейтті.
Мен саналы ғұмырымды ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатырмын. Жастармен тікелей жұмыс істеп келе жатқаныма да бірнеше жылдың жүзі болды. Менің Тәуелсіздікке бергенім сапалы мамандар даярлауға жұмсаған күш-жігерім шығар деп ойлаймын. Елдің ертеңі жастар дейтін болсақ, мемлекетіміздің гүлденуі жолында сол жастарды алдағы уақытта да тәрбиелеу ойымда бар.
Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымының докторы:
– Менің жоғары оқу орнын бітіруім еліміздің Тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келді. Университетке жас мұғалім болып қабылданған мен кандидаттық диссертация жазуға бел будым. «Қазақ хандығының күшеюі» деген тақырыпты алғанымның өзі Тәуелсіздіктің бізге не бергенін аңғартса керек. Мен сол тақырыпты терең зерттей келе, өз ана тілімде 1996 жылы кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым. Кеңес Одағы кезінде Қазақ хандығы туралы терең айтыла бермегенін білесіздер. Тәуелсіздіктің арқасында біз ұлтымыздың елдігін терең зерттеуге мүмкіндік алдық. Туған тілімде өз ұлтымның тарихын зерттеп, көпшіліктің назарына ұсынуымның бәрі азаттықтың берген несібесі деп білемін. Кейіннен докторлық диссертациямды қорғадым.
Менің ғылыми жұмыстарым ел игілігіне жарап жатса, ол менің елімнің ғылыми дамуына, халық санасын жаңғыртуға қосқан үлесім шығар. Тәуелсіз Қазақстанның жастары Қазақ хандығына қатысты дүниелерді менің зерттеуімнен алып жатса, ол менің осы елге жасаған азғантай ғана еңбегімнің ақталғаны.