Cерік Ерғали, публицист, мәдениеттанушы:
– Біріншіден, Тәуелсіздікті мерекелеудің қысқаша тұжырымдамасын Үкімет бекітуі керек деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекеттік мереке болғандықтан, бұған жұмсалатын қаржы бюджеттен арнайы баппен қаралып, бекітілуі тиіс. Үшіншіден, мерекені үш күн ету қажет, бірақ оның бәрін демалыс ету міндетті емес. Демалыс бір күн болса, жеткілікті, мәселен, 17 желтоқсан. Ал үш күнге келсек: 16-сы – Ұлт-азаттық құрбандарын еске алу күні; 17-сі – Ұлттық жаңару күні; 18-і – Азаттық күні – Алашорданың мемлекет құру туралы шешім қабылдаған құрылтайы жабылған күн (ескіше – 5.12). Сонымен бірге Тәуелсіздік мейрамына асқақтық, айбындық, азаттық атрибуттарын паш ететін ежелгі түркілік салтанаттарды жаңғыртып, жаңаша сипатта ұлттық шеру ретінде атап өтуді тұжырымдамаға енгізсек, игі болар еді. Мейрамды тек қана салтанатты сипатта емес, келелі форумдар өткізіп, онда өткенді талқылау мен келешекті жоспарлау, сын көзбен қарау, мемлекетті нығайта түсу жолдары қарастырылуы қажет. Онсыз біржақтылық, бір сарындылықпен, санаулы тұлғаларды ұлықтаумен шектеліп қала беретін болады.
Ғалия Қамбарбекова, филолог, шығыстанушы:
– Тәуелсіздік мерекесін ұлттық сипатта атап өту үшін міндетті түрде ұлттық киім киіп, сахналанған көріністер жасаудың немесе алаңға барып бір топ әншінің әнін тыңдап, сусын ішіп, айналасын ластап қайтудың қажеті жоқ. Мереке бірінші кезекте, отбасында аталып өтілуі керек, себебі отбасы – кішігірім мемлекет. Мерекені өткізу формасына келсек, бірінші кезекте осы Тәуелсіздік үшін боздақ болғандарды еске алу қажет. Олар үшін мешіттерде, әрбір көшеде, халық ортадан жиналып Құран бағыштап, дұға оқыса, Тәуелсіздігіміз баянды болар еді деп ойлаймын. Екіншіден, осы күнге орай «Қазақтелеком», «Қазақстан теміржолы», «Эйр Астана», қысқасы ұлттық компаниялар, барлық сауда орталықтары жеңілдіктер жасаса, 16-адамға, жолаушыға тегін қызмет көрсетсе, бұл мерекенің маңыздылығы артар еді. Яғни мерекенің қаншалықты маңызды екендігін үлкен де, жас та, әсіресе тұрмысы төмен адамдар сезіну керек. Онсыз мереке ұлттық, халықтық сипатқа ие болмайды. Қарны аш, көңілі құлазыған адам қалай мереке тойлайды?! Ал мемлекеттік аппарат бұл үрдістің барлығын тікелей қадағалауына алуы қажет. Жеңілдіктер басқа мерекелерде емес, тек қана Тәуелсіздік мерекесіне орай жасалуы керек.
Қанат Әуесбай, тележурналист:
– Тәуелсiздiк күнiн ұлттық сипатта атап өтудiң, менiңше, тұтас тұжырымдамасы жасалса артық емес. Өйткенi Қазақстан халқы үшiн мерекенiң ең ұлығы – осы. Мұндай құжатта тек бұл мереке емес, мемлекеттiк саналатын барлық атаулы даталардың қоғамдық сипаттары және оны атап өтудiң барлық жолдары тәптiштелiп жазылса деген ой бар. Яғни әр мемлекеттiк және ұлттық мереке нақты қалай аталып өтiлу керек? Оның атрибутикасы, нышаны қандай болуы керек? Жастармен жұмыс қалай жүру керек? Оның iшiнде, шетелде оқып жатқан Қазақстан студенттерi де бар. Мұндай идеологиялық жұмыстың эффектiсi қандай болмақ? Шетелдiк жастар деп арнайы ерекшелеп айтып отырмын. Осы Англияда оқып жүргенде кейбiр елдердiң студенттер қауымдастығын өз мемлекеттерi түрлi шараларды өткiзуге қаржылай көмектесетiнiн бiлдiм. Бұл – мемлекет имиджiнiң мәселесi. Сосын ол тұжырымдаманың орындалуын қадағалайтын қоғамдық негiздегi арнайы комиссия құрылса да құба-құп болар еді.
Тәуелсіздік мейрамын ұлттық сипатта атап өту жөнінде қандай ұсыныс айтасыз?
Читайте также
Рухты оятар ән қайда?
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын
Қазақ қалай шоқындырылды?
Последние статьи автора