Шекара ұғымы о баста этникалық белгілерімен айқындалды. Мысалы, қазақтың жері, қырғыздың жері, өзбектің шекарасы деген тәрізді. Қазақ елі өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылдың 18 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазақ шекарасының төл тарихы бастау алды. 1993 жылдың 13 қаңтарында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» маңызды Заңдар дүниеге келді. Содан бері қазақ өзінің шекара қызметін жетілдіруде ізденістен бір танған емес.
Жалпы, Қазақ елінің мемлекеттік шекарасының ұзындығы 15 350 шақырымды құрап, бес мемлекетпен шектеседі. Оның 1 740 шақырымы Қытаймен, 1 050 шақырымы Қырғыз Республикасымен, 400 шақырымы Түрікменстанмен, 2 105 шақырымы Өзбекстанмен, 7 200 шақырымы Ресей Федерациясымен түйіседі. Дүниежүзіндегі құрлықтағы ең ұзын шекара – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара.
Негізінде, шекара қызметін үнемі жетілдіріп отыру, осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыру, техникалық базаны қуатты ету әрбір мемлекеттің маңызды міндеті екенін біз білеміз. Ал енді бүгінде біз осы үдені қалай бағындырып келеміз? Бұл межеде алға қойған мақсаттарымыз бен міндеттеріміз қандай болмақ? Біз Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында осы жайттарды бір мәрте сараптап көргенді жөн көрдік...
Алдымен Заң қатайды...
Шекара қызметі туралы сөз еткенде алдымен тереңдеп мән берер тұсымыз –осы саладағы заңның қолдану аясы. Қазірде бұл қызмет түрін жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» жаңа Заң қабылданды. Осы заңдағы көрсетілген талаптар бойынша бұдан былай еліміздің шекара қызметіне қабылдану үшін азаматтарға қойылатын талаптар күшейді. Ендігі кезекте шекара қызметіне енгісі келетін азаматтар алдын ала психолог мамандардың тексеруінен өтіп, арнайы тесттер тапсырады. Тіпті психологтар мамандарды тексеруден өткізу барысында «шындық детекторы» аппаратын қолдануға да рұқсат беріліп отыр. Жалпы, заңда Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына қол сұғылмауына, қастандық жасалуының алдын алуға және жолын кесуге арналған баптар айқын, айшықты етіп жазылған.
Дәурен АРЫН, заңгер:
– «ҚР Мемлекеттік шекара туралы» Заңы тұрғысында сөз етер болсақ, қазірде бұл заңның талаптары қатайып, біршама өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Кезінде біз Кеңес Одағы тұсында Қытай елімен тоғысып жатқан шекараны ғана күзетіп келсек, енді тәуелсіз елдің шекарасы барлық ендіктері бойынша толық күзетіле бастады. Қазірде еліміз өзімен шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекара мәселесінде халықаралық құжаттар бекітті. Бұл – біздің сыртқы саясатымыздың табысы. Біз көршілес елдермен ынтымақтастық орната білген елміз.
Осылайша, мамандардың байыптауынша, қазақ өзінің шекарасын бүтіндеуге, беріктігін мығымдауға барынша күш салып-ақ келеді. Шекара қызметіне қатысты, әсіресе «шекара пункттерінде қажетті ғимараттардың құрылысын жүргізу, оларды инженерлік қондырғалармен қамтамасыз ету, шекараны қырағы күзетуге қажетті басқа да күш-құрал, ресурстармен жасақтау жоғары деңгейде жүргізілуде» деседі мамандар.
Ақпараттық жүйе кеңейіп келеді
Егемен елдің шекарасы туралы пікір білдіргенде сарапшыларымыздың тағы бір басымдық беріп айтар тұсы, бұл – ел шекарасындағы ақпараттық жүйенің жетіліп келе жатқандығы.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, сарапшы-маман:
– Бізде Кеден одағының жұмыс істей бастағанына көп уақыт өткен жоқ. Осы құрылымның шеңберінде шекарашылардың қызметі де күшейе түсті. Кеден одағы, бұл – бұрынғы посткеңестік елдердің өзара ықпалдасуының бастауы. Соған орай шекара шебінде көптеген өзгеріс орын алды. Қазірде шекарашылар Кеден одағының сыртқы шекараларын қадағалауға баса мән беруде. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстанмен арадағы шекара күзеті күшейтілді. Бұл дегеніңіз – алдыңғы шепте қызмет атқаратын шекара құрылымдарына қойылатын талап та, жауапкершілік те күшейді деген сөз. Халықаралық талапқа сай ақпараттық-технологияның арқасында электронды рәсімдеуге көшу, электронды құжат тексеру үрдісі – бізге керек дүние. Қазірде біздің шекара қызметі осы жайттарды жетілдіруге арнайы зер салып отыр. Ол үшін мамандардың біліктілігін арттыру, шекара қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері де жыл сайын шешімін тауып келеді. Мысалы, 2010-2012 жылдар аралығында осы мақсаттарды орындауға ел бюджетінен 15 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Салыстыра айтсақ, бөлінер қаржы жылма-жыл өсіп келеді. Сондықтан болашақта шекарамыздың технологиялық қуаты да арта беретініне сену керек.
Бос жатқан аумақтар да назардан тыс қалмауы керек
Сөйтіп, мамандар байыптап отырғандай еліміздің шекара қызметі жыл сайын жаңашылдыққа бет бұрып отыр. Ендігі кезектегі біздің тағы бір өзекті мәселеміз – «бұл бос жатқан шекара аумақтарын назардан тыс қалдырмау болуы тиіс» деседі мамандар. Шекарадағы елді мекендер мәселесін оңтайландыру қай кезде де қалтарыста қалмауы керектігін алға тартқан мамандар «бос жатқан шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік болса, біздің қазаққа ешкім де қыр көрсете алмайды» дейді.
Меруерт МОЛДАБАЕВА, әлеуметтанушы:
– Шекара аумақтарындағы бос қаңырап қалған ауылдар мәселесі біз үшін өзекті болып отырғаны рас. Қазірде Өңірлік даму министрлігіне бұл бос жатқан аймақтар халқының әлеуметтік жағдайын оңтайландыру жайы жүктелді. Мұның өзі – көңіл қуантарлық жайт. Егер болашақта Өңірлік даму министрлігі бір ғана Зайсан ауданына, Тарбағатай жеріне қарасты «Терісайрық», «Қызыл» тәрізді шекара заставаларындағы әлеуметтік жағдайды сауатты шешіп, бұл елді мекендерге халықты қоныстандыру жайын ойластырса мәселе жеңілдер еді. Көптеген елдер шекара аумағында жатқан ауыл-аймақтарының ахуалын бірінші кезекте жоғары деңгейге көтереді. Себебі ол елді мекендерді бос қалдыру тұтастығымызға қауіп төндіруі де мүмкін. Сондықтан шекара аумағын бос қалдыруға болмайды. Шекаралық аудандардың кәсіпкерлік қабілетін көтеру жайы, ол ауылдардың экономикалық әлеуетін қалыптастыру мәселесі қазірде Мәжіліс қабырғасында да жиі-жиі қозғалады. Әрине, бұл – біртіндеп жүзеге асатын іс. Бастысы, бұл ұсыныстарды атқарушы билік тарапынан қолдау бар. Мұның өзі – оңды шешім.
Шекарасын бүтіндеген елдің тұтастығы да берік болмақ...
Читайте также
Рухты оятар ән қайда?
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын
Қазақ қалай шоқындырылды?
Последние статьи автора