Сұлулықты кей ақындардың сайтанилыққа теңеуі тегін емес те секілді, яғни бер жағы жылтырап, көзді арбағанымен, ар жағында түк жоқ. Мәселе бұл жерде біз адам жайлы емес, бүгінде қаптап кеткен бетінің жылтырлығымен сонадайдан көзді арбап, өзіне шақырып тұратын журналдар мен аты дардай, заты жұрдай газеттер жайлы айтпақпыз. Сондай-ақ бүгін бар, ертең жоқ басылымдар мен аты екі-үш әріптік одағай сөздерден құралатын, (айтуға тіпті ұялып тұрмын) газеттер қашанғы ақпарат кеңістігін емін-еркін кезіп жүре бермек деген мәселе де көкейге кеп тіреліп тұр.
Қазақ не көрмеген халық, бір замандарда түске дейін ақтар келіп шауып кеткен ауылдың қалған жұрнағын қызылдар келіп тып-типыл қылып кеткен... Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман ұрпағына, бәлкім, бұл ертегі секілді естілетін шығар, әйтсе де дәл ондай қаншама жазықсыздың жанын құрбан еткен «қанды ертегі» әлемнің ешбір елінде жоқ шығар, сірә. Бірақ бүгінгі мына біздерге де бәрі оңай соғып жатыр деу қиын, кешегі өткен ғасырда бірінен кейін бірі қарулы соғыс орын алса, тап мына ғасырды «мылтықсыз майдан ғасыры» десек әбден болатындай. Рас болса, болашақты бес ғасыр бұрын көретін ұлы ойшылдар ХХІ ғасырдың ақпарат ғасыры болатынын айтып кетсе керек. Міне, сол ақпарат ғасыры, ақпараттың оқша бораған майданында мына отырған сіз бен біз өмір сүріп жатырмыз бүгінде. «Майданның» жақсы да, яғни әділет үшін, қандай да бір ұлы мақсат жолындағы күрес мағынасы бар дағы, сондай-ақ керісінше кескілескен ұрыс, жазықсыз құрбандық және, ең бастысы, тәртіп атаулыны белден бір-ақ басып, елдің есін шығарып, үрей ұялатып, жалпы тыныштықты арманға айналдыратын барып тұрған оңбаған тұсы да бар. Біздің айтпағымыз тап осы тұсы. Бүгінгі «мылтықсыз майданда» «жауынгерлердің» санынан жаңыласыз, яғни газет пен журналдан көп нәрсе жоқ. Алайда солардың жауапкершілігі мен мерзімділігі, бағыт-бағдары, оқырманға берері дегенге келгенде, қордаланған мәселенің санына жету қиын. Біріншіден, қазір бес адамның басын қосып басылым аша салатын мысалдар жетерлік. Және ол қалай оңай ашылса, солай оп-оңай жабыла да салады. Тіпті бір нөмір шығарып, көзден ғайып болатын да газет-журналдарды көзіміз көріп жүр. Соның кесірінен кезінде жап-жақсы жұмыс істеп жүрген қызмет орнынан, жалақысынан айырылып, абыройына нұқсан келтіріп алып, тіпті әріптестік ортада өзін қораш сезініп жүрген журналистер қаншама?! Одан қалса, ауызекі қолданыстағы сөздер, диалект, тіпті жаргонға дейін басылым бетінде емін-еркін жүретін болған. Ой оралымдығы мен тілдің көркемдігі туралы сөз қозғамақ былай тұрсын, әріптік қатеден көз сүрінетін сауатсыз және тағы эротикалық, порнографиялық бағыттағы басылымдар мен алты айда бір көрініп қоятын да тағы бір белгісіз мерзімге дейін жоқ болатын газет-журналдар да жетіп жатыр. Осының бәрі неден? Ақпараттық кеңістікте неге осындай хаостық жағдай орын алды? Бақсақ, бақа екен демекші, осының барлығы да біздің елімізде баспасөз құралдарын тіркеудің оңай әрі кез келгенге қолжетімділігінен келіп шығатынға ұқсайды. Бізде ақпарат құралын тіркеу тәртібі қалай дейсіз ғой? Екі тілде (қазақша және орысша) өтініш жазып, жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрғандығыңыз жөнінде құжаттың көшірмесі, төлқұжатыңыздың көшірмесі болса жетіп жатыр. Бар болғаны осы ғана! Сіз бұл жерден біліктілігіңіз бен біліміңізді дәлелдейтін диплом жайлы, сондай-ақ журналистикаға қатысыңыз бар ма, басылым ашудағы бағыт-бағдарыңыз көрсетілген концепция, тіркегелі тұрған басылымыңызды кем дегенде қанша уақытқа жоспарлап отырған мерзіміңізді, басылымның тұрақты шығып тұру мерзімі жөнінде бір сөз, яки бір талап көріп тұрсыз ба? Жоқ. Олай болса, тіпті оқымаған, қалтасында азды-көпті ақшасы бар адам да білдей бір басылым құрылтайшысы деген атқа ие бола алады деген сөз ғой. Және де оның қолынан жұрт оқитын, оқырманға тәлім-тәрбие беретін басылым жасау келе ме, келмей ме, ол неге ескерілмейді? Міне, осыдан келіп бүгінде бүгін бар, ертең жоқ басылымдар қаптап кетті. Олар үшін журналистердің жылы орнын суытып, қала берді оқырманның да назарын өзіне аудару деген де ойыншық секілді. Себебі басылымның кемі қанша уақытқа жоспарланып, егер сол мерзімге жетпей жабылып қалса, жазаға тартатын ешкім жоқ, яғни әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығы да ақпарат кеңістігін «Авгийдің ат қорасына» айналдырып жібергені өтірік емес. Бұл өз кезегінде журналист деген мамандықтың абыройын түсіруге ықпал жасап жатыр. Қазақ «Мың қойды бір арыстан басқарса, отар түгел арыстанға айналады, мың арыстанды бір қой бастаса, мың арыстан қойға айналады» деп текке айтпаған, сол секілді құрылтайшы деңгейі де редакция сапасына әсер етпей тұрмайды. Яғни мұрнына журналистиканың исі де бармайтын құрылтайшылар ашқан басылымның қызметкерлері де еріксіз соның әуеніне төңкерілетіні сөзсіз. Сондай-ақ журналиске пұл төлегенін міндет қылып, құлша жұмсап жатқан басылым иелері де баршылық. Бір ғана адамды қызметке алып, бар жұмысты соған артып, солайша бір өзі бір газет не журнал шығаратын «әмбебап» журналистерді көріп жүрміз. Яғни басылымның жұмыс істеу тәртібі, онда қандай қызметкерлер болуы шарт, әр қызметкердің өз міндетін ғана атқаруы деген талаптар сақталмауы себебінен баспасөзге деген көзқарас өзгеріп жатыр десек те болғандай.
Қулықта шек болмаса керек, сірә, ә дегеннен бір емес, екі басылым атауын тіркетіп, бірін жапса, екіншісінің атымен шыға салатын басылымдар да жоқ емес. Әсіресе мұндай айла оппозициялық басылымдарға тән. Былайша айтқанда, бұл тонның терісін аударып кию немесе қой терісін жамылған қасқыр секілді ғой.
Тоқ етерін айтқанда...
«Ең алғашқы махаббат басталады партадан» демекші, кез келген ақпарат құралын ашу, ең алдымен, тіркеуден басталатыны анық. Олай болса, журналист деген ардақты аттың қор болып, біреудің қолшоқпарына айналып, Шерхан ағамыз айтпақшы, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болуына тоқтау салынсын десек, бізге баспасөзді тіркеу деген мәселеде солқылдақтық танытуға болмайды. «БАҚ туралы» заңның осы тұсына өзгеріс керек.