Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір деген пікір жиі айтылады. Мұны Астананың архитектуралық бейнесі де дәлелдей түсетіндей. Астанаға алғаш бас сұққан кез келген қонақ, шетелдік азамат оның болмысына таңданыссыз қалмайды. Аз уақыттың ішінде жазиралы жазық далада заманауи қаланың пайда болуы, онымен қоса, қаланың саяси-экономикалық мәртебесінің ерекше қарқынмен көтерілуі әлемдік тәжірибеде кездесе бермейтін жайт. Жаңа ғасырда Астанадай қарқынды жылдамдықпен дамып көркейген қала, сірә, жоқ шығар. Сол себептен Астананы «Орталық Азия феномені» деп атауы орынды-ақ.
Қазақ елінің төртінші астанасы болып отырған Астана – қазақтың тәуелсіз санасын бейнелейтіндей. Бұған дейінгі үш астанамыз да кеңестік дәуірдің туындысы болды. Әрине, қазақстандықтар үшін Алматының да орны бөлек. Алматыда қазақтың талай тарихи маңызды оқиғалары, қуаныш-қайғысы, шері жатыр. Дегенмен Астананың болмысында тәуелсіз санаға жетелейтін рух бар.
«Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ», ал Астана тұрғызылды
Астана көптеген парадигмаларды бұзған қала екені талай айтылып жүр. «Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ» деген әйгілі тіркес бар еді. Енді қазақстандықтарда «Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ шығар, бірақ Астана бірден тұрғызылды» деген әзіл пайда болды. Расында, айналдырған 10 жыл ішінде жазиралы жазық даладан қайталанбас келбетті, заманауи қаланың бой көтеруі талай айтылып жүрген болса да, бұл таңғаларлық жайт екені сөзсіз.
Астана Орталық Азиядағы ең заманауи қала деуге болады. Әрине, аталған аймақта Алматы мен Ташкент, Ашхабад пен Душанбенің қай-қайсысы да әдемі қала. Дегенмен оған кеңестік заманның исі біржола сіңіп қалған. Бұл қалалар тәуелсіздіктен бері даму, кеңею үстінде. Алайда оның негізгі құрылысын орыс архитектурасы құрайды. Ал Астана тәуелсіз сананы бейнелейтін орталық-азиялық алғашқы қала. Яғни мұны отарсыздандыру саясатының көрінісі ретінде бағалауға болады. Екіншіден, қаланың тұрмыстық қажеттіліктен кеңеюі – көп нәрсеге шектеу қояды. Әсіресе қаланың көркі мен сәулетіне нұқсан келтіретіні анық. Ал әу бастан-ақ барша қажеттіліктер ескеріле отырып тұрғызылған қаланың орны бөлек болатыны дәлелденіп жатыр.
Бәйтерегі баянды бақытты меңзейді
Бүгінгі Астананың макетін алдымызға жайып, назар салып қарайтын болсақ, оның әрбір тетігі тәуелсіз сананың жемісін дәлелдеп тұрғанына көз жеткіземіз. Биіктігі – 105 метр, салмағы 1000 тоннадай болатын металл құрастырма, «Бәйтерек» монументі – Астананың ғана емес, барша қазақтың тәуелсіз санасының символы болып отыр. Күн мен түннің, жаз бен қыстың, жақсылық пен жамандықтың алмасуын бейнелейтін бұл «Бәйтерек» сан жылдар бойы әлемді жайлаған еуроцентристік ұғымның соңы таяп, азиялық, түркілік сананың жаңғырып келе жатқанын астарлайды.
Пирамида һәм Хан шатыры
Астананың ерекше талғаммен тұрғызылғанын әсіресе шетелдік сәулетшілер көп байқайды. Жұртшылық «әлемнің сегізінші кереметі» деп атап кеткен «Бейбітшілік және келісім сарайына» ұқсас өзге діни ғимарат әлемде жоқ. Зорлық-зомбылықтан бас тарту және адамдардың теңдік және сенім символы, діни түсініктің ғаламдық орталығына айналған осы ғимараттың құрметіне бола ЮНЕСКО Астанаға «әлемнің бейбіт қаласы» деген мәртебені сыйлағанын білеміз. Қысқасы, пирамида-сарай құрылысының авторы, әлемнің әйгілі он сәулетшілерінің қатарына кіретін Норман Фостер өзіне табысталған жүкті тиісті деңгейде алып шыға алды.
Архитектурадағы ұлттық рух
Астана архитектурасының өне бойында қазақы рух пен түркілік танымды оңай байқауға болады. Астананың бас ғимараты, Ақ орданың көк күмбезді болуының өзі шығыстық, мұсылмандық, түркілік, қазақылықтың көрінісі. Бас қаладағы «Ел Ана», «Жер-Ана», «Қазақ елі» монументтері әрбір отаншыл азаматтың бойына жігер бітіреді.
Астана қаласы экология мәселесінде әлемнің көп қалаларынан көш ілгері жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен Астана айналасын, яғни қала орталығынан 60 км радиус шеңберіндегі аумағын көгалдандыру жобасы жүзеге асырылды. Қаланы Арқаның аңызақ желі мен сұрапыл дауылдарынан қорғау үшін жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, жасыл белдеу жасалынды. Енді оны Көкшенің табиғи орманына апарып қосу жоспарда тұр.
Виктор КИЯНСКИЙ, мәжіліс депутаты:
– Бас қаламыз өзіндік келбетімен әлемге ашық екендігін және жаңалыққа құштарлығын паш етіп тұрғандай. Жалпы айтқанда, архитектура көп нәрседен хабар береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік пен келісім пирамидасын» Ақордамен қатарлас орналастыру арқылы тұтас мемлекеттің ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімге деген ілтипат-құрметін танытты. «Бәйтерекпен» және Ақордамен желілес, үндес, тамырлас орын тепкен. Мұның өзі біздің мемлекетіміздің ұстанымы мен қағидаттарын айқындайды. Бәйтерек түрлі ұлттар мен ұлыстар бас қосқан алып шаңырақ пен бірлігі жарасқан үлкен отбасының символы болса, Ақ-орда – ең алдымен, халықтың мақсат-мүддесін көздеген билік, ал «Хан шатыр» – әлем елдерінің бірлігі, бір арнаға тоғысқан көзқарас пен ортақ міндеттің белгісі.
Астана – үйлесімділік пен бірліктің бәйтерегі
Читайте также
Рухты оятар ән қайда?
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын
Қазақ қалай шоқындырылды?
Последние статьи автора