Бүгінде республикамыздағы іргелі оқу орнына айналып отырған М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің іргетасының қаланғанына биыл 110 жыл толып отыр. Халық ағарту министрлігі 1902 жылы 1 желтоқсанда Семейде мұғалімдер семинариясын ашу туралы шешім шығарып, ол бойынша оқу орны 1903 жылы 1 шілдеде өз жұмысын бастауы тиісті болды. 1903 жылы 23 қыркүйекте Семей мұғалімдер семинариясы ашылды.
Ғасырдан асқан тарих
Алғашқыда оқу орнында үш негізгі және бір дайындық сыныбы ашылды. Мұнда оқуға түсемін дегендер Томбы, Тоболь, Воронеж, Орлов, Виленск губернияларынан және Семей, Жетісу облыстарынан келді. Қазақстанда алғаш ашылған кәсіби арнаулы педагогикалық оқу орны өлкемізге ғана емес, Батыс Сібір аймақтарына бастауыш мектептер үшін мұғалімдер даярлады. 1904 жылы бес сыныптық жүйеге ауысып, төрт сынып – негізгі, бір сынып дайындық тобы болды.
Семинарияның оқу жоспары бойынша дін сабағы және шіркеу – славян оқуы, орыс және шіркеу славян тілі, педагогика, арифметика, геометрия, тарих, жаратылыстану және ауыл шаруашылығы, физика, көркем жазу, сурет және сызу, ән, гимнастика және денешынықтыру, практикалық сабақтар және еңбек сабағы оқытылған. Алғашқы жылдары семинарияның жеке ғимаратының болмауына байланысты оқу үдерісін жалдамалы орындарда өткізуге тура келді. Семинарияның жаңа ғимаратын салуға қазынадан 90 мың рубль қаражат бөлінді. 1906 жылы 5 қазанда мұғалімдер семинариясының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. 1905 жылы 1 шілдеден бастап семинарияда қырғыз (қазақ) тілі пәні оқытыла бастады. 1905 жылы 1 тамыздан бастап осы қызметке белгілі қоғам қайраткері, педагог Нұрғали Құлжанов орналасып, жемісті жұмыс атқарды. 1906 жылы желтоқсан айынан бастап француз және латын тілдерінен, кейінірек неміс тілінен сабақ енгізілді. Оларды әркім өз қалауы бойынша сабақтан тыс уақытта оқуға тиіс болды.
Семей мұғалімдер семинариясының тұңғыш директоры болып 1903 жылы 1 шілдеде Петербург университетінің түлегі Александр Владимирович Белый тағайындалды. Ол 1906 жылғы 5 тамызға дейін оқу орнын басқарып, семинарияның қалыптасуы мен жаңа оқу ғимаратын салуда елеулі еңбек етті. 1906 жылы 2 қыркүйектен бастап 1918 жылға дейін мұғалімдер семинариясының директоры болып Михаил Николаевич Березников жұмыс атқарды. Ол Санкт-Петербургтегі императорлық институттың тарих-филология факультетін бітірген зиялы, білімді тұлға еді.
Семинарияда қазақ тілінен ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар, Ә.З.Сәтбаев т.б. сабақ жүргізді. Семинарияда сабақ берген оқытушылар Ресейдің таңдаулы жоғары оқу орындарын бітірген, прогрессивті ұстанымдағы педагогтер еді. 1906 жылы маусымда мұғалімдер семинариясы алғашқы 15 түлегін шығарып, оларға «Бастауыш училищесінің мұғалімі» деген куәлік берілді. 1916 жылы семинариядағы тәрбиеленушілердің саны 107 болса, екі сыныптық училищедегі оқушы саны 104 болды.
Семейдің мұғалімдер семинариясы шәкірттеріне жан-жақты білім берумен қатар, қаладағы түрлі мәдени шараларды, оның ішінде ұлттық ойын-сауықтарды ұйымдастырудың ұйытқысы болды. 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына арналған әдеби-этнографиялық, музыкалық өнер кеші, 1915 жылғы «Біржан-Сара» айтысының сахналық көрінісі т.б. семинария мұғалімдері Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтардың және семинарияда оқитын қазақ жастарының ұйытқы болуымен өткізілді. Семинарияның білім берудегі деңгейі, ұстаздардың үлгі-өнегесі турасында оқу орнының қазақ педагогикалық техникумы тұсындағы түлегі, ғалым Әлкей Марғұлан: «Бұл семинария қыр округіндегі оқу орындарының бір тәуірі болатын. Кейін революцияға қатынасқан қазақ жастарының көбі осы семинариядан оқып шықты. Семинарияда қазақ балаларына білім беруді шын жүрегімен мақсат еткен бірнеше прогресшіл, саңлақ адамдар болды. Олардың ішінде, әсіресе оқушы жастарға олар әдебиеттен, тарихтан, географиядан осы күнгі пединституттар көлемінде білім беріп, олардың ой-санасын аса байытып шығаратын» дей келе, оқытушылардың Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Ленинградтан келген шетінен оқымысты, кілең тілге жүйрік ұстаздар болғанын еске алады.
1920 жылдың 1 қыркүйегінде семинария Семейдің халық ағарту институты болып қайта құрылды. 1922 жылы осы оқу орнының базасында орыс және қазақ педагогикалық техникумдары ашылды. 1922 жылдың 1 желтоқсанынан 1927 жылдың соңына дейін Семей қазақ педтехникумының директоры болып көрнекті ағартушы, Алаш ардақтысы Ә.З.Сәтбаев жұмыс атқарды. Оқу орнының ауыртпашылығын мойнымен көтеріп, педтехникумның алдыңғы қатарлы оқу орнына айналуына бар күш-жігерін жұмсады. Оқу орнына Ә.З.Сәтбаев басшылық жасаған жылдары Ленинград университетіндегі оқуынан М.О.Әуезов педтехникумға оқытушылыққа шақырылды. Қазақ педагогикалық техникумында көрнекті Алаш қайраткері Халел Ғаббасов, педагог, журналист Сейітбаттал Мұстафин, педагог, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаев, ұстаздық қызметпен қоса, театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Ғалиақпар Төребаев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев, білікті ұстаздар Б.Герасимов, Н.Белослюдов т.б. жемісті еңбек етті. 1937 жылы екі педтехникум базасында екі педучилище құрылды. Қазақ педагогикалық училищесіне ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілсе, орыс педагогикалық училищесіне 1945 жылы ұлы педагог К.Д.Ушинскийдің есімі берілді.
1953 жылы екі педучилище біріктіріліп, К.Д.Ушинский атындағы педучилище деп аталады. 1957-1963 жылдары оқу орны уақытша жабылып, Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлау факультеті ретінде жұмыс істеді. 1963 жылы педучилище қайта ашылып, 1967 жылы желтоқсан айында оқу орнына заманымыздың заңғар жазушысы, оқу орнының түлегі М.О.Әуезов есімі берілді. 1992 жылы педучилище педагогикалық колледж болып қайта құрылды. 2003 жылы оқу орнының 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтілді.
Педтехникумда білім алған алаш арыстары
Туған халқы алдындағы перзенттік парызын елеулі атқарған зиялыларымыз, Алаштың арыстары – М.О.Әуезов, Қ.И.Сәтбаев, Ж.Аймауытов, Ә.Марғұлан сынды ұлтымыздың рухани діңгегіне айналған тұлғаларымыз осы шаңырақтан білім алып, үлкен өмір жолына аттанды. М.О.Әуезов осы оқу орнында оқыған 1912-1919 жылдары белсенді әдеби, ғылыми, шығармашылық жұмыспен шұғылданған. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, сахналаса, 1918 жылы Ж.Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарып, халқымыздың тарихы мен мәдениеті туралы келелі ой қозғады. «Екеу» деген бүркеншік атпен, «Абайдың өмірі және қызметі» («Абай», 1918, №2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, №3) деген мақалалар жазды. Ұлттық ой-сананы ояту ісіне бел шеше кірісіп, «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттеріне мақалаларын үзбей жариялап тұрды.
Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, аяулы арысымыз Жүсіпбек Аймауытов осы семинарияда оқыған 1914-1919 жылдары қоғамдық-шығармашылық жұмыстармен белсенді айналысып, «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рәбиға» т.б. пьесаларын жазып, сахналап, публицистикалық және сыни мақалаларын газет-журнал беттерінде үнемі жариялап отырды. 1915 жылдың 13 ақпанында Семейде өткен «Қазақтардың әдеби-музыкалық қайырымдылық кешінде» Біржан мен Сара айтысын ұйымдастырып, Біржанның рөлін орындаған әнші әрі домбырашы, бесаспап өнер иесі де оқушы Ж.Аймауытов еді. Оның Алаш партиясының ісіне араласатыны да осы уақыт.
Оқу орнының жарқын бір беті – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті аса көрнекті ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты. Қ.И.Сәтбаев семинарияда оқыған 1914-1919 жылдары замандастары Мұхтармен, Жүсіпбекпен танысты.
Семей мұғалімдер семинариясының көрнекті түлектерінің тағы бірі, Алаш қайраткері – Қазы Нұрмұхаметұлы. Семинарияда оқып жүріп Алаш милициясында қызмет етеді. Ол қызметте алғырлығымен, тапқырлығымен, батылдығымен ел назарына ілігіп, Алаштың атты милициясына басшы етіп тағайындалады. 1918 жылы
6 наурызда қызыл әскерлердің қолынан қапыда қаза табады. Қанды оқиға туралы «Сарыарқа» газетінде (1918 ж. наурыздың 18-і күнгі санында) «Тұңғыш құрбан» деп аталатын көлемді мақала жарияланады (авторы Б.Майлин). Семинарист Қазының өлімі туралы газет беттерінде жарияланған материалда: «Қазының денесін қабірге қойып, Құран оқылып болған соң, Шәкәрім қажы: – Әлеумет! Мына жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл – ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл өлген жоқ. Бұл бүгінгі және мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтарға, «мына мен сияқты болып, ұлтым деңдер» деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді, Қазы – би деген сөз. Қазы билігін айтып кетті. Қарағым Қазы! Өліміңе өкінбе! Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй-ішінің міндеті сендердің мойындарыңда. Бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл баласы) қалыпты, соны тәрбиелеп адам қылу – бәріңнің, барлық Алаштың мойнына парыз. Және өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. 60 жасқа келгенде, мұндай ұлты үшін жанын қиып, құрбан болған боздақты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем де, арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан! Қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл, қош! Қабірің нұрлы болсын!» – деп тебіреніп сөйлеген еді».
Міржақып «Мынау кім жатқан, әлеумет, жас қабірді жамылып?» деп жоқтау өлеңін оқиды. Бұлардан кейін Райымжан Мәрсекұлы, Жанғали қажы, Мұстақым Малдыбаев, Жүсіпбек Аймауытов сөз сөйледі.
Педтехникум тәлімгерлігінен министр тағына дейін
Семей қазақ педтехникумынан оқып, тәлім-тәрбие алған көрнекті қайраткерлерден: академик Әлкей Марғұланды, тарих ғылымының докторы, профессор Мұсатай Ақынжановты, 1941-1955 жылдары Қазақ ССР оқу министрі болған, педагогика ғылымының докторы Әбдіхамит Сембаевты, Қазақ ССР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевты, белгілі журналист Ғайса Сармұрзинды, талантты ақын, журналист, педагог Тұрлыхан Қасенұлын, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовті т.б. атап өтуге болады.
Аса көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұлан педтехникумда оқыған 1922-1925 жылдары, үздік оқушы болумен қатар, қаланың мәдени-рухани өміріне белсене қатынасты. Семей техникумында оқыған кезін, ұстаздарын еске алған Ә.Марғұлан:
– Ұстаздарымыз жақсы болды. Жас кезімде, Семейде Ә.Сәтбаев, Сироткин, Виноходовтан сабақ тыңдадым. Виноходов географиядан сабақ беретін. Магеллан бұғазының қай жерде екенін, Марко Полоның жүрген жолын картадан көрсетуді сұрағанда: «Магелландай бол» деп тағлым айтып отыратын, – дейді.
Түрлі салада саңлаққа айналған техникум түлектері
Ұлтымыздың театр, кино өнері тарихында өлмес игіліктер жасап кеткен ұлы актер Шәкен Айманов қазақ педтехникумында оқып, 1933 жылы Ғ.Мүсіреповтың шақыруымен Алматыдағы ұлттық драма театрына актер болып ауысады. Әдебиетіміздің ұлы классигі Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы, әкесінің әдеби мұрасын жинақтап, кейінгі ұрпаққа табыстаушы, көп жылдар Абай мұражайының шырақшысы болған ақын, ұстаз Ахат Құдайбердиев те Қазақ педтехникумның түлегі.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында оқу орнынан көптеген түлектер майданға аттанып, Отанымызды жаудан қорғап, жанқиярлық ерліктер көрсетті. Кеңестер Одағының Батыры атағын алған І.Айтықов, В.А.Шулятников, В.Бунтовских есімдерін бүгінгі ізбасарлары құрметпен еске алады. Оқу орнының түлектері – 30 жылдай Көкпекті балалар үйінің директоры болған, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Ж.Шәйжүнісовті, Социалистік Еңбек Ерлері Д.М.Парий, М.А.Носованы мақтан тұтады. Халқына қаламымен тер төгіп, еңбек еткен Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та осы білім ордасынан үлкен өмірге қанат қақты. Туған халқын әсем сазымен тербеткен, әуені әр ұрпақтың жадында жатталған белгілі сазгер Бекен Жамақаев та осы оқу орнында білім алып, өнер баспалдағына өрлеген.
Ұжым тарихының жарқын бір беті –оқу орнының 25 жылдай басшысы болған Асылхан Табылдыұлы Бекбаевтың еңбегіне айрықша тоқталып өту абзал. 1987 жылы М.О.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында байырғы ғимаратқа қатарлас оқу орнының жаңа корпусының пайдалануға берілуі – Асылхан Табылдыұлы Бекбаевтің табанды да қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асты.
Педтехникумның бүгіні
Бүгінде республикамызға танымал іргелі білім ордасында 120-дан астам мұғалім жұмыс істейді. Олардың 40-ы жоғары санатты, білікті ұстаздар, бір ғылым кандидаты, бір Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, бес «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», үш «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері.
Бүгінгі күні оқу орнын филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің озық қызметкері, іскер ұйымдастырушы Шағангүл Алдамжарқызы Жанаева басқарып отыр. Оқу орнының 110 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу корпустары мен жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында жемісті еңбек етуде.
Қазір колледжде күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде тоғыз мамандық бойынша (бастауыш білім беру, дене тәрбиесі және спорт пәнінің мұғалімі, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, аудармашы, бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі, мектепке дейінгі ұжымдардың тәрбиешісі, технология, саздық білім беру) 1289 оқушы білім алуда. Колледж төрт оқу ғимаратынан тұрады. Негізгі пәндік кабинеттер қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған. 53 361 дана кітап қоры бар кітапханасы мен оқу залы, интернет жүйесіне қосылған бес компьютерлік сыныбы, үш лингофонды кабинет, интерактивті тақталы 20 оқу бөлмесі, екі мультимедиялық кабинет, үш спортзалы бар. Колледждегі 32 оқу кабинетіне оқу орнының айтулы түлектері мен оқытушылардың есімі берілген. Ел болашағына еңбегін арнаған ұлтжанды азаматтардың, белгілі кәсіпкер – меценаттардың қаржыландыруымен оқу орнының тарихында тұңғыш рет алты атаулы оқу кабинеті демеушілікпен ашылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Құмарбекұлы Сарпеков, «Ақшың» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Серікжанұлы Құрманбаев, Шайжүнісовтер әулетінің атынан – ел ағасы Мәркен Жақияұлы Шайжүнісов пен іскер басшы Тоқан Жақияұлы Шайжүнісов, «Силикат» АҚ президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Борис Тимофеевич Адианов, ел тарихын құрмет тұтқан азамат Бағлан Салихұлы Шегедековтердің демеушілігімен ашылған, заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу кабинеттері болашақ мамандардың сапалы білім мен тәрбие алуына зор үлесін қосуда.
Колледжде М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына және колледж тарихына арналған мұражай жұмыс істейді. Жыл сайын оқушылар арасында «Әуезов сыны» байқауы өткізілсе, ең үздік оқушыға «Әуезов стипендиаты» тағайындалып, арнайы төсбелгі мен куәлік табысталады. Оқу орнының дәстүрлі әуезовшілер қатарына қабылдау мерекесінде ең таңдаулы оқушыларға «Үздік әуезовші» құрметті атағы беріліп, қаржылай сыйлық тағайындалады.
Облыс әкімдігі ұйымдастырған «Білім ұясы» байқауында колледж алдыңғы қатарлы оқу орны ретінде арнайы дипломмен марапатталды. 2007 жылы өткен облыстық ғылыми-әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырылуы байқауында колледждің Н.С.Түменбаеваның басшылық жасайтын әдістемелік жұмысы «Әдістемелік жұмысты жинақтау және тарату» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталды. 2008 жылы облыстық байқауда колледждің тәрбие жұмысы жүлделі І орынды иеленіп, республикалық деңгейде насихаттау мен тарату туралы шешім қабылданды.
К. Т. МҰҚАНОВ, әлеуметтік-экономикалық пәндер бірлестігінің жетекшісі, Г. Е. ДУЛАТОВА, жаратылыстану-математикалық пәндер бірлестігінің жетекшісі.