1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры:
– Ол тұста мен одақтық министрлік шаңырағынан аттану қамымен Мәскеуде едім. Халқымыз аңсаған, арманға толы жаңа дәуір келді. Аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерімді туған елім – Қазақстан игілігіне аямай жұмсар сәт те туды. Сондықтан байырғы таныстарыммен қоштасуға көндігіп, қажетті құжаттарымды рәсімдей бастадым. Қайда кірмесем де: «Егемендік парадынан ештеңе шықпайды. Бәрі де Ресейден республикалардың халықаралық ареналардағы мүдделерін білдіруді сұрайтын болады, өйткені бізде дайын инфрақұрылым, дайын кадрлар бар ғой», – деп мені үгіттеуге тырысты. Отаныма қайтып оралмау үшін, менің бұрынғы басшыларымның пікірінше, олардың мені Ресейдің Бас консулы етіп Хайфонға (Вьетнам) жіберу жөніндегі ұсынысы мықты уәж болуға тиіс еді. Бірақ мен үзілді-кесілді шешім қабылдап, бұл ұсыныстан бас тарттым.
(Естелік Қ.Тоқаевтың «Беласу» кітабынан алынды)
Әбдіуақап ҚАРА, Түркиядағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, шоқайтанушы ғалым:
– Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жариялағанда Германияның Мюнхен қаласында «Азаттық» радиосында қызметте едім.
Тәуелсіздік жарияланғандағы қуаныш сезімімізді айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені бұл шетел қазақтарының қаншама жылдан бері сағына күткен арманы еді. Адамның шетте жүріп, өзінің туған Отанына бара алмауынан, отандастарымен кездесе алмауынан өткен қиыншылық жоқ шығар. Шетелде, әсіресе Еуропада ол кезде әр нәрсеңіз бар. Ақша бар, машинаның әдемісі бар, жегені – алдында, жемегені – артында. Ешқандай кемшілік жоқ. Қайда барамын, қыдырамын десең – өз еркің. Бірақ сонда да бір нәрсе жетпей тұрғандай сезіледі. Ол – Отан. Отаннан жырақта біреудің үйінде қонақта жүргендей болады екенсің. Тамағыңыз тоқ, көйлегіңіз көк болса да...
1991 жылға жеткенде Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастады. Республикалар бір-бірден Одақтан айырылып, тәуелсіздіктерін жариялап жатты. Тек Ресей мен Қазақстан қалған. Алаңдаймыз, не болды? Қашан Тәуелсіздікті жариялаймыз дейміз? Ақырында жылдар бойы сағына күткен хабар 16 желтоқсан күні Мюнхен уақыты бойынша сағат 15:00 шамасында жетті. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіздікті жариялаған еді. Іле-шала артынан екі сағат өтпей жатып Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған хабары да жетті. Қуанышымызда шек жоқ еді. Айлар бойы осы хабарды тағатсыздана күтіп жүрдік емес пе?! Сондықтан сол күнгі қуанышымызды, бақыт сезімімізді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
Иә, редакцияда өзімізше үлкен той жасадық. Бас редакторымыз Хасен Оралтай, орынбасары Мұхабай Енгин және Махмет Құлмағамбетов, Талғат Қошжігіт, Әлихан Жаналтай, Әбдіқаюм Кесижи, Нұр Пынар, Исмет Бишер, Өмірхан Алтын, Суат Темиз, Гүлхан Гайретолла сынды «Азаттық» радиосындағы қазақ қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ еді. Сөйтіп, қазақ халқының сан жылдар армандаған Тәуелсіздігіне, бірнеше ай бойы сағына күтсек те, әйтеуір, қол жетті. Бірнеше ғасыр күткен Тәуелсіздікті бірнеше ай көбірек күтудің артықшылығы жоқ еді. Мәселе – басқаларға қарағанда бір-екі ай кешігіп Тәуелсіздік жариялауда емес, мәселе сол Тәуелсіздікті мейлінше қантөгіссіз, бейбіт түрде, саяси шеберлікпен жариялауда болып отыр.
Сауат МЫҢБАЕВ, ҚР мұнай және газ министрі:
– Тәуелсіздік жарияланған кезде мен бизнеспен айналысып жүргенмін. Біз жігіттермен жиналып, биржа құрып, сонда болдық. Дәл сол кезде Қазақ елі Тәуелсіздік алды. Әрине, оны естіп, біз қатты қуандық. Сонда Тәуелсіздікті тереңдей түсіндік деп айта алмаймын. Бәріміз жас болдық. Дегенмен оның не екенін кейінірек түсіндік десем дұрыс болар еді. Меніңше, барлығы да осындай сезімде болды. Бәлкім, сол кезде күйбең тіршіліктің қамымен жүгіріп жүргеннен кейін, Тәуелсіздіктің мәнісіне жете алмаған шығармыз. Мен өзім оның мән-маңызын мемлекеттік қызметке келгенде ғана сезген сияқтымын. 1995 жылдан бері мемлекетке қызмет еткеннен бастап бұл сезім күшейіп, арта түсті. Ел аман, көңіл дұрыс болсын!