Бурабай ұлттық табиғи саябағын қандай өзгерістер күтіп тұр
Президенттің іс басқарушысы Айбек Дәдебаев Щучье-Бурабай курорт аймағын дамытуға қатысты жоспарын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Курорт аймағындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері жалпы аумағы 129 мың гектардан асатын табиғи кешенді күтіп-баптайды. Биыл, жыл басынан, инспекторлар 66 гектардан астам жерге ағаш отырғызды және 174 рет рейд жасады, сонымен бірге орманның табиғи қалпын тексеру үшін ондаған гектар алқапқа зерттеу жүргізді. Орманды өрттен қорғау - жұмыскерлердің негізгі міндеттерінің бірі. ҚР Президенті Іс Басқармасының кәсіпорындарын цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Smart National Park Burabay» автоматтандырылған жүйесі ормандағы өртті жылдам анықтауға және дер кезінде нақты қарекет жасауға көмектеседі» деп жазды Айбек Дәдебаев Telegram каналында.
Оның айтуынша, биыл бұл аумақта 16 рет өрт шығып, дер кезінде сөндірілген.
Орманға ешқандай зақым келген жоқ. «Бурабай» МҰТП жасыл-желекті аумақты қорғаумен қатар туристердің қызығушылығын тудыратын жерлерді, оған баратын жолдарды бекітеді және бақылайды. Ұлттық саябақта осындай 29 бағыт бар.
«Бұған қоса кәсіпорын демалыс орындары, қайық станциялары, жағажайлар және басқа туристік-рекреациялық қызметтің дамуын да қадағалайды. Кәсіпкерлердің басқаруындағы ол орындар қатаң түрде қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына сәйкес ұйымдастырылуы керек. Биыл демалыс аймақтарын дамыту үшін конкурстық негізде 18 алаң қысқа мерзімді пайдалануға берілді. Осы жылдың маусым айында Бурабай ұлттық саябағы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттардың дүниежүзілік желісіне енгізілгенін атап өткен жөн. Бұл Бурабайдың табиғи туристік беделін көтеретіні өз алдына, кәсіпорынның ғылыми қызметкерлері орманды қорғау мен биоалуандықты арттырудың әлемдік озық тәжірибесіне қол жеткізе алады» деп атап өтті Президенттің іс басқарушысы.