Мақұлданған жаңа емле ережелерінің жобасы «Егемен Қазақстан» (18 қаңтар, 2019 жыл) газетіне жарияланғаннан бері тілге бей-жай қарамайтын тілші ғалымдардан бастап, қарапайым адамға дейін өз ұсыныс пікірлерін толассыз білдіруде. Әліпби бекітілгеннен кейін ең бірінші қолға алынған шаруа осы емле ережелерін түзу болғаны белгілі. Әрине, бұл бағытта өте үлкен еңбек жасалды. Оны бағалауымыз және мойындауымыз керек. Ықшамдалған әліпби жүйесімен 107 параграфтан тұратын ережелерді жүйелеп, құрастырып шығу жеңіл нәрсе емес. Емле құрастырушы ғалымдар емленің әр тарауын белгілі бір грамматологиялық негіздерді басшылыққа ала отырып, жазу теориясының принциптеріне сүйене отырып жазып шықты және ереже түзу ісін қазақ жазу тарихын тереңінен зерттеген ғалымдар мен тілдің әр саласының мықты мамандары қолға алған болатын. Әрине, жаңадан жасалған кез-келген дүние толықтыруды, өңдеуді, жүйелеуді талап ететіні белгілі. Осымен байланысты көптеген сын, ұсыныс-пікірлер де айтылып жатыр. Бірақ бұған қарап емле ережелері «нашар, сауатсыз жасалған» екен деген ой туындамауы керек. Жазу тарихымызға көз жіберсек, әр әліпбиді ауыстырған кезеңдерде де емле ережелері үнемі толықтыру, жүйелену, өзгертілу үстінде болғаны мәлім. Бұны көзі қарақты кез келген адам жақсы біледі.
2019 жылдың наурыз айынан бастап Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Елордада 72 сағаттық, өңірлерде 12 сағаттық дәрістер өткізіп жатыр. Ол дәрістерге филологтар, оқыту орталықтарының тіл мамандары, ЖОО-да қызмет ететін оқытушылар келіп қатысуда. Бұл дәрістердің негізгі бір мақсаты – латын графикасы негізінде жасалған жаңа емле ережелерін мамандар талқысына салу көзделген болатын. Осымен байланысты дәріске қатысушылардан Емле ережелеріне қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның сыртынан, «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланғаннан кейін «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы тарапынан да, зиялы қауым мен тілші ғалымдар тарапынан да жаңа емле ережелерін жетілдіруге қатысты құнды ұсыныстар жолдануда. Осыған орай, жаңа емле ережелеріне түзету мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 26 наурызда және 31 мамырда «Орфографиялық» топтың кеңейтілген семинар кеңесін өткізген болатын. Екі мәжілісте де жаңа емле ережелеріне қатысты ұсыныс-пікірлер талқыға салынып, емле құрастырушы ғалымдарға берілді. Қазіргі таңда емле авторлары сол ұсыныстар бойынша жұмыс жасауда. Сондай-ақ 31 мамырда өткен семинар кеңесте филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева бастаған ғалымдар тобы дайындаған «Қазақ тілінің пунктуациялық ережесі» талқыланып, сарапшы мамандар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер тыңдалды. «Қазақ тілінің пунктуациялық ережесін» тағы да талдап, сараптау мәселесі тамыз айына жоспарланып отыр. Ал алда өтетін 28-29 маусымдағы Орфографиялық топтың семинар кеңесінде емле ережелеріне қатысты ұсыныс-пікірлер тағы да талқыланып, бекітуге жіберілетін соңғы нұсқасын даярлау көзделіп отыр.
Гүлфар МАМЫРБЕК,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
ғалым хатшысы,
Ұлттық комиссия жанынан құрылған
Орфографиялық топтың мүшесі