«Ұлттық терминжасам ұстанымдары: теория және тәжірибе» атты семинар-кеңес өтті, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Терминжасам қай заман да өзектілігін жойған емес. Сондықтан болар өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көпшілігі тіл мәселесіне, оның ішінде термин жасау мен терминдер мәселесіне тоқталмай өтпепті. Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының термин жасаудағы еңбегі орасан зор.
Бұл іс-шараны ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты.
Семинар-кеңесте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д., профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Қажыбек Ерден Задаұлы «Салалық терминологиялық секциялардың қызметі туралы» атты баяндама жасады.
Сонымен қатар, Өмірзақ Айтбайұлы, Қарлығаш Айдарбек, Алмас Үдербаев, Қыздархан Рысберген, Орынай Жұбаева, Бейбіт Исхан, Бауыржан Жонкешов, Айгүл Досмайылова сынды ғалымдар да аталған тақыпта баяндама жасап, өз ұсыныстарын талқыға салды.
Өз баяндамасын филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы «Өз тілімізге өзіміз ие болып, заңдылықтарын өзіміз жасауымыз керек», – деп қорытындылады.
Тіл де уақыт өткен сайын ұшталып, дамып, жетіліп отыратын тірі ағаза сияқты. Сондықтан болар қазақ тілінде термин жасау мәселесінің уақыт өткен сайын маңызы артып келеді. Тәуелсіздігімізді алғалы бері термин жасау саласында елімізде көп іс тындырылды десе де болады. Бірақ, әлі де атқарылар іс аз емес.
Нұрлы Еділов