Гүлнарайым Қаңтарбекова: Мемлекеттік тіл саясаты – еліміздің болашағын баянды етеді

Гүлнарайым Қаңтарбекова: Мемлекеттік тіл саясаты – еліміздің болашағын баянды етеді

Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Хасенқызы ҚАҢТАРБЕКОВАМЕН сұхбат.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – халықтың тарихы, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі, жалпы рухани құндылықтарымыздың қайнар бастауы деуге болады. Осы бағытта Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қандай жұмыстар жүргізуде? 

– Елбасымыз атап көрсеткен жаңғырудың Үшінші кезеңіне көшуіміз жаһандық технологиялық бәсекелестігімізді арттырумен қатар, рухани-мәдени дамуымызға да серпін бергені анық. Ел бірлігін еселейтін мұндай тың бастамалар отаншылдық сезімін орнықтырып қана қоймай, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтай түсері хақ. Сондықтан, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір азамат тілдік ортаны жетілдіруге, оның ішінде қазақ тілін қазақстандықтардың ортақ тіліне айналдыруға өз үлестерін қосуы керек. Мемлекеттік тіл – сол тілде сөйлейтін халықтың өткені мен бүгінгісін таразылап, болашағын баянды ететін өте маңызды мәселе. Елдігіміздің басты шарты, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының асқақтығымен өлшенетінін ескерсек, қазіргі жаһандану үдерісінде жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодты сақтай білу де осы тіл құдіреті арқылы жүзеге аспақ.
Бүгінде тіл саласының өркендеуіне мемлекет тарапынан айрықша қолдау білдіріліп, барынша жағдай жасалған. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізде тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ісшаралар жоспары әзірленіп, жұмыс барысы жүйелі жолға қойылған. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы өңірдегі тіл саясатын жүзеге асыру үшін бірнеше басым бағыттарды басшылыққа алады.
Яғни, Бағдарлама аясында басқарманың қызметі:
- мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту;
- өңірде үштілділікті дамыту;
- ономастикалық кеңістікті реттеу;
- көрнекі ақпарат тілін біріздендіру;
- латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған.
– Қарағанды облысында тұрғындардың жартысынан көбі орыстілді десе болады. Тіл үйренем деген азаматтарды қазақ тіліне оқыту жұмысы қалай жүргізілуде?
– Облыс бойынша 6 тілдерді оқыту орталығы және 13 оқыту курстары жұмыс істейді. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған орталықтар мен курстарда мемлекеттік тілге 1450 адам, ағылшын тіліне 1178 адам оқытылды. Жылдан жылға мемлекеттік тілді оқуға ниет білдірген облыс тұрғындарының саны артып келеді.
Кейінгі жылдары өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген құлшынысы артып, оқыту орталықтары мен курстарға қамтылған тыңдаушылардың 50%-дан жоғарысын өзге ұлт өкілдері құрады.
ҚР Ассамблеясының Қарағанды облыстық филиалы жанынан ашылған «Мәміле» клубында Ресурстық тіл орталығының оқытушы-әдіскерлері қазақ тілін оқытуда. Әр сабаққа мемлекеттік тілді білудің арқасында жетістікке жеткен өзге ұлт өкілдері, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан құрметті азаматтар қонақ ретінде шақырылып, тұрғындармен диалогтар ұйымдастырылуда. Демалыс күндері ұйымдастырылатын бұл жобаға мемлекеттік қызметшілердің де қызығушылығы жоғары.
2018 жылдан бастап ұмыт бола бастаған көнерген сөздерді жаңғырту мақсатында телеарна арқылы «Сөз-зерде» интеллектуалды телеойыны көрсетілуде. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мен оған ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған «Мәңгілік тіл» телебағдарламасы арқылы мемлекеттік тілді меңгерген тұлғалардың жетістіктері насихатталуда.
Сонымен қатар, атажұртқа қоныс аударған қандастарымызды тілдік ортаға бейімдеп, қазақ тілінде жазу сауаттылықтарын арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінгі таңда өңірлерде осы бағытта кешенді жұмыстарды жүргізу жолға қойылған.
– Жалпы цифрландыру мәселесі қазір көп көтеріледі. Тіл саясатын жүзеге асыруда, соның ішінде оқыту процесінде цифрландыру қолданылады ма?
– Әрине, оқыту процесіне цифрлық технологияларды енгізу мақсатында, 2018 жылы мемлекеттік тілді онлайн қашықтықтан оқыту курстары ұйымдастырылды. Курстармен Қарағанды облысы әкімі аппараты мен басқарма басшылары, «Сарыарқа әуежайы» АҚ адам қамтылды. Оқыту жұмысы Skype бағдарламасының топтық жұмыстарға арналған қосымшасы арқылы жүзеге асырылды. Бұл тәсіл алдағы уақытта латын графикасына көшуге байланысты бейімдеу курстарын ұйымдастыруда да кеңінен пайдаланылатын болады.
Онлайн режимі арқылы қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып, оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушыларының біліктіліктерін арттыру мақсатында 2018-2019 жылары «STEAM» жүйесі бойынша тіл оқытуда мультимедиялық технологияларды қолдану» атты онлайн семинар-тренинг өткізілді. Бұл қазақ тілі курстары тыңдаушыларының, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін тиімді меңгерулеріне мол мүмкіндік береді.
– Қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік жайлы жиі айтылуда. Жалпы тіл саласына бұл жоба әлі терең енгізілмеген. Дегенмен, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы оқыту процесін МЖӘ аясында жүзеге асыруда. Ерекшелігі неде?
– «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» ЖК басқарманың тапсырысымен қазақ тілін оқыту курстарын 2019 жылдан бастап мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде өткізуде. Жоба 2019-2023 жылдарға қарастырылған (5 жыл). Осы уақыт аралығында қазақ тіліне 2650 адам оқытылады. Соның ішінде, 2019 жылдан бастап латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ тілі әліпбиі негізінде жүргізілетін болады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешенін латын графикасы негізінде әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Тиімділігіне келетін болсақ, жалпы кез келген шара конкурс арқылы жүзеге асатыны мәлім. Жылда шараны өткізуге жаңа конкурс жарияланады, тиісінше жаңа өнім беруші (жеткізуші) ұтып алады. Байқау, дөңгелек үстел сынды шараларға бұл әсер етпесе, оқыту процесіне тұрақтылық қажет. Себебі, тіл оқушы биыл А1 (бастауыш) деңгейін оқыса, келесі жылы А2 (қарапайым) деңгейді оқығысы келеді. Бір әдістеме негізінде оқып үйренген тіл оқушының басқа өнім берішінің әдістемесін қабылдау-қабылдамауы күман тудырады. Осының барлығын ескеріп, оқыту процесін толықтай мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асыру қажет деп шештік. Яғни, 5 жыл бойы қазақ және ағылшын тілі курстарын «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені негізінде «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» ЖК жүзеге асыратын болады. Бұл ең алдымен қазақ тіл оқуға ниеттенген тұрғындар үшін өте тиімді, себебі тіл үйрену бірізділікпен жүзеге асырылады.
Жобаның артықшылығы:
• STEAM технологиясы бойынша заманауи мультимедиялық Playposit, Socrstive, Thinglink және т. б. сияқты онлайн бағдарламалар пайдалана отырып, оқыту;
• Тыңдаушыларды қашықтықтан онлайн жүйесімен оқыту арқылы қамтылатындар санын арттыру (бұл жүйе бір мезетте 24 адамды қамтуға мүмкіндік береді);
• Skype бағарламасы арқылы әр тыңдаушымен жеке баланыс орнатып, үлгерімін жоғарылату;
• Мемлекеттік тілге оқыту курстарын, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесі бекітілгеннен кейін, латын әліпбиін қолдана отырып жүргізу;
• «Сарыарқа-2» кешені және республикалық «Казтест» жүйесі бойынша тестілерді әзірлеуші авторлардың бірі ретінде тыңдаушыларды қажетті әрі сапалы материалдармен қамтамасыз ету;
• Ағылшын тілі А1, А2, В1, В2 деңгейлері бойынша тілдерді меңгерудің жалпыеуропалық жүйесіне (CEFR) сәйкес жүргізу;
• Курстарды тек С1 деңгейлі сертификаттары бар оқытушылар жүргізеді.
• Тыңдаушыларды топпен мекемеге барып немесе орталық базасында оқытуға жағдайлар жасалған. Ол үшін "ЛКФ-C" мультимедиялық лингафондық кабинеті әрекет етеді.

– «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені жөнінде айтып өттіңіз. Оның ерекшелігі неде? Жалпы Қарағанды облысында ересектерге қазақ тілін оқыту әдістемесі қаншалықты дамыған?
– Ең басында кешен 2008 жылы «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені деген атаумен шықты. Әрине, «Қазтест» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі, мемлекеттік стандартқа негізделген қазақ тілін оқытудың коммуникативтік тілдік құзіреттілік талаптарын анықтайтын типтік бағдарлама енгізілген соң, осының барлығы тіл оқыту әдістемемізді заман талабына сай қайта жаңартумызға түрткі болды. Бүгінгі таңда кешен А1, 2, В1, В2 және С1 деңгейлеріне арналған оқу құралы, жұмыс дәптері және аудиодисктен тұрады. Басқа облыстардағы тіл оқыту орталықтары осы кешенді оқыту процесінде қолданатындарын мақтанышпен айта аламын. 2017 жылы кешен республикадағы ең үздік кешен деп танылып, республикалық бюджет есебінен шығарылып, барлық облыстарға таратылған болатын. Алдағы жоспарымыз - осы кешенді латын графикасы негізінде шағару. Сондай-ақ, 2018 жылы «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» ЖК-ның әдіскері Динара Қуанбаева Ахмет Байтұрсынов атындағы республикалық байқауда бас жүлдені иеленіп, «үздік оқытушы» мәртебесіне жеткен болатын. Осының өзі Қарағанды облысында әдістемелік база жоғары деңгейде дамығанын көрсетпейді ме? Биыл аталмыш байқауға орталықтың оқытушысы Ағымбаева Мунира қатысып, облысымыздың намысын қорғамақ. Сәттілік тілейік.
Биыл қараша айында «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі: оқу-әдістемелік кешен және цифрлық оқыту мүмкіндіктерін пайдалану» атты республикалық оқу-әдістемелік семинар ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Бұған республиканың түкпір түкпірінен ересектерге қазақ тілін оқытатын үздік әдіскерлер мен оқытушылар шақырылады.
Семинар барысында мемлекеттік тілді қашықтықтан оқытудың тиімді жолдары, STEAM жүйесі бойынша мультимедиялық технологияларды, Socrative, Playposit, Thinglink бағдарламаларын қолдану тиімділігі, онлайн оқыту барысында IDroo, RealTimeBoard виртуалды тақталарын, Quizlet бағдарламасын пайдалану ерекшеліктері қарастырылады, панорамалық онлайн сабақтар көрсетіліп, қатысушылардың өздері де онлайн режимде сабақ жүргізіп, жаттығады. Осының барлығы «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешенінің негізінде жүзеге асырылмақ.
– Үштілділік ше? Ағылшын тілін оқыту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Ағылшын тілін меңгерген ересек тұрғындар үлесін арттыру көрсеткішіне қол жеткізу мақсатында, ағылшын тілі курстары 2017 жылдан бері барлық 18 өңірде жүргізілуде. 2019 жылы облыс бойынша 1578 адамды ағылшын тіліне тегін оқыту көзделуде.
Сондай-ақ, облыстың бірқатар өңірлерінде «English time» клубтары әрекет етуде.
БАҚ-тың әлеуетін пайдалана отырып, тілдерді оқыту процесінің тиімділігін арттыру және оған тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық «Сарыарқа» телеарнасы арқылы «Үш тілді оқыту телесабақтары» телевизиялық жобасы жүзеге асырылуда. Осы телесабақтар республика көлемінде үштілділікті дамытуға арналған «Tilmedia.kz» порталына жарияланды.
Қарағанды облысы үшінші жыл қатарынан республикалық «Тілдарын» байқауының бас жүлдегері атануда:
2016 жылы Шет ауданының Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның оқытушысы Нұрхан Нұрланов;
2017 жылы Қарағанды экономикалық университеттің студенті Марат Әлібек;
2018 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті Никита Савин. Бұл облыс жастары арасында үштілділік саясаты дұрыс бағытта екенінің айқын көрінісі.
– Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдану, соның ішінде құжат айналымының қазақ тілінде жүргізілу мәселесі сынға ұшырап жатады. Қарағанды облысындағы жағдай қалай?
– Мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі кіріс-шығыс құжаттарының үлесіне тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Сараптама қорытындысы облыстағы мемлекеттік мекемелердің жалпы құжат айналымындағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 88,3%-ды құрайтынын көрсетті. Сараптау-талдау жұмыстары көрсеткендей, көптеген мекемелерде мемлекеттік тілдің көрсеткіші аудармашылар есебінен жүзеге асады. Жалпы, құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі төмен мекемелердің қатарына жеке және заңды тұлғалармен жиі хат-хабар алмасатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, сәулет және қала құрылысы бөлімдерін жатқызуға болады. 2017 жылдан бастап мемлекеттік мекемелерде тіл заңнамасының орындалуын тексеруге республика көлемінде шектеу салынған болатын. Дегенмен, біз қол қусырып отырмай, 2017 жылы қала, аудан әкімдері аппараттары мен мемлекеттік мекемелерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалу барысын бақылау жұмысын жүргізіліп, облыстың 14 өңіріндегі 83 мемлекеттік мекемеге әдістемелік көмек көрсеттік. 2018 жылы осындай жұмыспен 4 өңірдегі 32 мекеме қамтылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша анықтамалар дайындалып, облыс әкімі орынбасарының қолымен қала, аудан әкімдеріне кемшіліктерді жою үшін жолданды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық қала, аудан әкімдерінің өкімдерімен «құжат айналымын ішкі бақылау» топтары құрылып, олардың тараптарынан да мемлекеттік мекемелерге өз деңгейлерінде әдістемелік көмек көрсетілуде.
Жергілікті атқарушы органдардың мәжіліс, жиындарын мемлекеттік тілде өткізу мақсатында облыс әкімі аппаратының, Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Абай ауданы әкімдері аппараттарының мәжіліс залдары ілеспе аударма жасайтын қондырғылармен жабдықталған.
Бүгінгі күні облыс бойынша 300-ден астам аудармашылар мен іс жүргізушілердің аудармашылық курстарынан өткендігін растайтын сертификаттары бар.
Жылда облыстық деңгейде «Құжат дайындау және ілеспе аударма ерекшеліктері» тақырыбындағы семинар өткізіліп, ілеспе аударманың ерекшелігі, мемлекеттік тілдің іс жүргізудегі негізгі тіл ретінде қолдануын жетілдіру және іс-тәжірибе алмасу, мекеме құжаттарының мемлекеттік тілдегі іс жүргізу талаптарына сәйкес ресімделуін біріздендіру жұмыстары үйлестіріледі.
Ілеспе аударма жасайтын аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында «Ілеспе аударма тәжірибе жүзінде» атты дайындық курстары өткізіліп, ілеспе аудармаға қабілеттері мықты 10 маман іріктеліп алынып, тереңдетілген курстарда дайындықтан өтті.
Ересек тұрғындарға арналған үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқытудың стандарт-технологиясы негізінде, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалымен бірлесе өткізілген «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі» атты семинар барысында да жазу сауаттылығы мәселесімен бірге ілеспе аударма мәселесі де талқыланды.
Аудармашылар мен іс жүргізуші мамандарды ынталандыру мақсатында жыл сайын облыстық деңгейде, қала, аудандарда «Үздік аудармашы» және «Мемлекеттік тілде іс жүргізу үздігі», «Тіл шебері», «Тіл білгірі» байқауларын тұрақты түрде ұйымдастырып, өткізіп келеміз.
Дегенмен, мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын мамандар қатары әлі де болса аздық етеді. Болашақта бұл мәселені басты назарда ұстап, шешімін табу жағын қарастырудамыз. Тағы бір айта кетерлік ұсыныс, жергілікті атқарушы органдар құрылымдарындағы мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту жұмысын тиімді жүргізуге баса көңіл бөлініп, басшы лауазымынынан бастап қатардағы қызметкерге дейін жауапкершілікті сезінсе, мемлекеттік тілге жанашырлық танытса бірқатар мәселелер өздігінен шешілер еді.
Биыл ҚР БП ҚСжАЕАК арқылы (ҚР Бас прокуратурасы) бақылау жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілді. Енді осы бағыттағы жұмысымыз жанданатын болады.
– Бақылау жұмысы тек мемлекеттік мекемелерге қатысты ғана жүргізіледі ме? Әлде қоғамның талқысынан өткізіп, кемшіліктердің алдын алу, келешекте болдырмау шаралары қабылданады ма?
– Үнемі күн тәртібінде тұратын маңызды мәселенің бірі ретінде мемлекеттік тілді іс қағаздар тіліне айналдыру мен құжаттамаларды мемлекеттік тілде ресімдеуді айтар едім. Нақты айтар болсам, басқару тетігіндегі тілге қойылатын талап мекеме қызметіне тікелей әсер ететіні анық. Сол себепті, облыс әкімдігінің жанынан құрылған мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру комиссиясы тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Оның құрамында белгілі қоғам қайраткерлері бар. Жылына 4 рет өткізілетін Комиссия отырысында қала, аудан әкімі аппараттарынан, мемлекеттік мекемелерден өзге облыс аумағындағы ЖШС, ҚБ, ЖОО тарапынан («Қазақтелеком» акционерлік қоғамының филиалы - Қарағанды облыстық телекоммуникациялар дирекциясы, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Сарыарқа әуежайы» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ Қарағанды жол бөлімшесі, ҚР «Ұлттық банк» РМК филиалы, жоғары оқу орындары, «Қарағанды Су» ЖШС, «ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС және т.б мекемелерде) тілдердің үштұғырлығы сасатының жүзеге асырылуы, көрнекі ақпарат, ономастика, латын әліпбиіне көшу жұмыстарын ұйымдастыру және т.б. мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар беріледі.
Одан өзге тіл саясатының жүзеге асырылуы мәселесі облыс әкімі орынбасарының төрағалық етуімен өтетін кеңейтілген алқа отырысында, тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының төрағалық етуімен өтетін алқалық жиында (жылына 2 рет) және қалалық, аудандық салалық бөлімдердің басшыларының есептерін тыңдау (жеке кесте бойынша) арқылы жүзеге асырылады.
Жыл сайын тіл саясатының жүзеге асырылу барысы жөнінде облыс әкімінің қаулысы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының қаулысы шығарылып, орындалуы қатаң бақылауда болады.
Жалпы, құжат айналымын сауатты жүргізу білім беру саласынан басталады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарына сәйкес, барлық орта-арнаулы оқу орындарында «Қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі» және «Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу» пәндері оқытылады. Жоғары оқу орындарының базасында қазақ және орыс тілді топтарға «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пәні бойынша сабақтар жүргізіледі. Бұл сабақтардың студенттерге үйретері мол, себебі, құжаттарды мемлекеттік тілде рәсімдеу, іс қағаздарын өз бетінше қазақ тілінде толтыру дағдыларын олар осы сабақ барысында біліп шығады. Сондықтан жұмысқа алғаш орналасқан жас маманға оқу орнында жинақтаған тәжірибесі көп пайдасын тигізетіні анық. Бұл ретте Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының бастамасымен «ҚАЗТЕСТ тапсыруға дайындау», «Қазақ тілін жеделдете оқыту» атты онлайн курстарын жүргізуде.
– «Қазтест» жүйесі жөнінде айтып өтсеңіз.
– 2013 жылдан бастап жалпы Қарағанды облысында 19630 адам «Қазтест» бағдарламасы негізінде тест тапсырды. Тестіленушілердің 10187-сін мемлекеттік қызметшілер, 11314-ін мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлері құрады. Қарағанды облысындағы мемлекеттік қызметшілер саны 6675 (тапсырғаны - 10187) екенін ескерсек, аталмыш санаттағы қызметшілер толығымен (артығымен) тест тапсырулары қамтамасыз етілді. Жалпы 6 жылда В1, В2, С1 деңгейлерін растаған мемлекеттік қызметшілер үлесі 45,7% (4664 адам), мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің үлесі 59,1% (6692 адам) құрады.
Тест тапсырушыларды алдын ала дайындау мақсатында қала, аудандарда түрлі семинар, шеберлік сыныптары, арнайы курстар тұрақты негізде ұйымдастырылады, соның ішінде оқытушыларға арналған шаралар да. Мысалы, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында өткен «Қазтест» стандартын түсіндіруге негізделген шеберлік сыныбы» тақырыбындағы семинарларға облыстың оқыту орталығының оқытушылары, басқарма мамандары қатысып, біліктіліктерін арттырды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруге дайындық жұмысы басталып та кетті. Осы бағытта басқарма тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Облыстағы тілдік ахуалды одан әрі жақсарта түсу мақсатында бүгінде алдымызда үлкен міндеттер тұр. Соның негізгісі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өмірге келген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бастамасы.
Қарағанды облысы аумағында қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі жанынан «Ресурстық тіл орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Қарағанды облысының қала, аудан әкімдіктерінде «қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі маман» бірліктері, яғни 15 адам алынды. Аталмыш мамандар өңірлер тұрғындарын жаңа әліпбиге дағдыландыру жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш мамандар алдыңғы кезекте мемлекеттік қызметшілерге ерекше көңіл бөліп, орындарда дағдыландыру жұмыстарын жүргізуде. «Ресурстық тіл орталығы» тұрақты негізде өткізетін «Латынша жазып дағдыланамыз» тренингілерімен мемлекеттік, азаматтық қызметшілер, жеке тұлғалар қатарынан 2019 жылдың есептік кезеңінде 11 мыңнан аса адам қамтылып үлгерді.
Соның ішінде мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар мектепке дейінгі, орта, арнайы және жоғары білім беру ұйымдарының, мәдениет, денсаулық, құқық қорғау, әскери салалардың өкілдері, «Ұлттық банк» РММ Қарағанды филиалы, сондай-ақ «Нәтиже сүт» фабрикасы, «Kazakhmys Maker» ЖШС, «Қарағанды су» сияқты жеке сектор қызметкерлері де тренингтермен қамтылды.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының тапсырысына орай «Облыстық тілдерді оқыту орталығы» ЖК-ы тұрақты негізде латыннегізді әліпбиді тереңірек оқытуға бағытталған семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізіп, оқытушылардың біліктіліктерін арттыруда.
ҚР МСМ-нің Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - Қазына» РҒПО базасында ұйымдастырылып жатқан 72 сағаттық оқыту курсында біліктіліктерін арттырған тренер-мамандар жоспарға сәйкес облыс өңірлерінде оқытушыларды дайындауда.
Қарағанды облысының қала, аудан әкімдіктерінде «қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі маман» бірліктері (16 адам) алынды. Аталмыш мамандар өңірлер тұрғындарын жаңа әліпбиге дағдыландыру жұмыстарын жүргізуде.
Ересектердің латын қарпінде жазу және оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында Instagram және Facebook әлеуметтік желілер мен қоғамдық орындарда, YouTube видеохостингінде (20 мыңнан аса адам) түрлі акциялар мен жобалар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, облыстық және өңірлік баспа беттерінде оқырмандарды латын негізді әліпбимен және жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерімен таныстыру мақсатында арнайы айдарлар ашылып, үстіміздегі жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында облыстық «Saryarqa» телеарнасында жаңа әліпбиді «Birge úıreneıik» телесабағы эфирге шығады. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде әр сенбіде шығатын «Jańǵyrý jazýdan bastalady» тақырыбындағы айдар шалғай жатқан елдімекен тұрғындарына өз беттерімен жаңа әліпбиді үйренуге қолайлы болып отыр.
«Әдіскерге көмек» онлайн-акциясы, WhatsApp желісіндегі «Аудиодиктант жазамыз» акциясы, қоғамдық орындар, саябақтар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік қызмет көрсету саласы ұйымдардарындағы «Latyndy qolda» акциясы, KRGTIL.KZ қазақ тіліндегі мәтіндерді кириллицадан латиницаға аудару конвертері автоматтандырылған жүйесі, 2D форматында анимациялық бейнеролик, Фейсбук және Инстаграм парақшаларындағы #latyndyqolda, #krglatyn хэштегімен ақпараттар, әлеуметтік желілердегі «Бүгінгі ой», «Латын-караоке», «Латын субтитр», «Мақалды жалғастыр», қоғамдық көліктердегі «Jyly sóz», «Janyńyz jadyrasyn» тақырыптары аясындағы латын негізді қазақ әліпбиінде жазылған мотивациялық цитаталар және т.б. жобалар Қарағанды облысы тұрғындарының жаңа әліпбиді тиімді меңгерулеріне мүмкіндіктер туғызуда.
Былтыр республика көлемінде тұрындардың қазақ тілінде сауатты жазу дағдысын қалыптастыру мақсатында Қазақстан халықтарының тілдері күні қарсаңында бір мезгілде диктант алу жұмыстары ұйымдастырылып, оған Қарағанды облысы да қатысқан болатын. Бір мезетте 120 мыңнан астам адамнан диктант алынды. Биыл да сол дәстүрді жалғастырып, диктант алмақ ойымыз бар. Бұл жолы диктант тапсыру жұмысынан үздік деп танылғандарға сыйлықтар табысталатын болады.
Облыс ұйымдары мен мекемелерімен мемлекеттік тілді қолдану және жаңа әліпби енгізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
– Мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып тұрады ма?
– Қасиетті сөз өнерін қадірлеп, тілді барынша насихаттап жүрген жастарға қолдау көрсету – ұлтымыздың рухани жаңғыруы мен отаншылдық қасиеттерін көтерудің бірден-бір жолы екені белгілі. Бұл қадам, болашақта көкжиегіміздің кеңейіп, рухани кемелдегіміздің артуының кепілдігі екені сөзсіз. Өркениеттің заңғар биігіне шығарар баспалдақ – ұлттық болмыс десек, сол ұлттық болмыстың бір ұшығы тілмен сабақтас. Қоғамдық сананы рухани тұрғыдан жаңартып, одан әрі жаңғырта түсу рухани қазыналарымызды, оның ішінде ана тіліміздің тұғырын одан әрі асқақтатып және оны ұрпақ кәдесіне жаратумен тығыз байланысты. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, оны өскелең ұрпаққа саф алтындай таза күйінде аманаттау бүгінгі басты міндеттеріміздің бірі. Тіліміздің қоғамдағы беделін нықтап, оның барлық саладағы белсенді қолданысын қамтамасыз ету үшін, жас дарындарды анықтап және оларға қолдау көрсету мақсатында рухани-мәдени, қоғамдық маңызды іс-шаралар, тіл мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі байқаулар Орталық Қазақстан өңірінде де тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жылда ұлы дана, ағартушы тұлғалардың, ақын-жазушыларымыздың мерейтойларына орай республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-ағартушылық конференция өткізу дәстүрге айналды. Мәселен, өткен жылдары Шортанбай жыраудың, Қаз дауысты Қазыбек бидің, Әсет Найманбайдың, Әлихан Бөкейханның мерейтойларына орай конференциялар ұйымдастырылса, биыл Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығы аясында ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуге дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы, Қ.Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» жыр мүшайрасы, «А.Сейдімбек атындағы әдеби-шығармашылық байқау» жыл сайын дәстүрлі негізде өткізіледі.
Облыс аумағында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және тілдерді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейтуге қомақты үлес қосып жүрген тұлғаларды ынталандыру мақсатында 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығына 2017 жылдан бері 4 номинация қосылып, лауреаттар қатары үш тілді еркін меңгеріп, оны өз қызметінде, күнделікті өмірде еркін қолданатын жас азаматтармен, сондай-ақ, мемлекеттік тілді бизнес арқылы насихаттап, демеушілік танытып жүрген кәсіпкерлермен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарымен толықты.
– Көшедегі жарнама жайына тоқталып өтсек.
– Облыстағы деректемелер мен көрнекі ақпаратардың сауаттылығын қадағалап, тілін ретке келтіріп, бір жүйеге түсіріп, олардың заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша үгіт-насихат, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, олардың жай-күйін қадағалау мақсатында өңірлердегі әкімдіктер аппараттарының қызметкерлерімен, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдерімен жылына төрт рет «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлықтар жарияланып, тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
1-ші жартыжылдықта «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» айлығы 2 рет өткізілді. Рейдтік шаралар барысында 3595 нысан қамтылып, 656 бұзушылық анықталды, бүгінгі таңда 478-і түзетілді, бұл 73% құрайды.
Дегенмен, түйткілді мәселенің бірі – көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамаларды орналастырмас бұрын олардың мәтіндерімен келісу жұмысында бірізділіктің жоқтығы. Жарнама иелері көп жағдайда тілге жауапты бөлімдерден айналып өтетіндіктен, сауатсыз, заңға қайшы сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттар ілініп жатады.
Көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамаларда кездесетін осындай заңбұзушылықтар мен қателіктерді түзету және олардың алдын алу, сондай-ақ, тауарлық жапсырмалар және т.б. мәтіндерінің қатесіз әрі сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында тіл саясатымен айналысатын облыстық басқарма мен қалалық, аудандық бөлімдер жанынан шағын және орта бизнес өкілдері және жарнама агенттіктеріне тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» («Callcenter») қызметі құрылып, басқарма мен бөлімдерден «Жедел желі» жұмысына жауапты мамандар тағайындалған. Ағымдағы жылдан бастап көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама мәтіндерін ресімдеуде тегін консультациялық көмек көрсететін өңірлік «Callcenter» жұмысы жеделхат және вацап арқылы жүзеге асырылады. Есепті кезеңде «жедел желі» қызметіне 1000-нан астам кәсіпкер өтініш білдірді.
– Бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсенділік қаншалықты жолға қойылған?
– Мемлекеттік тіл саясатына ақпараттық қолдау көрсету арқылы оны бұқараға кеңінен насихаттау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы өте зор. Бұл мемлекет идеологиясының маңызды әрі басым бағыттарының бірі десек қателеспейміз. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында тілдердің қолданылу аясын кеңейту және оны танымал ету, сондай-ақ, тіл мәдениетін арттыруда телеарналар мен мерзімді басылымдардың, интернет ресурстарының әлеуетін пайдалануға барлық мүмкіндік қарастырылған. Аталған кезеңде облыстық және жергілікті БАҚ-да тіл саясатын насихаттау бойынша 1341 материал жарияланды (мерзімді басылымдарда 645 жарияланым, 41 сюжет, 655 интернет-мақала және әлеуметтік желілердегі постылар). Қазір біз фейсбук, инстаграмм арқылы халықпен тікелей жұмыс жасап, кері байланыс орнатқанды құп санаймыз. Сол себепті өз жұмысымызға қатысты барлық ақпаратты бірден осы әлуметтік желілер арқылы қалың бұқараға жеткізіп отырамыз.
– Гүлнарайым Хасенқызы, облыста атқарылып жатқан кешенді жұмыстар жөнінде кеңінен, жан-жақты талқылап әңгімелеп бердіңіз. Cұхбатыңызға көп рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан Нұрлы Еділов.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста