Елдікті ойласақ әскери термин мәселесін де ұмытпайық!
Тіл - жанды ағза тәрізді. Ол заманмен бірге дамып, технологниялық үдерістермен бірге жетіліп отырмаса – ескіреді, қолдануға жарамсыз болып қалады.
Өйткені, заманауи дүниелерді жеткізе алмайды, ақпараттық әлеуеті азаяды, бір-бірте тоқырайды. Бұл тіл саласынан аз-маз хабары бар кез-келген адамға белгілі жайт. Сондықтан да тілді дамуында терминологияның алатын орны ерекше. Елімізде қабылданған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» терминологияның міндеттері тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Сол міндеттерді атап көрсететін болсақ «қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 2020 жылға қарай 100 пайызға жетіп, терминологиялық комиссия бекіткен терминдердің саны 2020 жылға қарай 27 мың болуы тиіс» екен. Бұл міндетті орындау оңай шаруа емес. Рас, еліміз тәуелсіздік, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған ширек ғасырдан асатын уақытта тілдің салалық терминологиясында айтарлықтай ілгерлеу бар.
Ғылымның әр саласы мен әлеуметтік мәні бар бағыттар бойынша терминологиялық сөздіктер жарық көрді, заманауи ұғымдардың баламасын табуға байланысты тың ізденістер баршылық. Қазақи түсінікке жақын және баршаға ұғынықты терминдерді табу оңай іс емес. Өйткені, қазақтың көне әскери терминдері көбінесе танымдық сипатта болып келеді. Ал, қазіргі Қазақстан Армиясы орасан үлкен сала. Өзіндік болмысы, пішіні бар. Әскери терминдер қазақ елінің қорғаныс саласын, әскери саясатын, ұрыс жүргізудің тактикасы мен стратегиясын мазмұнға сәйкес бейнелеуі керек. Оның үстіне әскер саласы қарыштап дамып келеді. Небір жаңа қару түрлері мен әдіс-тәсілдері пайда болып жатыр. Яғни, әскери терминдер бұндай өзгерістерге шапшаң үн қатуы тиіс. Әскери терминге басты қажеттің бірі – қысқа және нақты болуы. Шұғыл жағдай туғанда оған қосымша түсінік берілмеуге тиіс. Бір ауыз сөз – жағдайдың болмыс бітімін айқындайды. Сондықтан, әскери терминология саласына өте мұқият болған абзал. Оның үстіне, ол әскери қару-жарақ пен оның техникалық мүмкіндіктерін, қыры мен сырын да жеткізіп тұруы керек. Яғни, тек мазмұн ғана емес, жалпы ғылыми дерек пен ғылыми түсініктер де айнасы болуға тиіс екен. Мұны терең түсінетін және осы саланың қиындығын жақсы білетін Құрлық әскерлері әскери институты Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі Биғат Тамаеваның былай деуі тектен-тек емес. «Әскери терминологияның әскери ғылым тілінде де, сондай-ақ әскери өмірдің практикасында да күн сайынғы қолданысы артып келе жатқанын шамалап отырмыз. Дегенменде әлі күнге дейін әскери терминологияның мемлекеттік тілдегі баламалық табиғаты оңтайлы түрде түгелдей шешім тауып жатыр деп те айта аламаймыз. Біріншіден - әскери мазмұнды айғақтайтын қазақ тіліндегі оқу құралдары мен оқулықтарының жоқтығы, екіншіден қазақ тілінде жарық көрген әскери техника тілі мен бүгінгі өркениеттік заман талабынан туындайтын әскери ғылым тілінің мемлекеттік тілде даярланбауы әскери терминологияның мемлекеттік тілде орындалуына өріс алып кетуіне байлау болып отырғаны белгілі» дейді әскери терминология саласындағы белгілі маман. Шын мәнінде әскери терминдерді табу ғана емес, оны әрбір жауынгерге түсінікті қалыпқа жеткізу бір күннің ісі емес. Әрине, ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды. Ұмтылыс пен талап баршылық. Оған осыдан оншақты жыл бұрын жарық көрген «Қазақша әскери терминдердің түсіндірме сөздігін» айтуға болады. Сөздік қазір әскер саласында қолданыста жүрген сөздерге түсінік береді. Ол біртіндеп кеңіп келеді. Биылғы Отар полигонында Ебасы – Жоғары Бас қолбасшының қатысуымен өткен әскер шерудегі бұйрықтар қазақ тілінде болғаны белгілі. Соның өзі бұл салада біршама істер атқарылғанын көрсетеді. Бұл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы ҚР Қорғаныс министрінің 2007 жылы 15-желтоқсандағы № 402 бұйрығының жемісі деп бағалауға болады. Бұл терминдердің сөздіктен шығып, әскери өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанының белгісі. Ендігі міндет оны терең енгізу. Бұл міндет тек әскерилердің ғана емес, ғылым мен техника тілін ұғатын, олардың мінездемесінен терең түсінетін тілші ғалымдардың да борышы деген жөн болады. Міне, дәл осы жерде күрмеулі дүниелер көп болып тұр. Тілші ғалымдар оқта текте үн қатқаны болмаса, әскери терминдерді қалыптастыруға пәлендей үлес қосып жатқан жоқ. Ал, термин лингвистикалық та мәселе. Оның аналитикалық, синтетикалық, семантикалық та салалары бар. Әскери термин жалпықазақтық таныммен, психологиямен, тілдің ерекшелігімен үндес болмаса, ол кеңінен қолданысқа түспейді. Сондықтан әскери термин жасау ісіне баршаның атсалысқаны абзал. Мәселен, Армияда сұрапталған әскер бөлімшесін «гвардия» деп атайтыны белгілі. Оның «ұлан» деп аудардық. Қателік жоқ сияқты. Ал, мағынасына терең бойлайтын болсақ, ұлан бірлік, жекелік мағына береді. Гвардия дегеніміз тұтасқан, көп деген мағынаға жақын. Таяуда бір тілші ғалым «ереуіл» сөзінің мағынасын айтып берді. Ереуіл атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме? Сондағы «ереуіл» - бес қаруы сай, ұтқыр қимылға бейім, ұрыс тағдырын шешіп жіберетін, іріктеулі әскери бөлім екен. Гвардия дегеніміз де сол емес пе? Әрине, біздікі долбар, болжам, ұсыныс қана. Дәл осыны қабылдау керек деген сөз емес Оның дұрыс, бұрыстығын сарапқа салу көру керек. Дегенмен де салалық терминология саласына сондай ықлас-пейілдің керек екеніне сөз жоқ Сонда ғана қазақ тілі қарым-қатынас құралы қызметін толыққанды атқара алатын болады.
С. Ақынжанов