Келіншек: "Үш балам бар. Тағы бір бала туып алсам деймін. Сонда 44 мың теңгеге ілінем. Коронавирус деп тууға қорқып қалдық қой. Мына пәленің кететін түрі жоқ. Құдай сақтасын, көтере берем-ау. Әйтпесе жұмыс жоқ. Мемлекеттен еш көмек жоқ. Бала-шағаны асырау керек. Ай сайын 44 мың түсіп тұрса, әйтеуір жыртыққа жамау ғой" деді. Үндемедім.
Бұл - шындық, бүгінгі Қазақстанның шындығы. Мұндай әңгімені бұл келіншектен ғана емес, талай әйелден естігем. Сіз де естіп жүрсіз. Үш баласы бар, жұмыссыз әйелдердің кейбірі төртінші баласын жәрдемақы үшін туғаны не туғысы келетіні жасырын емес.
"Алты балам бар. Алпыс алты мың теңге алам. Құдайға шүкір, ай сайын сол ақшаны алып, күн көріп жатырмыз. Әйтпесе күйеуімнің де, менің де тұрақты жұмысым жоқ" деді тағы бір таныс келіншек.
Екі келіншек те еңбекқор. Мақта да тереді, шабық та шабады. Біреудің үйін ақтап, сырлап беріп, ақша табады. Тек тұрақты жұмыстың жоқтығы еңселерін басып тастаған. Төрт баласы, одан көп баласы бар отбасыларға жәрдемақы берілмесе, жағдай тіпті қиын болар еді.
"Қалада жұмыс табуға болады. Астанаға екі-үш рет барып, ыдыс жуып, аспаздың көмекшісі боп екі-үш ай істедім. Жиен қызым үйдің ішіне ремонт жасайды, (келіншектің сөзін сөзбе-сөз жазып отырмын) соған көмектестім. Астанада жүргенде балаларымды қатты сағындым" дейді бірінші келіншек.
Ауылдағы жұмыссыздық мәселесі жақын уақытта шешілмесе, жағдай тым күрделі.
Пайдасыз форумдар өткізбей ауылды көтеру керек. Әр аудан орталығында мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз ететін өндіріс ошақтары ашылу керек. Мемлекет бюджетінен кеш өткізіп, миллиондарды шашуды қою керек. Сол ақшаға ауылдың көшелерін жөндеу керек.
Жақында үйге мамамның әпкесі, сіңлілері қонаққа келді. Мамамның әпкесінің жасы жетпісте. "Біздің ауылдың адамдары "Ауыл" партиясына дауыс береміз деп жатыр. Еш болмаса, көшелеріміз жөнделіп қалса, неміз кетеді" дейді" деді әпкем.
"Ауыл" ауыл адамдарының үмітін сөндірмесе екен.
Ая Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан