Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесінен, тіпті екі жылдан бері Тұңғыш Президент күнінен де бұрын құрылып алатын жаңажылдық безендірулер мен шыршаларға қатысты шу толастамай тұр. Жыл сайын бұл көрініс қоғам қарсылығына тап болғанымен, келер жылы бәрібір қараша айының ортасынан бастап шыршалар қайтадан бой түзеп алады. Ақиқатында Тәуелсіз елдің тарихында Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күнінен асқан қасиетті күндер болмауы керек. Әсіресе Тәуелсіз елдің қадірін ғасырлар бойы азаттықты аңсаған, талай жылдар тәуменді елдің күнін кешкен еліміз жете түсінуі керек еді. Өкінішке қарай, Жаңа жыл мерекесі үшін шырша құрудан бәсекеге түсіп, 38 миллион теңгесін аямайтындар Тәуелсіздік мерекесіне бір билборд іліп, құтылып кетіп жүр.
Жыларсың ба, күлерсің бе?! Түсіне білген адамға өзге елден келіп, дәстүрімізге еніп кеткен Жаңа жыл мерекесі мен ғасырлар бойғы арманымыз, батыр бабаларымыз тіпті азат ел атану үшін өмірін қиған Тәуелсіздіктің арасын салыстыруға да келмейді емес пе?! Ал бүгінгі күні Тәуелсіздік мерекесінің тіпті Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоюы елдігімізге сын екені анық. Сұрастырып көрсек, Алматы қаласының әкімі қалаға қарасты мектептер мен Жоғарғы оқу орындарына, мекемелерге қараша айының басынан бастап Жаңа жылға дайындықты бастауға ауызша пәрмен берген көрінеді.
Айзада ӘЛІПХАНОВА, Алматы қаласының тұрғыны:
– Қаладағы мектептердің бірінде қарапайым жұмысшы болып қызмет істеймін. Қала әкімшілігі тарапынан жаңажылдық дайындықты бастауға қараша айының 10-дарында тапсырма берілді. Осыған сәйкес, мектеп директорлары бізге тапсырма берді. Естуімше, жаңажылдық дайындыққа миллиондаған теңге кетеді екен. Ұлттық маңызы жоқ мерекеге соншалықты дайындықтың не керегі бар?!
Әрине, Жаңа жыл мерекесі тойланбасын демейміз. Тойлансын. Бірақ әр нәрсенің өз деңгейінде болғаны дұрыс емес пе?! Мәселен, жаңажылдық дайындық та әр қаладағы жергілікті басқару органдары тарапынан ұйымдастырылатыны жасырын емес. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі екі жыл қатарынан Тәуелсіздік мерекесі өтпей, жаңажылдық дайындықтар басталмайтынын қадап айтты. Айтқандай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі келмей жатып шыршалар құру, қызылды-жасылды жаңажылдық құттықтаулар ілу секілді дайындықтар аталмыш өңірде әзірге тоқтап тұр. Ол үшін облыс әкімінің әлдекімдерден «таяқ» жеп, сөгіс естіп жатқаны да байқалмайды. Демек, жаңажылдық дайындық – әр қаланың әкімінің қалауына, ұлтжандылығына, Тәуелсіздікке деген көзқарасына қарай ұйымдастырылатын нәрсе. Былтырдан бері Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі басқарып отырған облыста Тәуелсіздік күніне дейін Жаңа жылға дайындық жүргізу, шыршаларды сәндеу, жаңажылдық белгі-нышандарды ілу секілді шараларды болдырмау жөнінде тапсырмасы өзге өңірлердегі әкім-қараларға үлгі болса, қанекей. Естуімізше, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұл игі істі биыл Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев те қостап, Тәуелсіздік күні аталып өтпей, Жаңа жылға қатысты шараларды өткізбеуге қарамағындағыларға тапсырма берген көрінеді. Қуанарлық-ақ жағдай.
Жаңажылдық мерекені тойламақ түгіл, шырша құрудан өзара сайысқа түскен әкімдердің әрекеті шынымен халықты қынжылтатындай-ақ болып тұр. Мәселен, былтырғысынан 10 метрге биік Керекудің бас шыршасының құны 38 миллион теңгеге бағаланып отыр. Ресейдің Калуга қаласынан сатып алынған шырша ағашының өзіне 16 млн 700 мың теңге жұмсалса, «Солтүстік арай» деген атауға ие болған 250 метрлік гирлянданың өзі қазынаны 9,4 млн теңгеге ортайтыпты. Аталмыш шыршаның басына ілінген жұлдыз 625 мың теңге тұрса, шыршаның қасындағы Аяз атаға – 430 мың, Ақша қар мен аққалаға 800 мың теңге кеткен көрінеді. Ең өкініштісі, шыршаға мемлекеттің ақшасын миллиондап шашқан шенеуніктер ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне жетім қыздың тойындай 1-2 баннер ғана іле салған. Осылайша әкімдердің шырша құру жарысы төл мерекемізге төр берер емес. Айта кетер жайт, Тәуелсіздік мерекесін жаңажылдық дайындықтың тасасында қалдыру халықтың да қалауы емес. Халыққа Тәуелсіздік мерекесінің Жаңа жылдың тасасында қалғаны керек емес. Әкімдердің осыны түсінетін кезі жеткен секілді. Талай рет қоғамдық белсенділер мен саясаттанушылар да Тәуелсіздік мерекесінің Жаңа жылдың тасасында қалуына қатысты сын-пікірлерін айтып жүр. Алайда мұның барлығы қала әкімдерінің қаперіне кірер емес. Шын мәнінде, Тәуелсіздік мерекесі өткеннен кейін де Жаңа жылға дейін бақандай он шақты күн бар. Шын дайындық жасаймын деген адамға он күн де аз уақыт емес. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасы басқа әкімдерге үлгі болса игі.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов жыл сайын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі өткенге дейін облыс аумағында жаңажылдық шырша орнатпау туралы аудан, қала әкімдері мен мемлекеттік мекеме, ұйым басшыларына тапсырма береді. Бұл – «елім» деген ердің тірлігі! Өткен жылы да дәл осылай тапсырма беріп, жаңажылдық безендірулер мен шыршалар орнату тек 18-19 желтоқсан күндерінен ары қарай басталған еді. Жаңа жылға дейінгі аралықтағы Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні тәрізді ұлттық мерекелер Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қояды. Жаңажылдық дайындықтан қыруар ақшасын аямағандар, Тәуелсіздік күніне қатысты «Тәуелсіздік күні құтты болсын!» деп қана жазумен құтылады. Бұл ең алдымен келешек ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Дәл осы тақырып жыл сайын айтылса да, оны құлаққа ілер әкім қаралар болмай тұр. Сондықтан осыған қатысты жоғары жақтан тапсырма берілуі керек секілді. Ұлттық ұлық мерекелерді дәл бүгінгідей Жаңа жылдың көлеңкесінде қалдыру ұлттық намысымызға тиердей нәрсе болуы керек. Айтпақшы, Оңтүстік өңірде биыл Наурызнама дәстүрі заманауи үлгіде қайта жаңғырып, мерекелік шаралар 14-22 наурыз аралығында тоғыз күн бойы жалғасын тапты. Шын мәнінде, ұлттық мерекелерімізді ұлықтауды оңтүстік өңірден үйренуіміз керек секілді.
Тәуелсіздікті қай әкім қалай түсінеді?
Последние статьи автора