«Халық Батырын» іздейміз
Енді бір жылдан соң сіздер мен біздер Ұлы жеңістің 65 жылдық мерекесін тойларымыз анық. Осыған орай, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры, «Атақазақ» қоғамдық бірлестігі, «Алаш айнасы», «Ана тілі» газеттерімен және Қазақ радиосымен бірлесе отырып, тарихта Ұлы Отан соғысы деген атаумен қалған Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, алайда әділетсіздіктің кесірінен Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмай қалған қазақстандықтарды ұлықтауды қолға алады.
Осы күнге дейін «Алаш айнасы» газетінің бетінде ерліктері ескерілмей келген батыр аталарымыз жайында «Атақсыз қалған батырлар» айдарымен тұрақты түрде жазылып келді. Өз уақытында Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған батыр аталарымыз еліміздің әр өңірінде әлі де баршылық. Соғыс қиыншылығымен қатар саяси қиянат көрген сол жандардың бүгінгі үрім-бұтағы, мұрагерлері, туған-туыстары өз аталары туралы қолда бар мәліметті «Алаш айнасы» газетіне хабарлауы керек.
Маңызды делінген мәлімет-деректер Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанынан құрылған арнайы сарапшы, тарихшы мамандардың талқысынан өтеді. Алдағы жылы соғыстың 65 жылдығы қарсаңында Халық батыры жобасымен анықталған батыр аталарымыз Халық Қаһарманы атағына ұсынылатын болады.
Соғыстан бұрын Алматы қалалық комсомол комитетінде қызмет атқарған, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болған, Мәскеудің әскери-саяси академиясында оқып, өз еркімен майданға аттанған Хаби Халиуллиннің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.
Суретте – солдан оңға қарай:
Баймолдин Әбілқайыр 1925-1930 жылдары Павлодар облысының Максим Горький атындағы ауданның комсомол комитетінің хатшысы, 1930 жылдан бастап Кеңес Армиясы қатарында: қазақтың ұлттық атты әскер полкінің эскадрон командирі, Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы әскери-саяси академиясының тыңдаушысы, генерал Доватор басқарған атты әскер корпусының полк комиссары, 1-атқыштар дивизиясының командирі, полковник. 1944 жылы 12 қарашада Пеков облысындағы Невель қаласын жаудан азат ету ұрыстарында ерлікпен қаза тапты.
Баймолдин Айтбекен – Әбілқайырдың інісі. 1939 жылдан Кеңес Армиясының қатарында. Қиыр Шығыста әскери қызметте болып, Хасан және Халхин-Гол ұрыстарында ерлік көрсеткен. Ұлы Отан соғысында атқыштар ротасын басқарып, 1944 жылы ерлікпен қаза тапты.
Халиуллин Хаби 1931 жылдан партия қатарында. 1933 жылға дейін Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1933 жылдан бастап Кеңес Армиясы қатарында, 1939 жылдан бастап Мәскеудегі әскери-саяси академияның тыңдаушысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ұлы Отан соғысында шекаралық полк комиссары. 1942 жылы ерлікпен қаза тапты.
Жетпісбаев Балтабек 1930 жылдан партия қатарында болып, Кеңестер Армиясында қазақтың ұлттық атты әскер полкінің комсомол жетекшісі. Ұлы Отан соғысында даңқты 8-інші Панфилов атындағы гвардиялық дивизияның 1075-полкінің батальон комиссары, 3-гвардиялық артиллериялық дивизияның полк командирі. 1942 жылы ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ белгісіз себептермен бұл атақ берілмей қалған.
Хаби Халиуллин 1912 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Ақоба ауылында туып-өскен. Хаби жастайынан өжет болып өседі. Ауыл қарттарынан ертедегі батырлар хикаясын ұйып тыңдайды. Сол батырларға еліктеп, балалармен бірге асыр салып ойнайды. Әсіресе атқа мініп шабуды тәуір көреді.
Хаби жастайынан оқуға зерек болады. Ол орталау мектепті бітірген соң, бұрынғы Ақмоладағы теміржол құрылыс техникумына оқуға түседі. Кейін Алматыға келіп, қалалық комсомол комитетінде бөлім меңгеруші болып қызмет атқарады.
1934 жылдың күзінде Хаби қалалық комсомол комитетінің хатшысына келіп, өз еркімен әскер қатарына баратынын білдіреді. Оның бұл тілегін хатшы қабылдайды. Ертеңіне комитетте өзімен бірге қызмет істеген достары оны әскерге аттандырып салады.
Жалын атқан жас жігіт Хаби Халиуллин Отанымыздың Қытай, Ауғанстанмен шектескен оңтүстік шекарасында күзетте тұрды. Ол сақшылар бөлімшесінің командирі және заставкадағы комсомол ұйымының хатшысы болды.
...Памирдің жақпар-жақпар құз-қияларын аралап үш салт атты келеді. Бұлар – кіші сержант Халиуллин бастаған сақшылар. Шекарадағы постшыларды бақылап, кезекшілерді ауыстырып, заставаға қайтып келе жатқан беті.
Міне, олар таудан құлап арқырай аққан асау өзеннен өткелі келеді. Үшеуі бірінің соңынан бірі өзеннен үзеңгі қайырып өте бергенде, тау басынан мылтық гүрс етті. Әлі судан өтіп үлгермеген Хаби жалма-жан:
– Петров, тез заставаға жет, шекара бұзушылармен біз атыса берейік, – деді. Құйындата шауып Петров кетті. Хаби қасындағы серігімен қия беттерді тасалай жүріп, құз басына бекінген жаумен атыса бастады. Тау қуысындағы жау Хабиларды тұс-тұсынан оқтың астына алды. Онымен тұрмай, құз басынан тас домалатты. Су жағасында қаңтарылып қалған қаз мойындар бұл дүбірден үркіп, ылдиға тасыр-тұсыр шаба жөнелді. Екеуі жартасты паналап, жаумен атыса берді. Оқ тиген ала шапанды бірінің қолынан мылтығы сырғып түсіп, өзі құз басын құшқан күйі серейіп қалды. Оған жақындап келе берген екіншісін де Хаби қағып түсірді. Бөшкедей тасты ырғап құлатқалы жатқан тағы бірінің қолынан атып, жазасын берді. Олар осылайша құз басындағы жаумен аңдысып, атысып жатқанда, заставадан сақшылар отряды келіп, шекара бұзушыларды тұс-тұсынан қоршап алып, тірілерін қолға түсірді.
Хаби тек қана жауынгерлер арасында беделді болып қойған жоқ. Оның өнегелі істері сол өңірдегі тау елінің тұрғындарына да жетті. Таулықтардың Хабиді жақсы көретіні сонша, кейде оның артынан өздері іздеп келіп, ақыл-кеңес алып тұратын. Көпшілік құрметіне бөленген жас жауынгер сол жылы КСРО Жоғарғы Советінің сайлауында Ұлттар Советіне депутат болып сайланды.
...1938 жылы Хаби Халиуллин Мәскеудің Әскери-саяси соғыс академиясында оқыды. Сонда қазақтың ұлттық атты әскер полкында эскадрон басқарған Әбілқайыр Баймолдин, даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры А.Байдуков, Хасан көлі маңындағы қақтығыста тамаша ерлік жасаған Кеңес Одағының Батыры Сергей Бамбуров, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, политрук Павел Замятинмен бірге болды. Хаби бұл достарымен талай рет теориялық, тактикалық сабақтарды бірге оқып, небір естен кетпес қызықты кештерді бірге өткізді. Сол жылы олар бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясына қатысты.
Қасиетті Отанымызға гитлершіл Германия басқыншылары баса-көктеп кіре бастағанда, Хаби Халиуллин тағы да өз еркімен майданға аттанды.
Мәскеуден шыққан эшелонмен Хаби Харьков бағытындағы алғы шепке жетті. 1942 жылдың қаңтары. 79-шекарашылар полкі ұрысқа дайындалуда. Полк командирі подполковник Грачев жаңадан келген комиссар Х.Халиуллинге полктің ұйымдасуы мен құрамы жөнінде қысқаша баяндап берді.
Полктің ең әуелі қырғын соғысқа араласуы Дунай бойынан басталыпты. Бұл Отан соғысының алғашқы күндері екен. Содан олар аты шулы Измаил қамалына бекініп, фашист дивизиясымен ұзақ шайқасыпты. Қаһарман шекарашыларға сол жылы Дунай Соғыс флоты көмектескен. Сөйтіп, фашист басқыншыларының алғашқы шабуылдарына полк ерлері қайтпай төтеп берген. Еселеп күш алған немістің «СС» дивизиясы 79-полктің екі қанатын ығыстырып, тылына ене бастаған кезде оларға 25-інші Қызыл Тулы дивизия кеп күш қосқан. Онан соң полк бірде ілгері басып, бірде кейін шегіне жүріп, Кировоградқа дейін шегініп келіпті. Днепропетровскийден Харьковке бет алған жаудың алғы шебін полк Лазовая, Павлоград, Красноград, Сахновщина түбінде тосып алып тоқтады. Осы жерде ол қайтадан толықтырылды. Комиссар Халиуллин келген кезде полктің взвод, роталары Изюм, Варвенково және Терістік Донец жағалауындағы селоларға, ал штабы Петровскийге орналасқан екен.
Қандай әскери бөлім, қандай батальон, полк болса да, оның комиссарсыз күні жоқ екені аян. Комиссар командир жоқ жерде – командир, командир бар жерде де – командир. Ол – саяси басшы, солдаттардың қамқоршысы.
Хаби келген күннен бастап шекарашылар полкінің тамыр-тамырына қан жүгіре бастады. Тәртібі босап кеткен ұйым жұмыстарын қайтадан ширата түсті. Жауынгерлер оны ә дегеннен-ақ танып, келе-келе әкесіндей жақсы көріп кетті.
Үшінші ротаның ерлігі
...1942 жылдың сәуір айы. Неміс басқыншылары Харьков маңына таяп қалған. Петровка, Протоповка селоларына бекінген 79-шекарашылар полкі оларды әлденеше рет тойтарып тастады. Құрыштай бекінген шекарашылардың бұл шебін бұзып өте алмайтындарына көздері жеткен неміс жендеттері ендігі күшін біздің полктің екі бүйіріне төкті.
Тағы да шайқас, тағы да қым-қиғаш арпалыс. Аспан гүрілдеп, жер тітіренеді. Бақайшағына дейін қаруланған жау қолы қаптап келеді. Әр жерде жау танкілері қою түтінге көміліп, жанып жатыр. Шаң мен түтін арасынан қылт ете қалған бір топ неміс солдаттарын біздің пулеметшілер жусатып салды. Беті қайтқан жау кері шегінді. Бірақ бұл кезде жан-жақтан жаппай шабуылға шыққан фашистердің моторлы дивизиясы шекарашылар полкін екіге бөліп жіберген еді.
Үшінші рота екі село аралығына сыналай кіріп кеткен жаудың құрамаларымен үш күн, үш түн атысып, төртінші күн дегенде Протоповкадағы өздерінің бөлініп қалған батальонына келіп қосылды. Хабидың ротаны көп шығынға ұшыратпай шебер басқарып, қоршау қыспағынан аман алып шыққан бұл ерлігі мен тапқырлығын полк командирі Грачев үлкен қуанышпен қарсы алды. Оқ тиген қолын таңып алған комиссарды подполковник айқара құшақтап, көзіне жас алды. Бұл – қуаныштың да, көп күн көрген азаптың да белгісі еді.
Азаттық топ
Қол бірігіп, күш қосылған соң, Грачев пен Халиуллин бұл қоршаудың осал жағы Садки хуторы деп, ендігі күшті сол бағытқа жұмсауды көздеді. Ешқандай артиллерия даярлығынсыз шабуылға шығуды ұйғарды олар. Бұл, біріншіден, ұйқыда жатқан неміс дивизиясын үркітпеу болса, екіншіден, артиллериялық күшті үнемдеу еді. Мамырдың 15-і күнгі тұтқиылдан басталған шабуыл дәл солай болып шықты. Найза кезеніп, бірде бұқпалап, бірде жүгіре басып, жан-жақтан қаптап кеп қалған кеңес жауынгерлерін таңғы шырт ұйқыда жатқан немістер сезбей де қалды. Түсі суық орыс найзасына төтеп бере алмаған фашистер өліктері мен қалған қару-жарақтарын жинап әкетуге шамасы келмей, хуторды тастап, батысқа қарай шегінді. Осы жолы 79-полк қоршауды бұзып өтіп, Садкиге келіп бекінді.
Майдан шебін бұзып, ілгері кеткен оларға ертеңіне көмек келіп жетті. Қалжыраған солдаттар азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз етілді.
Олар ерлікпен қаза тапты
Екі айдан бері қаншама күшін төгіп алға ұмтылса да, Петровка, Протоповка селолары мен Садки хуторына, Ясиноватый орманына тұмсығы батпаған фашист армиясы 1942 жылғы мамыр айының орта шенінен бастап күш жинап, қайта шабуылға шықты. Жау қолы қара бұлттай қаптап келіп 79-полк бекінген аймақты түгел қоршап алды.
Осы бір қиын-қыстау кезеңде подполковник Грачев пен комиссар Халиуллин өзара ақылдаса келіп, қоршауда қалған өз күштерін екіге бөлді. Грачев басқарған батальон Чепель селосы жағынан жау шебін бұзып өтіп, өзіміздің көрші дивизияларымыздың біріне қосылуды ойлады. Ал Халиуллин басқарған екінші батальон оларды ту сыртынан қорғауға тиіс болды. Осы жоспар бойынша Грачев бастаған батальон Чепель селосы жағына бет бұрды. Хаби бастаған екінші батальон Ясиноватый орманының батыс жағына бекініп, окоп траншеяларын дайындады. Комиссар окоптан-окопқа өтіп, жауынгерлерді жігерлендіріп жүрді. Ол оқ-дәрі жеткілікті болсын деп түнде төрт-бес солдатты бастап, жақын селодағы немістердің қару-жарақ сақтайтын қоймасына аттанды.
Міне, барлаушыларын бастап Хаби келеді. Олар тың тыңдап алады да, алға жылжиды. Немістер әбден ұйқыға батты-ау деген кезде олар еңбектеп келіп, үй бұрышында мелшиіп тұрған қарауылды бас салып бүктеп, үнін өшірді де, қоймаға түсті. Көтергендерінше гранат, патрон алып, ізінше шығып, кері қайтты.
Екі взвод арасында пулеметші Вано Киквидзе жатты. Ол танкімен қабаттаса алға ұмтылған неміс солдаттарын жақындатып алып, екі дүркін жусатып салды. Бірер сағатта оның да оғы таусылды. Ваноның «Максимы» соңғы рет сақылдап барып тоқтады. Фашистер оған жақындай бастады. Ванода үн жоқ. Тағы да жақындатып алып, бізді қырып салар деген үреймен немістер оған тақап баруға бата алмай келеді. Көп кешікпей-ақ Киквидзе бір қолымен оқ тиген бүйірін ұстап, орнынан тұра берді. Оның екінші қолында гранат. Неміс офицері:
– Русь, беріл, – деп ақырды. Вано үндемеді. Ол окоптан шығып, үш-төрт қадам алға басты. Әлгі офицер пистолетімен оның аяғынан атты. Вано омақаса құлады да, тәлтіректеп барып орнынан қайта түрегелді. Қаны сорғалаған аяғы енді басуға келмеді. Ол күшін жинап, тістеніп:
– Қане, жақындаңдар жауыздар, жақындаңдар! – деді. Фрицтер оған жақындай берді. Осы кезде Вано бір ұшын тістеп келе жатқан гранат серіппесін тартып кеп қалды... Сөйтіп, Кавказ қиясынан түлеп ұшқан тау қыраны өзін де, фашистерді де жайратты.
Украин жігіті Прокопенко окобының айналасында да фашистердің он шақтысы жер жастанды.
Ал енді комиссар Халиуллин қайда? Қираған танкі жанында жатқан Бызовқа қол ұшын беріп, әлгіде оның қасынан тұрып кеткен ол қайда кетті? Киквидзеге жігер беріп, көрші окопқа жылжи өткен Хаби қайда? «Нағыз ер екенсің, бір өзің бір топ фашистің көзін жойдың, – деп Прокопенконың арқасынан қағып өткен ол дем арасында қайда кетіп қалды? Траншеяда жатқан екінші взвод командирі Юленковтың қасынан «Бір қасық қанымыз қалғанша соғысамыз» деп өткен комиссар кәні? Одан әрі өтіп бара жатып, біздің жауынгерге төніп қалған немістің офицерін наганымен қалпақтай түсірген Хаби қайда кетті?
Ол үшінші взводқа жеткенде жаумен қоян-қолтық найзаласу басталып кеткен еді. Әлде сол жерде мерт болды ма екен? Болмаса «Азият комиссарды» тірідей ұстаңдар деп өшігіп, оның басын бәйгеге тігіп жүрген фашистер тірідей қолға түсіріп әкетті ме екен? Бұл – сол бір астаң-кестең, қым-қуыт, арпалыс кезінде ешкім білмеген жұмбақ жай еді.
Хаби жөнінде бурыл тартқан қою сақалы омырауына түскен Василий Дьяконов қарт былай деді:
– Біз, шалдар, отын жинаған болып орманға барамыз. Шекарашылар полкі жаумен шайқасқан жерді аралап көреміз. Кейбіреулер өздерінің туысқандарын, ауылдастарын іздейді. Ал менің іздейтінім – комиссар Хаби Халиуллин. Өйткені ол маған көп қамқорлық жасап еді.
– Біз, қарттар, ұрыс алаңында мерт болған кеңес солдаттарын жерледік. Бірақ комиссарды кездестіре алмадық. Ол қайда зым-зия боп кеткен дейміз. Өлсе, денесі жатар еді ғой. Қолға түсті ме екен? Жоқ, мұндай қырғын апаттан құлан-таза аман шығу мүмкін емес.
Селоға фашистер баса-көктеп кірген күннің ертеңіне неміс офицерлері біздің үйге келіп:
– Қызыл комиссарды тап, – деп дігірледі. Бұлар Хабиді қайдан біліп қойған деп ойладым мен. Неміс командирлерінің іздеуіне қарағанда, ол тірі шығар деп те үміттендім. Лайым, тірі болып шықсын деймін ішімнен.
Міне, содан 17 жыл өткенде: «Тағы да біреудің сүйегі табылыпты, депутаттық значок қоса шығыпты» деген сөз «Серп и молот» колхозы орналасқан Протоповка тұрғындары арасында тез тарап кетті.
Бұл хабар Петров ауданына, одан Харьков, Киев қалаларына, әне-міне дегенше Отанымыздың жүрегі – Мәскеуге де жетті. Кремльдегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттарды тіркейтін кітабынан 526-нөмірлі депутаттық значоктың кімге табыс етілгені тексерілсе, қазақстандық Хаби Халиуллиндікі болып шығады. Ол 1938 жылы Тәжік ССР-інің Таулы-Бадахшан автономиясының Мургаб сайлау округінен 25 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Советіне депутат болып сайланған екен.
Полк командирі Грачев пен комиссары Халиулиннің ақырғы тағдыры туралы бір белгісіз солдат былай жазыпты: «Комиссар Халиуллин мен подполковник Грачев Протоповка түбіндегі соғыста қаза тапты. Мен әзер дегенде аман қалдым. 79-шекарашылар полкының бұдан былайғы тағдыры жөнінде еш хабарым жоқ...»
1959 жылы халқымыздың қаһарман ұлы Хаби Халиуллиннің хабарын есіткен жұбайы Екатерина, баласы Юрий, інісі Сафи Украинаға барып, оның сүйегін алып қайтпақ болды. Сонда Петров ауданының басшылары: «Батыр халықтікі. Комиссар Халиуллин – қазақ халқының да, украин халқының да қаһарман ұлы. Оның сүйегі осы ерлікпен жауға қарсы күрескен жеріне қойылады, ескерткіш орнатқалы жатырмыз», – деді.
...Қайғылы музыка денені шымырлатып, жүйе-жүйені босатады. Петров ауданының мыңдаған халқы осыдан 17 жыл бұрын елі үшін, халқы үшін ерлікпен қаза тапқан ұлдарын ақырғы рет шығарып салғалы келеді. Алда комиссар Халиуллиннің табыты, оның екі жағына аты-жөні белгісіз екі жауынгердің сүйегі салынған. Бұл екеуі де қадірлі комиссарымен ең соңғы демі біткенше бірге болып, қас жаумен қайтпай айқасқан ерлер еді.
Ескерткіш орнатылды. Мәрмәр плитада: «Бұл жерде неміс фашистерімен күресте ерлікпен 1942 жылдың 28 майында қаза тапқан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, комиссар Хаби Халиуллин жатыр» деген жазу бар. Қоштасуға жиналған жұрт қабір басына венок қойды.
Ер өлмейді. Олардың есімін халқы сақтайды. Өмірін үлгі етеді. Өйткені батыр өмірі – жыр, батыр ерлігі – аңыз, батыр ісі – тарих, ал тарих мұндай ұлды ұмытпайды.