Бағыт-бағдарды былай берсек. Кезінде Кеңес Одағы кезінде бізде спорттың бір түрінен КСРО-ны ғана емес, бүкіл Еуропаны дүрліктірген әйгілі команда болды. Ішкі додаларды былай қойғанда, Еуропа чемпиондары кубогын ұтып алған (бір рет емес) бұл команданың биік белестерді бағындыруына суреттегі тұлғаның сіңірген еңбегі орасан еді. Дегенмен қазақ жанкүйерлерінің есінде суреттегі спортшы ойыншы ретінде емес, бапкер ретінде есте қалғаны жасырын емес. Оның айғағы, бұл тұлға Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алған Қазақстандағы алғашқы бапкер атанған. Өкінішке қарай, бұл дүниемен тым ерте қоштасты.
А. Октябрь Жарылғапов
Ә. Әбділда Тәжібаев
Б. Шәміл Серіков
В. Әбдісалан Нұрмаханов
«Жұлдызды жазбай таныңыз» айдарының өткен жолғы санында қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жартылай қорғаушысы, жас футболшы Сабырхан Ыбыраевтың сәби кезіндегі суретін берген болатынбыз. Бүгінде 22 жастағы Сабырхан сәби бейнесімен әлі қоштаспаған ба, әйтеуір, бізге хабарласқан оқырмандарымыздың барлығы да дұрыс жауабын тауып жатты. Алайда өзгелерден бұрын болып қоңырау шалған оқырманымыз – алматылық Аманбай Байнимиров.
Айта кетейік, бүгінде «Тобылдың» белді ойыншыларының бірі. Ал ұлттық құрама сапына өткен жылдан бері шақырылып келеді. Алғаш рет бас командамыздың сапында 2008 жылдың 28 мамырында Ресей құрамасына қарсы ойнаған Сабырхан содан бері көк жейдемізді бес мәрте киіпті.