Мына суреттегі жұлдызымыздың балуан екенін біліп те, көріп те отырған боларсыздыр. Боз кілемде ұстараның жүзіндей лыпыл қаққан жампоз балуанымыз жеңіл салмақта күрескен. Еркін күрестен Олимпиада ойындарында жүлде алған жалғыз қазақ. 1997 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 1994 жылғы Азия ойындарының чемпионы. 1999 жылғы Азия чемпионы. 1990 жылғы КСРО чемпионы. Халықаралық деңгейдегі дүбірлі додаларда еншілеген жүлделерінің саны тым көп. Бұл орайда 11 дүркін Қазақстан чемпионы болғанын айтсақ та жарар. Бүгінде еркін күрестегі қазақ балуандарының бәрі осы бір тығыршықтай ағаларын пір тұтады. Сонымен бұл кім?
А) Жақсылық Үшкемпіров
Ә) Асхат Шахаров
Б) Мәулен Мамыров
В) Аманжол Бұғыбаев
Өткен жолы қазақ спортына елеулі еңбек сіңірген, марқұм, ауыратлет Анатолий Храпатыйдың жас кезіндегі суретін бергенбіз. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері екенін жазғанбыз. Бес мәрте әлем рекордын жаңартқанын да естеріңізге салғанбыз. Бес дүркін – әлем, төрт дүркін – Еуропа, үш дүркін Азия чемпионы болған даңқты спортшымыз 2008 жылы тамыз айында, 46-ға таяған шағында жол апатынан қайтыс болған. Зілтемір көтерген толағай батырымызды жазбай танығандар аз болған жоқ.
Жұлдызды жазбай таныңыз
Последние статьи автора