Жекпе-жек – төбелес емес, өнер
Ардақ Назаров, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы:
Қазақ қоғамына кейіндеу келген спорт түрі бар. Жекпе-жек деп аталады. Заманға лайықталып, ережесі түзіліп, күзеліп-қырқылып, жаңа бейнеде келді демесеңіз, әу бастан қазақтың, көшпелі халықтың қанында бар өнер. Демек, жекпе-жек бізге таңсық емес. Керісінше, атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз. Заманында батырларымыз жекпе-жекке шығып, елін-жерін қорғады. Қазақы өлшемге салсақ, ата-бабаларымыз осылай ұрпаққа рух, өскелең жасқа жүректіліктің дәнін сепкен.
Жүректі жігіттердің ғана дәті барып, ортаға шығатын бұл спорттың өзіндік құдіреті бар. Жекелеген спорт түрлерінің барлық айла-тәсілдерінің қосындысынан шыққан жекпе-жектің қазіргі таңда қызығын талмай тамашалайтын жанкүйерлер де өте көп. Кемшілігі сол: олимпиадалық спорт түрі емес. Ал оған бола тоқырап жатқан ережесіз төбелес жоқ. Керісінше, қанатын кеңге жайып, жыл сайын жаңа тұжырымдары дүниеге келіп жатыр. Шамамен әлемнің барлық елдерінде жекпе-жектің жүзге тарта түрі бар көрінеді.
Беделділері – американың UCF, жапонның «бушидо», орыстың М1, бразилиялықтардың «джиу-джитсу» деп аталатын айқастары. Мұның бәрі – біз тәптіштеп отырған аралас жекпе-жектің түрлері. Осы орайда тыңнан түрен салып, қазақ балаларынан шыққан, ережесіз төбелестен үш дүркін әлем чемпионы атанған, жуан жұдырықты жігітпен, яғни Ардақ Назаровпен сөйлесудің сәті түсті.
Әуелі жаттығу жұмыстарына куә болдық. Қажымұқан атындағы колледждің спорт ғимаратында, ақ тер, көк тер болып, түрлі дене қимылдарын жасап жүрген жігіттерден бір байқағанымыз, ауыр жаттығуға қиынсынбай, үлкен бір ынтазарлықпен, құштарлықпен құлшына кіріседі екен. «Жаттығуда ауыр болса, жекпе-жекте жеңіл болады» деген қағиданы ұстанғанына көз жеткіздік. Жаттығу соңында Ардақпен тілдесе отырып, рухы биік жігіт екендігіне тағы да көз жеткіздік. Тереңнен толғайды. Иманына берік жігіттің жүрегі қазақ деп соғады.
– Мынау ұлы елімнің керегіне жарар ұл болсам, арманым бар ма?! Халықаралық додада жүлде алған қазақ баласының жеңісі – менің жеңісім. Жас мемлекеттің аз жылдағы табысы – ел-жұрт үшін үлкен қуаныш, әрине. Десек те бұған қанағаттанып қалуға болмайды. Батыр халықтың ұрпағымыз деп қуанамыз, бірақ кейінгі жастардың дені жалқаулыққа бой ұрып, бойкүйездікке салынып жүр. «Ер атанып, қатарынан озар ұл биікте жүреді, ез атанып, тозатын ұл иықта жүреді» дегендей, қарап отырсақ, иықта жүрген ұлдар да көп секілді ме? – деді күрсініп. Одан соң:
– Күрес – өз спортымыз деп еншілейміз, бірақ соңғы Олимпиада ойындарында «етектен салса, төске озар жігіттеріміз» көрінбейді. Боз кілемнің тарланбоздары Жақсылық, Дәулет сынды ағаларымыздың ізбасарлары қайда? Себебін іздеп ойланасың, бөлінген қаржы тиісті жеріне толық жетпей жатыр ма? Содан соң спортшының бабын табар бапкердің жағдайы жоқтығы көңілге кірбің түсіреді. Тағы бір басты себебі – бапкерлер арасында ауызбіршіліктің жоқтығы. Өзгенің шәкіртін өз шәкіртіндей көріп, бір-біріне деген бақталастық болмаса, бағындырар белесіміз бұдан да көп болар еді. Біздің қоғамда «көкесі барлар маңызды сындарға кетіп, шын шеберлер тасада қалып жататыны – айтылуы керек шындық, – деп бір түйіп қойды.
– Қазақ спортының мәйегі ауылда жатқанын білесіздер ме? Жүлде алған жігіттердің қайсысына қарасаңыз да, бәрі де ауылдан шыққан. Өкінішке қарай, қазір ауыл балаларының басым бөлігі өз бағасын білмей, күш-қайратын жөнімен пайдаланбай, ішімдік пен темекіге, арзан күлкі мен жаман істерге былғанып жүр. Елдің батыры да, болашағы да өздері екенін сезбейді. Болмаса отын жарып, су таситын, атқа отырып, көкпар тартатын ауыл өмірінің өзі спорт емес пе?! Бір жылды «Ауыл спорты жылы» деп арнайы бағдарлама қабылдап, спорт ғимараттары мен үлкен кешендер салынса, ауыл өмірінің сәні кіріп, кем-кетігі тураланып қалар еді деген ой келеді. Лондондағы тамаша жетістіктен соң, осы мәселе Үкімет тарапынан қолдау табуы керек-ақ. Бұл болашаққа салынған инвестиция болар еді.
Осы тұста «ережесіз жекпе-жектің қазіргі жағдайы қалай?» деп әңгіме ауанын бұрдық.
– Әлем мойындаған бір мемлекет бар, қазіргі таңда. Ол – Бразилия. Футболы бірінші орында болса, жекпе-жекті екінші санайды. Жүз жыл болды, джиу-джитсуды серік еткендеріне. Жекпе-жек өнері ТМД мемлекеттеріне 90-жылдары келді. Орыстардың алғашқы шеберлері Олег Токтаров болса, біз соларға қарап бой түзедік. Болат, Дәнеш сынды бауырларымызбен бірге халықаралық сындарда топ жарып жүрдік. 2010 жылдан бері елімізде ерекше өріс алып, осы салада бірнеше жігітіміз жарқырап көріне бастады. «Алашпрайд», «Бейбарыс», «Әлемфайрс» сынды клубтар ашылып, кәсіби спортшыларды даярлап жүр.
Жұдырығымен дүйім жұртқа танылған ағайынды Грейсей, О.Токтаров, А.Емельяненко сынды жігіттері бар. Кешегі өткен «Қазақстан барысы» белдесулерінде солардан титтей де кем емес, талай нар көтерер апайтөс жігіттеріміз жүрді. Қазіргі таңда бразилиялық джиу-джитсу мен тай елінің муай-тайымен айналысып жүргендер үлкен жетістікке жетіп жатыр. Оның жанында орыстың әскери самбосы түкке тұрғысыз болып қалды. Демек, біз де осы бағытта жұмыс жасасақ, жұдырығымызды әлем таниды.
Барлық салада көшбасшы болуға ынтығып тұратын АҚШ та осы спортқа айрықша мән береді. Бір спортшының артында бапкері, диетолог, массажист, дәрігері, психологі сынды бірнеше адам жүреді. Қазақ атты қалай баптайтын болса, олар спортшыны жекпе-жекке солай дайындайды. Дәп бір өнер ретінде қарайды. Сосын нәтижені бағамдай беріңіз. Ал бізде ше, барлығына өзің жүгіресің...
Темір Тайсонның айтқан сөзі бар. «Кімде-кім UCF көрмесе, ол – нағыз әлсіз адам. Мен осы спорттың ессіз жанкүйерімін» деген болатын. Ал ресейлік әлем чемпионы Ф.Емельяненко «ережесіз жекпе-жектің торына кірудің өзі жігіттің жүректілігін көрсетеді» деді. Нақты әрі дұрыс сөз.
Біреулер айтып жүргендей, жекпе-жек – төбелес емес. Ол – өнер. Ақылың асып, айла-тәсілің жетіп жатса, қашанда мерейің үстем. Ал баз біреулер айтқандай, «рухың» мықты болса, жеңіс сенікі емес. «Рухың» тек рингке алып шығуы мүмкін. Ал дайындығың кемшін, айла-әдістерді жетік меңгермесең, рингте «ұйықтап» жатасың. Сондықтан рухыңа – күшің, ақылыңа айлаң сай болуы керек. Жеңістің кілті – осында.
Әлемді дүр сілкіндіретін Ф.Емельяненко, А.Силва, Джон Джонс секілді ережесіз жекпе-жек жұлдыздарын қазақтан да шығаруға болады. Бірақ мемлекеттік қолдау мен білікті бапкерсіз бәрі де – бекер.
Олимпиада бағдарламасында жоқ спорт түрлері «тоқалдан туған» ба? Неге басқа спорт түрлеріне де лайықты деңгейде көңіл бөлінбейді? Әсілі, Олимпиада бағдарламасына кірмеді демесеңіз, олар да еліміздің атын шығарып, көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүр.
Содан соң саналы өмірінің бәрін спортқа арнаған адам одан қол үзген соң, ешкімге керексіз болып қалады. Оқымай-тоқымай, барлық күш-жігерін осы салаға арнайды. Не алған білімі жоқ, не үй-күйі жоқ. Кедей. Бейшара. Сондықтан оларға мемлекеттің тарапынан стипендия тағайындалса дейміз. Ал бапкерлердің жағдайы тіпті мүшкіл. Жаттығудан шыққан соң, бала-шағасына нан тауып беру үшін таксиші болады. Болмаса шәкірттерінің беретін тиын-тебеніне телміріп отырғаны. Мұнан соң, нәтиже күтудің өзі ұят.
Бізде миллиондаған қаржы төлеп, шеттен бапкер шақыру үрдіске айналған. Бірақ олардың тындырып жатқандарын көріп жүрміз ғой. Ал сол қаржының жартысын ғана өз бапкерлерімізге берсе ше? Қалғанын спорт дамытуға жіберсе. Негізі, бізде сол шетелдіктерден білікті болмаса, кем емес бапкерлер баршылық. Тек бабын тап та, жағдай жаса, – деп өзекті мәселені көсеп өтті.
«Сіз осылай шешен сөйлеуді, иманға берік болуды қайдан бойыңызға сіңірдіңіз?» – дейміз қызығып.
– Әжем Рахияның тәрбиесінде болдым. Майдан қыл суырғандай баппен сөйлейтін. Мектепте оқып жүргенде, кішігірім сахналарда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды тарихи тұлғаларымыздың рөлдерін жиі сомдайтынмын. Қалаға келіп, сөздік қорыма балалықпен орысша «жаргон» араластырдым. Уақыт өте ұлтыңды сүю, Отаныңды сүю тіл тазалығынан екенін түсіндім де, өзімді жөнге салдым. Кітап оқыдым, тіл тазалығына мән бердім. Өскелең ұрпаққа «Абайды, Шәкірімді оқып, дініміз исламға бойсұну – шынайы бақыттың кілті» дегім келеді...
Р.S.
Ардақпен спорт ғимаратында әңгімелесіп отырмын. Темір-терсек көтерген бірнеше жігіт жинала қалып, әңгімеге көшті. Сыбыр-күбір. Қатарында Бейбіт, Бекнұр – бәрі де халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген жігіттер. «Ауызбен емес, қолмен жұмыс істейміз», – деді Ардақ оларға жаймен ғана. Бітті. Аға айтты, заң. Үлкенді сыйлаған халықпыз ғой. Тарс-тұрс еткен темір даусы...