Жекпе-жек – қазақтың ұлттық өнері
Жақында Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясында жекпе-жек өнерінен Азия чемпионатына іріктеу турнирі ұйымдастырылды. Соның ашылу салтанатында Қазақтың ұлттық жекпе-жек өнері академиясының тұсаукесері өткізіліп, оған Сабыржан Махметовтің есімі берілді.
Қазақтың спорт және туризм академиясы былтырдан бері осындай игі бастаманы қолға алып, қазақ спортының жарық жұлдыздарын ұлықтап келеді. Былтырдан бері спорттық гимнастикадан Нелли Ким, баскетболдан Әлжан Жармұхамедов, футболдан Тимур Сегізбаев, шаңғыдан Владимир Смирнов атындағы академиялар ашылды. Бәрі – мақтан тұтар тұлғаларымыз. Биыл жекпе-жек академиясы тұсауын кесті. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл академия Сабыржан Махметовтің есімімен аталатын болды. Сонымен қатар кезінде шығыс жекпе-жектерінің көптеген түрінен шаршы алаңның шаңын шығарған жүректі жігіт ағасына Қазақтың спорт және туризм академиясының құрметті профессоры атағы берілді. Осындай игілікті істерді қолға алып, Қазақстан спортының дамуына ерен еңбек сіңірген жарық жұлдыздарымызды әспеттеп жүрген – Қазақтың спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Зәкіриянов ағамыз. Халық атынан осындай сый-құрмет көрсетіп, ел спортында өшпес із қалдырған тарланбоздарымызды ұлықтап келеді. Тереңнен үңілсек, мән-мағынасы зор, ізгілікті іс. Тіпті тәрбиелік мәнінің өзі қаншама...
Өзіне осындай сый-құрмет көрсетілгенде Сабыржан Махметов қатты толқыды. Толқымай қайтсін, залда ине шаншар орын жоқ. Халық ығы-жығы. Қайрат Зәкіриянов ағамыз: «Қазақ спортына Махметовтің сіңірген еңбегі телегей-теңіз. Оған қандай құрмет көрсетсек те, жарасады», – дегенде жиналған халық тік тұрып, ду қол шапалақтады. Өзін Нелли Ким, Владимир Смирнов, Әлжан Жармұхамедов, Тимур Сегізбаев сынды ел спортының тарихи тұлғаларымен қатар қойған киелі шаңыраққа және өзіне осындай қошемет көрсеткен көпшілікке шексіз ризашылығы мен ыстық ықыласын білдірді. Сәл кейінірек тілге тартқанымызда: «Халықтың осылай қошемет-құрмет көрсеткенінен үлкен сый, одан үлкен баға жоқ. Өйткені халық махаббатын сатып алу мүмкін емес, мүлде мүмкін емес», – деп ағынан жарылды.
Негізі, Сабыржан Махметов те – ел спортына ерен еңбек сіңірген азамат. Әуелі Батыс Еуропаға ережесіз төбелестен қазақтың атын шығарды. Жастарымыз фильмдерін кішкентайларынан көріп өскен әйгілі киножұлдыздармен де таныс болған. Олар да қазақтың қайсар ұлының сом білегі мен пәрменді жұдырығының қуатына тамсанған. КСРО-ға ғана емес, күллі әлемге танымал жекпе-жек өнерінің хас шебері болды. Кейіннен жаттықтырушы болып, бапкерлікпен айналысты. 90-жылдардың басында елімізде кикбоксингтің қарқынды түрде дамуына өз үлесін қосты. Қайсар мінезді Сабыржан аға сол жылдары жүрегінің түгі бар бірнеше қазақтың баласын тәрбиелеп шығарды. Еліміздегі кикбокс федерациясының тізгінін ұстады. Қазір республикалық жекпе-жек федерациясын құрып, соны басқаруда. Ендігі арманы – қазақтың төл өнерін күллі әлемге паш ету.
– Қазір ережесіз төбелестен неше түрлі турнирлер өткізілуде. Әр қилы, әр түрлі аталады да: М-1, ММА, бои без правил, микс файт, джиу джитсу және т.б. Солай-солай кете береді. Бәрі де – ақша табу үшін жасалып жатқан заманауи шоу. Ішінде кім жоқ дейсің. Тіпті төбелесу білмейтін елдердің жігіттері де бар. Яғни осындай өнері жоқ елдердің де спортшылары бар араларында. Ал қазақ – ілуде біреу. Ал қазақта жекпе-жек өнері ықылым заманнан бар емес пе?! Қазақ қашанда «алыспақ керек пе, жұлыспақ керек пе» деп ешкімге есе жібермеген. Шапқыншылық дәуірде жұдырықтасудың төбелестің төресі екендігін біліп, жауынгерлік өнерді жақсы меңгерген. Аттың үстінде де, аттан түссе де, ешкімге дес бермеген. Біз осы өнерімізді жаңғыртсақ дейміз. Ештеңені ойдан шығарып, жаңадан жасап жатқан жоқпыз. Төл өнерімізді қайта жандандырсақ дейміз. Жаратушы күш қазаққа жүрек пен рух берген. Соны жоғалтпауымыз керек. Жігіттеріміз ез болмай, ержүрек ер-азамат болсын дейміз. Сосын «жекпе-жек» сөзін аудармай, халықаралық аренаға осылай шығуымыз керек. Жапондар дзюдосын еш тілге аудармай дамытты ғой. Бүгінде ережесіз төбелестен ресейліктер мен бразилиялықтардың тасы өрге домалап тұр. Олар дамыған үстіне дамып кетті. Ал біз болсақ ұлттық жекпе-жек өнерін жоғалтып ала жаздадық. Енді жігіттерімізді дайындап, төл өнерімізді дамытып, төрткіл дүниеге қазақ өнерін де паш етуіміз керек. Бұл үшін жекпе-жекті ғылыми тұрғыда жетілдіру керек. Бұл орайда Қазақтың ұлттық жекпе-жек өнері академиясының атқарар рөлі мен қызметі ерекше болады, – деді Сабыржан Махметов сөзге тартқанымызда.
Сабыржан Ғалымжанұлының негізгі мақсаттарының бірі қазақтың жүректі де білекті ұлт екендігін бүкіл әлемге паш етіп, әлем құрамасын жеңу ғана емес, ең бастысы – рухы биік ұрпақ тәрбиелеу. Жаңадан ашылып отырған Қазақтың ұлттық жекпе-жек өнері академиясында осыған, яғни жастарды тәрбиелеу жұмыстарына көп көңіл бөлу қарастырылмақ. Академия қабырғасында қолына диплом алып шығатын мамандарға жекпе-жек өнері де үйретіледі. Оның түпнегізін меңгерген мамандар ертең мектеп қабырғасындағы жастарға төл өнерімізді үйретуі керек. Сабыржан Махметов «жекпе-жек бокс пен күрес түрлерінің барлығының негізі (түптамыры) болса» деген ойын да жайып салды. Содан соң ұстаз әр балаға «сенің соққың қуатты, сен боксқа бар, сен жақсы күресесің, күреске бар» деп, әрқайсысын өз қабілетіне қарай жіктеп отыруы керек дейді.
Жалпы, Қазақтың ұлттық жекпе-жек өнері академиясының құрамында үш кафедра болмақ екен. Олар – бокс, күрес, ұлттық жекпе-жек.
Сабыржан Махметов ұлтымыздың жылқы мінезді екендігіне айрықша көңіл бөліп, ата-бабаларымыздың бойында болған рухымызды жоғалтпауға шақырады. Символымыз арлан болуы керек деген ойын да бүкпесіз айтып қалды. Арыстан да, жолбарыс та – түптеп келгенде, мысық тұқымдастар. Оларды циркте өнер көрсетуге үйретуге болады. «Ал арлан қасқыр – ештеңеден қаймықпайтын, үйретуге көнбейтін (дрессировкаға) иен даланың иесі», – дейді.
Ұлттық салт-дәстүрлерімізге де көп көңіл бөліп, оларды заман үрдісіне сай бұзбау керектігін де тілге тиек етті. Мысалы, біз баланың тұсауын кесеміз. Өте жақсы ырым. «Сонда тұсауды қайшымен емес, өткір пышақпен кесу керек», – дейді Сабыржан Ғалымжанұлы. Өйткені қайшы екі жүзді, ал пышақ бір-ақ жүзді. Сондай-ақ баланың кіндігін де пышақпен кескендігін қалайтындығын білдірді.
Марқұм Мұстафа Өзтүріктің өзі өнеріне тәнті болып, сыйлаған Сабыржан Махметов – осындай адам. Ұрпағымыздың жылқы мінезді, арландай айбынды, қасқырдай қайратты болуын қалайды.