Жасындай жарқ еткен Жәнібек
Алғаш рет әлем чемпионы атанғанда Серік Сәпиевтің жасы 22-де болатын. Геннадий Головкин мен Ердос Жаңабергенов 21 жастарында дүниежүзілік додада топ жарды. Ал бокстан Қазақстаннан шыққан ең жас әлем чемпионы – Жәнібек Әлімханұлы. Әлем біріншілігінің шыңын 20 жасында бағындырды. Әзірге ең соңғы чемпионымыз да осы Жәнібек. Алматының төрінде, керілген шаршы алаңда қарсыластарын қоғадай жапырған жеңімпазымызбен сұхбаттасудың сәті түсіп, өзі туралы біраз мағлұматтарға қанық болған едік.
— Жәнібек, әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, қазақтың жұдырығын әлемге таныттың. Жалпы, біріншіліктегі жекпе-жектерің жайлы айтып өтсең.
— Бәрі Алланың қалауымен шығар. Шыны керек, бірден әлем чемпионы атанамын деп ойлаған жоқ едім. Былтыр ел чемпионатын жеңіп алдым. Сосын осы жазда Азия чемпионы болды. Ал әлем чемпионатында әр жекпе-жегімді соңғы айқасым секілді өткіздім. Басында үшінші орынға іліксем болды деп ойлағанмын. Жартылай финалға жеткенде, «ары қарай екі-ақ қадам қалды ғой, осы жерде өлсем де чемпион болып кетейін» деп алдыма тағы мақсат қойдым.
— Дегенмен сенің үшінші раундта шаршап қалып жатқаныңды мамандар да, жанкүйерлер де атап өтіп жатты. Соңғы кезеңдердегі өнеріңе өзіңнің көңілің тола ма?
— Шыны керек, бір жылдың ішінде турнирлер тым көп болып кетті. Жиын – шаршы алаң, жиын – шаршы алаң, әйтеуір бірінен кейін бірі жалғасып жатты. Адамды шаршатып жібереді екен. Әлбетте, бәріне де шыдауымыз керек, бәріне де қатысуымыз керек, оны жақсы білемін. Бірақ кейде ағзам оған төтеп бере алмай жатты. Әрең шыдадым. «Міне, мына жекпе-жекті өткізейін, сосын демаламын. Мына айқасты жеңейін, сосын қоямын» деп өзімді қайраумен болдым. Қазір үйреніп қалдық қой, енді қандай ауыртпалыққа болса да шыдаймыз.
— Жалпы, Қазақстанда, әлемде өзіңнің басты қарсыластарың деп кімдерді атайсың?
— Мықты боксшылар көп. Барлығына бірдей қарау керек. «Мынау мықты, мынау әлсіз» деп баға беруге болмайды. Оның үстіне, олар маған тек шаршы алаңда ғана қарсылас. Онда да бокста қанша жерден қарсыласыңды соққының астына алсаң да, оларға жау ретінде қараған дұрыс емес. Айқас аяқталысымен-ақ оның қарсылас екенін ұмытуың қажет.
— Әр боксшының өз сүйікті соққысы бар ғой. Мәселен, әйгілі Кличколар көбіне джеб пен хукты пайдаланады. Гена Головкин көбіне апперкотпен талдырады. Сенің сүйікті соққың қайсысы?
— Маған да апперкот ұнайды. Боксшылар көбіне джеб пен хукқа, тура соққы, құлаштай серпіген соққыларға дайын жүреді де, апперкотты байқай алмай қалады. Оның үстіне, апперкотта бойыңдағы бар күшің жұдырығыңа жиналады да, қарсыласыңды есеңгіретіп жіберуге керемет мүмкіндік туады.
— Жәнібек, балалық шағыңды еске түсірсек. Алғаш боксқа қалай келдің? Ең бірінші турнирің есіңде ме?
— Алматы облысының Алакөл ауданындағы Жыланды деген ауылданмын. Алматы облысы бокс федерациясының президенті әрі «ЖерСу» корпорациясының басшысы біздің көршіміз. 2000 жылы Бауыржан аға ауылға спорт кешенін салып берді де, Талдықорған қаласынан Ғалымжан деген жаттықтырушыны шақырды. Содан нағашы атама жалынып жүріп, боксқа апаруын сұрадым. Ақыры қоймаған соң бір күні атам мені Ғалымжан ағаға ертіп барды. Қарсы болған жоқ, бірден қабылдады. Ең кішкентайы мен екенмін. Жалыққан соң өзі кетіп қалады деп ойлаған ғой. Өзімнен үлкендерден қалыспай, жаттыға бердім. Бір күні Андреевкада (қазіргі Қабанбай ауылы) турнир өтіп, соған бардық. Ол кезде бірінші сыныптамын. Салмағым небәрі – 22 келі. Ұйымдастырушылар «бұл – әлі кішкентай бала. Турнирге қатыстырмаймыз» деп шу шығармасы бар ма. Жылап тұрып алғаннан кейін ақыры өзімнен ауыр салмақтағы балаларға қарсы жұдырықтастырып қойды. Содан не керек, ұтылып қалдым. Сол ауылдың орыс баласынан оңбай таяқ жедім. Өзіміздің ауылда орыс жоқ, олардың қандай болатынын да білмегенмін. Жеңіліп қалған соң намысқа булығып әбден жыладым. Бойымда кек пайда болды. Ауылға барып апамның айран, сүтін ішіп, жаттығуды бұрынғыдан да күшейттім. Содан үшінші сыныбымда әлгі ауылда турнир өтіп, қайта бардық. Салмағым артқан, бойым аздап өскен. Жаңағы орыс бала екеуміз бір салмақта екенбіз. Финалда кездестік. Қалай жұдырықтасқанымды білмеймін, әйтеуір жекпе-жек біткен соң өзіме келдім. Қарасам, анау баланың көзі көгеріп, мұрнынан тоқтамай қан кетіп жатыр екен. Төреші айқасты тоқтатып, қолымды көтергенде ғана жеңгенімді біліп, уһ дедім.
— Ал қазіргі бапкерің Мұрат Сиқымбаевтың қарамағында қашаннан бері жаттығып жүрсің?
— Сол жылы Ғалымжан аға отбасылық жағдайына байланысты ауылдан кетіп қалды. Сөйтіп, Бауыржан Оспанов ауылға Мұрат ағамызды шақырды. Бұрынғы бапкер көбіне үлкен балаларға көңіл бөлетін де, мені кішкентай деп аса мән бермейтін. Мұрат аға бірден өзінің баласындай көріп, бокстың небір «сиқырларын» үйрете бастады. Жетінші сыныбымда ол да Алматыға кетіп қалды да, көп ұзамай мені өзінің жанына шақыртып алды. Біраз уақыт соның үйінде тұрып, жаттықтық. Өз балаларынан артық көрді десем де болатын шығар. Ауырып қалған кездерімде жеңгем екеуі түнімен көз ілмей шығатын кездері де болған. Қазір Алматының Шаңырақ ықшамауданындағы спортқа арналған мектеп-интернатында жаттығып жүрміз.
— Отбасы құрғансың. Келіншегің Әнел Базанқызы да өзің секілді боксшы. Қазақстан чемпионы атанып, тіпті ұлттық құрама сапында да өнер көрсеткен. Бірақ соңғы кездері шаршы алаңнан көрінбей кетті.
— Үйленгеннен кейін боксты қой дедім. Әйелімнің көзі көгеріп, ерні ісіп жүргенін көргім келмейді. Үйде отыруы тиіс. Қазір бір ұлымыз бар. Есімі – Рамазан. Былтыр Рамазан айында дүниеге келген. Қанында бар ғой, теледидардан бокс жекпе-жегін көріп қалса, боксшылар секілді тұра қалады да, кәдімгідей жұдырығын сілтеп қояды. Соған қарағанда түбі боксшы болады-ау.
— Жәнібек, енді демалысың қашан аяқталады? Шаршы алаңға қашан шығасың?
— Біраз демалыс берген. Жаңа жылға дейін мазаламаймыз деді. Содан кейін халықаралық турнирлерге қатыса бастайтын шығармыз. Келесі жылы бізді Азия ойындары күтіп тұр. Одан кейін Катар астанасы Дохада әлем чемпионы деген атағымды қорғасам деймін. Ең бастысы, Олимпиада шыңына көтерілгім келеді.