Алматы облысы Жамбыл ауданының «Көкбастау» ипподромында «Саят» ұлттық спорт түрлері бойынша «Сонар – 2011» республикалық бүркітшілер додасы өтті.
Осымен 14-мәрте өткен дәстүрлі додаға еліміздің жеті облысынан 51 құсбегі қатысып, бақтарын, құстарының баптарын сынады. 51 құстың 43-і бүркіт болса, 8-і қаршыға болды. Екі кезеңнен тұратын доданың біріншісінде құстың аңға түсу шеберлігі, құс пен иесінің арақатынасы, шырға тартуы, қоянға түсуі сыналып, екінші, яғни финалдық кезеңде құстың түлкіге салу шеберлігі байқалды. Нәтижесінде, бүркітшілерден Алматы облысының өкілдері топ жарса, қаршыға салуда Жамбыл облысы үздік шықты. Бүркітшілер жеңімпазы 100 мың теңге сыйақы алса, «күміс жүлдегерге» 80 мың теңге бұйырды. Ал қаршығашылар жеңімпазы 60 мың теңге иеленсе, екінші орынға 40 мың теңге берілді.
Жалпы, аңшылық, саятшылық өнерлері – бабадан қалған асыл мұрамыз, төл өнеріміз. Оны бәріміз де білеміз, әрі мойындаймыз. Дегенмен мыңдаған жылдық тарихы бар төл өнерлерімізге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Рас, оқта-текте елімізде саятшылықтан әртүрлі турнирлер өтіп тұрады. Оның өзінде ұлттық спортымызға шын жанашыр аз ғана адамдар шоғыры ұйымдастырып жататыны жасырын емес. Ал басқа дөкейлеріміз ұлттық спорт түрлерінен гөрі, гольф, теннис секілді есіктен кіргеніне көп бола қоймаған спорттарға көңіл бөлгенді құп көретін секілді. Шынымен-ақ, бүгінде біз бәйгені велоспортқа, аңшылықты тенниске, саятшылықты гольфқа алмастырып алғандаймыз. Біздің өз құндылықтарымызға құлықсыз қарайтынымызды білетін көршілеріміз де ұлттық спортымызға қол салуда. Өзбектер өздерінің курашын жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізді. Қырғыздар көкпарымызды тартып алды. Енді Венгрияның да садақ тартуға көз сала бастағаны белгілі. Сондай-ақ «саят» өнерін де өз меншігіне айналдырғысы келетін елдер бой көрсете бастады. Мәселен, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызының айтуынша, бүгінде Австрия мен Германия құсбегіліктің патентін өздеріне меншіктеп алғысы келетін көрінеді. Қазақ ай қарап жүргенде, Еуропа аузымызды аңқитып кетпесін.
– Сонымен қатар, арабтардан да қауіп бар. Рас, арабтар құсбегіліктің патентін иелене қоймас. Дегенмен олар біздің ителгілерді сатып алып, көзін жойып жатқанымен қауіпті. Ол жақтың аптап ыстығына шыдай алмай, біздің ителгілер қырылып жатыр. Ал Австрия мен Германия саяткерлікті спортқа айналдырып, өз меншіктеріне иеленіп алмақшы. Алайда айта кету керек, әлемде бірде-бір мемлекет саяткерлікті спорт қатарына әлі қосқан жоқ. Шетелдерде тек әртүрлі саятшылық клубтары ғана бар. Біз болсақ, мұны ұлттық спорт түріне жатқыздық. Демек, біздің мүмкіндігіміз көбірек. Енді осы мүмкіндікті жібермеуіміз керек. Бұл туралы «Қыран» федерациясының президенті Нұрлан Өнербаевпен ақылдасқанбыз, – деп біздің ойымызды Бағдат Мүптекеқызы қорытындылады.
«Сонар – 2011» республикалық бүркітшілер додасының нәтижесі:
Бүркітшілер сыны:
1-орын: Жасұлан Бүркітбай
(Алматы облысы, Текелі қаласы)
2-орын: Қуаныш Исабеков
(Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы)
3-орын: Медет Шалипов
(Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы)
4-орын: Бағашар Наурызбеков
(Алматы облысы, Райымбек ауданы)
5-орын: Арман Қошқаров
(Ақтөбе облысы)
Қаршыға сыны:
1-орын: Шернияз Бауыржан
(Жамбыл облысы)
2-орын: Өмірхан Баетбай
(Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы)
3-орын: Ержан Ешметов
(Жамбыл облысы)
Дүбірлі додаға Астана қаласы, Алматы қаласы, Алматы облысы, Ақмола облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы және Павлодар облысының құсбегілері қатысты.
Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:
– Шынын айтсақ, «Сонар» секілді республикалық доданы ұйымдастыру оңай шаруа емес. Құстарды тасымалдауда көптеген қиындықтар туып жатады. Әсіресе, Атыраудан келген құсбегілерге қиын болды. Басқа аймақтағылар аздап үйреніп қалды ғой. Ал мұнда бүркіт пен қаршығаны, ителгіні бір-бірінен ажырата алмайды. «Қызыл кітапқа енген құсты қайда апара жатырсыңдар?» деп әбден зығырданымызды қайнатады. Ондай кезде облыс әкімінің бұйрығын, доданың ережесін көрсетіп, әрең құтыламыз.
– Бұл күндері саятшылық қай өңірде тіптен кенже қалған?
– Әдеттегідей Солтүстік Қазақстан өңірлерінде ғой. Оңтүстікті ұлттық спортқа жақсы көңіл бөледі деп мақтаймыз. Әйткенмен, мұнда да қарап тұрсақ, саяткерліктен бірде-бір ірі турнир ұйымдастырылмапты.
– Ұлттық спорт түрлері туралы арнайы заң керек деп жатасыздар. Осы жайында нақты ұсынысыңыз бар ма?
– Спорт комитетінің басшыларының барлығы орысшаланып кеткен ғой. Осыдан екі-үш жыл бұрын олар ұлттық спорт туралы заң жобасын жасаған. Дегенмен «әйтеуір заң керек екен» деп жалпылай жасай салған. Ұлттық спорт түрлерінің әрқайсысына жеке тоқталмаған. Құстарды тасымалдау жағына да тоқталмаған. Оның өзінде, ұлттық спорттың заңын осы уақытқа дейін бізге берген де емес. Осы мәселеге жақында ғана кірісті ғой. Бізге жіберіпті әлгі заңның жобасын. Енді біз өз өзгерістерімізді енгіземіз. Бір қызығы, әлгі заңның жобасы орыс тілінде жазылған. Сонда ұлттық спортымызды да орыс тіліне негіздейтін болғанымыз ба?! Негізі, мұндай мәселеде Спорт комитеті ұлттық спорт түрлерінен хабары бар мамандардың басын қосып, ақылдасуы керек еді ғой. Біз өз ұсыныстарымызды сол кезде айтар едік. Қазір аймақтарда ұлттық спорт мектептері ашылуда. Дегенмен, айтсам сенбейсіз, оқытатын арнайы бағдарламалары жоқ. Қандай негізге сүйеніп оқытарын білмейді мамандар. Биыл – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Яғни өзімізді, ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, әлемге көрсететін жыл. Ендеше, ұлттық спортымызды биыл барынша насихаттап қалуымыз керек.