Жыл сайын мамыр айының аяғында Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында дәстүрлі түрде қазақша күрестен Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы халықаралық турнир ұйымдастырылады. Ұлы бабамыздың 138 жылдығына орайластырылған бұл турнир биыл 45-ші рет өткізілді.
Бүгінде қазақ күресінің ұлттық ойындар арасында жедел дамып келе жатқанын көріп жүрміз. Еліміздің әрбір аймағында ұйымдастырылып тұратын үлкенді-кішілі турнирлер осыған дәлел. Қ.Мұңайтпасұлы атындағы турнир осылардың ең беделдісі болып саналады. Жыл сайын турнирдің халықаралық мәртебесіне орай көршілес елдерден балуандар келіп тұрады. Биыл еліміздің 14 облысынан және Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген 147 балуан 7 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Екі күнге созылған белдесулердің қорытындысы бойынша мына балуандар өз салмақтарында жеңімпаз атанды: Ғалымжан Байниязов (Ақтөбе, 54 келі), Ерлан Сыздықов (Ордабасы ауданы, 60 келі), Сүлеймен Жайнаров (ОҚО, 66 келі), Бақтыбай Қисықов (Ақтөбе, 74 келі), Асыл Рахымбаев (ОҚО, 82 келі), Сабыр Әбілдаұлы (ОҚО, 90 келі), Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы, + 90 келі).
Қазақ күресінің басты жеңімпазы түйе балуан екені ежелден белгілі. Биыл кілемге түйе балуандықтан үміткер 14 спортшы білек сыбанып, ортаға шықты. Ал бас жүлде Қажекеңнің жерлесі, Темірланнан шыққан жас балуан Назар Ерсұлтановқа бұйырды. Түйе балуанға Қажекеңнің ұрпағы Жақсылық Қыдыров ағамыз темір тұлпардың кілтін ұсынды.
Түйе балуан темір тұлпар мінді
Последние статьи автора