Таэквондо тарланы Түлкиев туралы толғаныс
Шығыс жекпе-жек өнерінің бесаспап шебері, ҚР таэквондо /WTF/ федерациясының тұңғыш президенті, VI дан иегері, бүкіл қазақ тарихын әйгілі «Ұлы көш» туындысына сыйғызған аса дарынды суретші Бексейіт Әбдезұлы Түлкиевтің небары 43 жасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапқанына биыл 15 сәуірде тура 15 жыл толды. Өкінішке қарай, соры қалың қазақтың маңдайына сыймаған жарық жұлдызын өшірген жауыздар әлі күнге дейін табылған жоқ. Бірақ олар құдіреті күшті Алланың алдында ақиреттік жазадан құтыла алмас. Осы орайда марқұмның әріптес ағасы әрі жақын досы, ҚР таэквондо федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Мақсұт Нарбаевпен сұхбаттасып, көкейде жүрген біраз сауалға жауап алдық.
– Мақсұт Әбжанұлы, қатыгез қаскөйлердің «мың өліп, мың тірілген» қазақты Бексейіттей біртуар перзентінен айырғанына да 15 жыл болыпты. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін кісі қанын жүктеген қылмыскерлер құрықталған жоқ...
– Әрине, қылмыскерлерді ұстап, заңды жазаға тарту – құқық қорғау орындарының басты міндеті. Өкінішке қарай, Бексейіт бауырымды өлтірген қандықолдар әлі табылған жоқ. Мұстафа Өзтүріктей тарланымыздың өлімі де құпия күйінде қалды. Уланған дейді, кімнің у бергені белгісіз. Демек, бұл – құзырлы орындардың кәнігі қылмыскерлер алдындағы дәрменсіздігі. Мұстафа мен Бексейіттен бұрын да, кейін де елге танымал қаншама ардақты азамат жұмбақ жағдайда ажал құшты. Бұл келеңсіз жайт болашақта да жалғаса беруі әбден мүмкін.
– Бәлкім, сол үшін ел мәртебесін көтеріп жүрген дара дарындарымызды ұлттық құндылық ретінде «Қызыл кітапқа» енгізуіміз қажет шығар?
– Дұрыс айтасыз. Мемлекет тарапынан арнайы заң шығарылып, танымал тұлғаларымыз сол заң аясында қорғалатын болса, қанды қаралы тізім тоқтайтын шығар деп ойлаймын. Негізі, біз жастардың тәрбие мәселесін дұрыстап қолға алуға тиіспіз. Түбін ойламай, күнін ойлайтын, ой-өрісі тар «тентектерімізді» дер кезінде тезге салуымыз керек. Алыстан жау келмейді. Бәрі – өз арамыздағы көреалмаушылықтың, қызғаншақтықтың, күндестіктің кесірі. Әйтпесе ат төбеліндей аз қазаққа байтақ жерімізде не жетпейді?! Нені бөлісе алмай жүрміз? Шен-шекпен үшін бір-бірімізбен қырықпышақ болып қырылысып жатсақ, бізді кім сыйлайды? Бізбен кім санасады?
– Мақсұт аға, Бексейіт бауырыңызбен ең алғаш қашан, қайда жолықтыңыз?
– Бексейітпен ең алғаш 1991 жылы наурыз айында Ташкентте таэквондодан өткен КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы чемпионатында кездесіп, жақын таныстым. Бұның алдында мен оны талантты суретші, каратэ, у-шу шебері ретінде сырттай жақсы білетінмін. Ал бұл біріншілікке мен ұйымдастыру комитетінің мүшесі әрі бас төрешінің орынбасары ретінде қатысқанмын. Халықаралық дәрежедегі төреші едім. Содан чемпионат аяқталған соң таэквондоның қыр-сырын жақсы білетінімді аңғарған Бексейіт мені жаңа құрылған федерацияға жұмысқа шақырды. Нақтырақ айтсам, федерацияның бірінші вице-президенті қызметіне. Қуанып кетіп, бірден келісімімді бердім. Содан бастап бірге туған бауырлардай жақын араласып кеттік. Ол дүниеден озғанша жұбымыз жазылған жоқ. Марқұм өте ақкөңіл, қарапайым, бауырмал еді. Көзсіз батырлығы, жас баладай аңғалдығы, ішек-сілеңді қатыратын әзілдері, қиыннан қиыстыратын тапқырлығы, қысылтаяң тұста алып түсетін алмастай алғырлығы, сал-серілігі – бәрі- бәрі өзіне керемет жарасып тұратын.
– Жастарға үлгі болсын, сол қасиеттеріне көз жеткізген сәттеріңізді еске алып өтсеңіз...
– Ондай сәттер көп болды ғой. Қайсыбірін айтайын... Ұмытпасам, 1993 жылдың сәуір айы болатын. Ол кезде жаңадан Тәуелсіздік алған, беймаза, аласапыран уақыт еді. Сонымен не керек, мен, Мұстафа, Бексейіт – үшеуіміз Қазақстан таэквондо федерациясын Дүниежүзілік таэквондо федерациясының құрамына кіргізу мақсатында Оңтүстік Корея астанасы Сеулге аттандық. Онда бізді Мұстафаның ұстазының ұстазы, Х дан иегері Парк Им Ман мырза күтіп алып, дүниежүзілік федерацияның лауазымды өкілдерімен кездестірді. Біз бұйымтайымызды айттық. Мәселенің мән-жайына қаныққан кәріс жағы: «Сіздердің ниеттеріңіз дұрыс. Түсінеміз. Бірақ заң бойынша кемінде бір ай бұрын бізге ресми өтініш берулеріңіз керек еді. Оны осы уақыт ішінде жан-жақты қарап, талқылап, тиісті шешім шығаратын едік. Бұл келулеріңіз заңға қайшы болып тұр» деп азар да безер болды. Кәрістердің тәртіпке қатаң қарайтынын жақсы білетін Мұстафа: «Жолымыз болмады. Бұлар – заңға қатты бағынатын халық. Босқа әуре болдық. Енді не істесек екен?» – деп Бексейітке қарады. Ал Бексейіттің алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Ол Мұстафаға: «Сіз уайымдамай, қонақүйге бара беріңіз. Біз – Мақсұт екеуміз бұларды қайтсек те көндіреміз», – деп бір-ақ кесті. Бір көрген адам Бексейітті қазақтан гөрі кәріске қатты ұқсататын. Әлгі федерация өкілдерімен болған келіссөздер барысында сабазым соны да оңтайлы іске жаратты. Шала-шарпы кәрісшесімен олардың іші-бауырына кіріп-шығады. «Бізді Кореяға бүкіл қазақ елі үлкен сеніммен шығарып салды. Ендеше, дүниежүзілік федерацияға қабылданбай, Отанымызға қайтуға қақымыз жоқ» деп кәрістердің жанын қоймады. Әйтеуір, абырой болғанда, үшінші күні олар алғашқы райларынан қайтып, келісімдерін берді. Сөйтіп, бүкіләлемдік таэквондо федерациясына мүше болып, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық. Осындай адамды өзіне тез баурап алатын ерекше қасиетінің арқасында Бексейіт түр-тұлғасы өзінен айнымайтын Джеки Чанмен, Чак Норрис, Джун Ри сынды өзге де кино мен жекпе-жек өнерінің аңыздарымен жақын араласа білді.
– Мақсұт аға, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары еліміздегі экономикалық қиындықтарға байланысты шетелдердегі турнирлерге бару қиямет-қайым болды. Сол қиын-қыстау кезеңде қажетті қаржыны қалай таптыңыздар?
– 1993 жылдың тамыз айында Американың Нью-Йорк қаласында әлем біріншілігі өтетін болды. Елдегі ахуал белгілі. Қаражат тапшы. Ал Нью-Йоркке барып-келуімізге кем дегенде 50 мың АҚШ доллары керек. Сайдың тасындай іріктелген жігіттеріміз Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын Америка аспанында желбіретеміз деп жұлқынып тұр. Нағыз сын сағат. Бәріміздің назарымыз – Мұстафа мен Бексейітте. Не керек, қазақтың ар-намысы үшін туған қос қыран бірден іске кірісті. Спортқа жанашыр атқамінер азаматтар мен кәсіпкерлерден қолдау тапты. «Көп түкірсе – көл» демекші, абырой-беделдерінің арқасында қажетті қаржы жиналды. Имантай Әбеев, Сұлтан Шоқпытов, Нұрлан Шағытаев сынды таэквондошы жігіттеріміз алыстағы Америкада ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды көкте желбіретті. Төрткіл дүниеге Тәуелсіз Қазақ елін танытты. Бұл – ешқандай ақшаның құны жетпейтін асқақ рух, биік мәртебе.
– Мақсұт аға, Бексейіт Әбдезұлының туыстары және отбасымен қарым-қатынастарыңыз қалай? Қарайласып тұрасыздар ма?
– Әрине, жуырда ғана Бексейіттің қызы Ақмөрді қолдан ұзаттық. Қазақы салт-дәстүрге сай жасалған сол тойға бір кісідей атсалыстық. Әке жолын қуған ұлы Ерсұңқар қазір Астанада дизайн саласында қызмет істейді. Кенжесі Мұстафа да ержетіп қалды. Ағасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлымен де тығыз қарым-қатынастамыз. Темірғали Көпбаев бауырымыздың тікелей қолдауымен 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан ол кісінің «Қос өнердің жұлдызы» атты кітабы жарық көрді. Кітапқа Бексейіт туралы жазған менің де естелігім еніпті.
– Мақсұт аға, болашақта қандай еске алу іс-шараларын өткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Қасиетті Қасқасудың кәусар бұлағына шомылып, тау-тасына шығып, көз тартар көркем табиғатын шығармашылығының алтын арқауына айналдырған Бексейіт ағамыз арамыздан тым ерте кеткенімен, артыңда ізін басқан ұл-қызы, шәкірттері, дос-жараны, туыстары, қалың қазағының тарихы тұнған «Ұлы көш» деген ұлы туындысы қалды. Көзі тірі болғанда, енді екі жылдан кейін 60 жастың асқарына шығар еді. Бексейіттен қапыда айырылып қалған соң, республикалық федерацияның тізгінін оның досы Шамсат Исабеков қолға алған болатын. Құдайға шүкір, содан бері елімізде таэквондоны дамыту бағытында шама-шарқымызша жұмылып жұмыс жасап келеміз. 2008 жылы Бейжіңде шәкіртіміз Арман Шылманов посткеңестік аумақтағы тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанды. Былтырғы жылдың соңында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жанынан Спорттық жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы құрылды. Тимур Құлыбаев төрағалық ететін бұл жаңа ұжымның құрамына таэквондо да кіріп отыр. Сондықтан ендігәрі қаржы мәселесі қолбайлау болмауы тиіс. Бұйыртса, келесі жылы Мұстафаның, содан соң Бексейіттің 60 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бақилық болған қазақтың қос қыраны туралы деректі, тіпті көркем фильм түсірілсе деген ізгі ниетіміз бар.
– Мақсұт Әбжанұлы, бұл исі қазақтың ізгі тілегі екені даусыз. Ниеттеріңіз жүзеге ассын!