Шымкентте садақ ату спорт кешені ашылды
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионы аумағынан садақ ату спорт кешені ашылды. Енді оңтүстіктің құралайды көзге атар мергендері оқу-жаттығуын өзге қалаларға барып өткізбей-ақ, өз жерінде жалғастыруға мүмкіндік алды.
Пайдалануға берілген садақ ату спорт кешенінің ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов келіп, спортшылар мен олардың бапкерлерінің қуанышына ортақтасты.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгін бізде спорт саласы мамандары үшін, оның ішінде садақ ату мамандары үшін қуанышты жағдай. Өздеріңізге мәлім, садақ ату спорты бойынша оңтүстікқазақстандық өрендер дүбірлі додаларда намысты қолдан берген емес. Мәселен, садақ атудан Сидней Олимпиадасының қатысушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Ли, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Ойбек Сайдиев, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы Ерман Мұсабековтер талай рет маңызды сайыстарда топ жарып, ел мерейін үстем етті. Жаңадан ашылып отырған садақ ату спорт кешені облыс атынан бақ сынайтын мергендердің дайындығын күшейтіп, алдағы өтетін жарыстарға тыңғылықты дайындалуына оң ықпал етері сөзсіз.
Шымкент қаласында халықаралық талаптарға сай садақ атуға арналған оқу-жаттығу орталығы бұрын-соңды болмаған. Спорт саласы мамандарының ұсынысымен қолға алынып, жергілікті биліктің тікелей қолдауымен аяқталған бұл спорт нысаны бір мезетте 60 спортшыны қабылдай алады. Шымкенттік спортшылардың көзайымына айналған кешен 0,72 гектар аумақты алып жатыр. Құрылысы 2012 жылы шілде айында басталып, спорт нысаны осы жылдың қазан айында аяқталды. Құрылыстың бас жобалаушысы – жергілікті «Сити Инжиниринг» ЖШС. Жүргізуші мекеме – «Kaz imau» ЖШС. Кешеннің салынуына облыстық бюджеттен 127,0 миллион қаржы жұмсалған.