«Спорттың» құты болған Сайын аға

«Спорттың» құты болған Сайын аға

Сайын Тұрсынов. Қазақ спорт журналистикасының көрнекті тұлғасы. Атақ қуып, даңқ қуып, көзге түсуді көксемеген, тек адал еңбек етуді мақсат тұтқан қазақтың қара нары. Талай бұлақтың көзін аршып, талай таланттың томағасын сыпырып, спорт журналистикасы майданына қосқан ұлағатты ұстаз. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт Сайын аға бүгінде жетпістің төртеуін еңсерді.

Республикалық «Спорт» газеті ашылған күннен бастап, осы басылымның түпнұсқасын «құйып», қабырғасын қалаған қайраткерлердің бірі – осы Сайын аға. 1959 жылдың 1 қаңтарынан шыға бастаған газеттің жобасын жүзеге асырудан бастап, зейнетке шыққанша бар тауқыметін тартып, жемісін көрген. Табаны күректей 49 жыл бір басылымда, бір шаңырақта еңбек еткен.

1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскен Сайын Сүлейменұлы білім алумен қатар, спортпен де айналысады. Былғары қолғап шеберлерінің біразын шыңдап шығарған Г.Рожковтың қол астында марқұм Әбдісалан Нұрмаханов бірге жаттыққан. «Жаттығу кезінде Әбдісаланмен талай рет жұдырықтасқанмын, қарулы жігіт еді», – деп айтып отырады, бокстан ІІ разряды бар Сайын аға бұл жөнінде. Содан соң, Сайын аға альпинизм спортымен де шұғылданған. Сол жылдары Еуропадағы Монблан тауына да шыққан (биіктігі – 4810 метр). Мамандар сонда «сіз – Монблан тауына шыққан бірінші қазақсыз» депті. Маңызды дерек. Тек дәл солай болса, ресми түрде бекітіліп, көпшілікке паш етілуі ғана жетіспейді.

Сайын аға ҚазМУ-дің төртінші курсында оқып жүрген кезінде, журналистика факультетіне жаңадан ашылғалы жатқан «Спорт» газетінің жауапты хатшысы Жанәбіл Оспанов келеді. Деканатқа кіріп, «спортпен айналысатын, спорт тақырыбына қалам тарта алатын, 4-5 курстың жігіттері бар ма» деп сұрайды. Ондағылар бірауыздан Сайын ағаның есімін атайды. Осылайша Сайын Сүлейменұлы өз өмірін «Спорт» газетімен ұштастырады. Содан зейнетке шыққанша осы шаңырақтың түтінін түтетеді. Ыстығына күйіп, суығына тоңады. Талай жыл «тар жол, тайғақ кешуді» де басынан өткереді. Сонда да ешқайда кетпейді. Тіпті дүрілдеп тұрған «Социалистік Қазақстан («Егемен Қазақстан») газеті шақырса да бармайды. Спортқа деген сүйіспеншілігі жібермейді. «Спорт» газетімен өркендеп, ауыл-ауылға жеткенін де басынан кешіреді. «Бір кездері газетіміздің қазақ тіліндегі тиражы 143 мыңға дейін жеткен-ді, сол кезде орыс тіліндегі нұсқасының тиражы 85 мың болатын, сонда жалпы тиражымыз 200 мыңнан асып түсетін», – деп еске алады газеттің дәуірлеген кездерін Сайын аға. Сол жылдары КСРО-ның қай жеріне іссапарға барамын десең де, ешкім бетіңнен қақпайтын болыпты. Журналистерге пәтер беріліп, барлық жағдай жасалған көрінеді.

Сайын аға «Спортта» барлық баспалдақтан өткен. Бөлім бастығы да, жауапты хатшы да, редактордың бірінші орынбасары да болған. Бірнеше редактормен жұмыс жасаған. Бірнеше журналистің пәтер алуына ықпал етіп, көмектескен. Тіпті өз күшімен алып берген десе де болады. Редакцияға имене басып кірген студенттер мен жас журналистердің маңдайынан сипап, бәріне көмектескен. Әрқайсының жағдайын білуге тырысып, қолынан келген көмегін аямаған. Сақа журналистердің тепкісіне ұшыратпай, қызғыштай қорыған. Содан соң, ұжым болған соң «шыны-аяқ сылдырамай» тұрушы ма еді. Ондайда қаһарлы редактор мен қиқар мінез журналистердің арасын дәнекерлеуші болған. Көптеген талантты журналистердің мінездері ауыр болмай ма? Сайын аға солардың бәріне төзе білген. Бұл тұрғыда ұжымның үйлестірушісі бола білді. Сөзге келіп қалған талай адамды татуластырғанын өз көзімізбен көрдік. Редактордың алдында жас журналистердің арасына түсіп, шыж-быж болып жатқанының да куәсі болдық. Ол, ол ма... Сайын аға талай тағдырды тоғыстырған да. Ұжымда жұмыс істейтін және редакцияға келіп-кетіп жүретін жас жігіттер мен қыздарды бір-бірінің қолынан ұстастырып, үйлендіріп те жіберген кездері болды. Кімнің кімге келетінін, кімнің кіммен жарасып кете алатынын дөп басып, білетін. Бүгінде қазақ спорт журналистикасында Сайын ағаның тәрбиесінен өтпегендері кемде-кем. Көбісі қарапайым Сайын ағаның қызықты әңгімелерін тыңдап жүріп, қанат қаққан.

Не керек, Сайын аға «Спорт» газетінің киесі мен берекесі еді ғой. Сол шаңыраққа құт болып келген кіршіксіз адам. Сайын аға зейнетке шығып еді, «Спорт» газетінің ғұмыры ұзаққа созылмады. Құты кеткен шаңырақ, берекесі қашқан іс оңушы ма еді, бұл жалғанда? Сайын аға кеткен соң «Спорт» газетінің қазақ бөлімі бірер жыл «шықпа, жаным, шықпамен» жүрді де, ақыры жабылып қалды.

Өкінішке қарай, Сайын ағаны зейнетке шығарып салу рәсімі лайықты деңгейде өткізілмеді. Редакция ішінде ғана «ел спортына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегіңізге мың да бір рақмет» деумен шектелді. Әрине, редакция қызметкерлері естелік ретінде сыйлық алып берді. Алайда, мәселе сыйлықта емес қой. Сайын ағаның өзі көптеген ардагер журналистер зейнетке шыққанда, зыр қағып, оны құрметтеп-қошаметтеп шығарып салу жағын неғұрлым әсерлі қылып ұйымдастыруға бар күшін жұмсап жүретін. Бірақ өзі сондай құрметті көре алмай кетті...

Содан соң ҚР Туризм және спорт министрлігі де көптеген шараларда Сайын ағаны спорт ардагерлері қатарына үнемі қосып жүрген жоқ. Тіпті Олимпиада балына шақырып алып, ішке кіргізбей, кері қайтарып жіберген сәті де болған. Себеп – жоғарыдағылар тізімнен сызып тастапты. Бірақ мұндай ұсақ-түйекпен төменшектемейтін Сайын аға ешкімге шағымданып та, өкпесін жайып та жүрген жоқ. Сайын аға ондай адам емес! «Өмір адамға бір-ақ рет берілетіндігін түсінейік» дейді де қояды. Шәкірттеріне де көп айтатын өсиеті – осы. Ешкімнің де шақырмағанына және кіргізбегеніне өкпелемейді. Одан гөрі шәкірттерінің бірі телефон шалып, хабарласса, соған мәз болады. Тұлғасы асқар таудай Сайын ағаға шәкірттерінің ұмытпай, жиі хабаласып тұрғанынан артығы жоқ. Біреу-міреу хабарласса, соған жаны жадырап қалады. Себебі дәл қазір Сайын ағаның жүрегі мұңға толы. Әлпештеп екі ұл өсірген. Сұм ажал соның бірін жалмады. Сенімін ақтап, дипломат болған, 5-6 тілді меңгеріп, білімімен көпшілікті қайран қалдырған сүйікті Жәнеті осыдан сегіз ай бұрын жылатып, еңіретіп кете барды... Ендігі бар алданышы – Жәнеттен қалған қаршадай қос құлыны (жалпы, бес немересі бар).

Негізі, Сайын аға нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өзі ғой. Журналист, спортшы. Мектеп бітірген соң бір жыл құрлыста істегені бар. Содан болар, құрылыс саласын, оның қыр-сырын да өте жақсы біледі. Мектепте өлең шығаратын. Домбыра шертетіні де бар. Мектеп қабырғасында есепке де жүйрік болыпты. Мен кейде «егер Сайын аға журналист болмағанда, сөз жоқ, білікті инженер болатын еді» деп ойлаймын. Техника жағына да жетік. Ең бастысы, адамгершілігі жоғары, ары айғақ, жүзі жарқын, үлкенге де, кішіге де ізетті, тамаша жан.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста