Бүгінде қыздар айналыспайтын спорт түрлері сиреп барады.
Қыздарға ғана тән спорт түрлері
Көркем гимнастика: Спорттың басқа түрлерімен салыстырғанда көркем гимнастика кештеу пайда болған. Шамамен алғанда, ХХ ғасырдың басында. Алайда, өздеріңіз байқап отырғандай, тез-ақ қарқын алып, бүгінде миллиондаған спортсүйер қауымның сүйікті спортына айналды. Ал Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1980 жылғы Мәскеуде өткен Олимпиададан кейін енген. Сөйтіп, көркем гимнастикадан тұңғыш Олимпиада чемпионы болып 1984 жылы Лори Фанг атанған.
Спорттың бұл түрінен қазақ елі Әлия Юсуповасымен мақтана алады. Жеті жасынан бастап көркем гимнастикамен айналыса бастаған Әлияның жеткен жетістігі бір емес, бес-алты спортшының ғұмырына жетерліктей. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Афины және Бейжің Олимпиадасының қатысушысы. Грекия жерінде өткен дүбірлі додада жүлделі орынға бір қадам жетпей қалған. Ал 2006 жылғы және 2009 жылғы Азия біріншіліктерінде алты алтынға ие болған.
Суда мәнерлеп жүзу: Синхронды жүзу өз бойына жай ғана жүзуді емес, көркем жүзуді, гимнастиканы және акробатиканы жинаған. Көзіңізге елестетіп көріңізші, егер ер спортшы әсем әуенмен суда көркем жүзіп, акробатика, балет және гимнастиканы қатар көрсетіп тұрса, қалай көрінер еді? Қарар ма едіңіз? Әй, қайдам! Мәнерлі гимнастика, басқаша айтқанда, суда жүзіп билеу дегенді білдіреді. Сондықтан спорттың бұл түрі – тек нәзік жандыларға ғана тән спорт түрі. Жалпы, мәнерлеп жүзу спорты ХІХ ғасырдың аяғында пайда болған. Алғашында бұл спорт көркем жүзу спорты деп аталған. Алғаш рет әлем чемпионаты 1973 жылы өтсе, Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1984 жылы еніпті. Спорттың бұл түрінен Олимпиаданың тұңғыш жеңімпаздары – АҚШ арулары.
Қазақ елі мәнерлеп жүзу спортында Әлия Кәрімова, Арна Тоқтаған, Айнұр Керей, Анна Кулькина секілді аруларымен мақтана алады. Айта кетейік, соңғы үшеуі де Катар астанасы Дохада өткен XV Азия ойындарында қоржынымызға қола медаль салып берген.
Қыздар мүлдем айналыспайтын спорт түрлері
Грек-рим күресі: Әйелдер дзюдоны иемденді, самбоға қол салды, еркін күресті игерді. Бірақ грек-рим күресіне әлі жеткен жоқ. Еркектердің қуанышына орай, қыздардың еркін күресін «әйелдер күресі» деп атап кетті де, ал грек-рим күресі ескерусіз қалды. Әйтпесе аруларымыз бұл жерден де табылып қалар еді.
Шаңғымен тұғырдан секіру: Өзіңіз ойлап қараңызшы, қай ата-ана өзінің қызының басын қауіпке тігіп қойғысы келеді? Жарайды, ер балалардың шаңғымен тұғырдан секіруге шамасы жетер. Ал нәзік жандыларды спорттың бұл түріне қия алмаспыз. Сол сияқты қыздарымыздың шаңғы қоссайысымен де айналыспайтыны қуантады. Дегенмен аруларымыздың ауыр атлетика, бокс, бодибилдинг, ережесіз жекпе-жек, сумо секілді спорт түрлерінде жүргенін ескерсек, болашақта нәзік жандыларымызды шаңғымен тұғырдан секіру спортынан да көріп қалуымыз ғажап емес.