Спорт жұлдыздарының имиджін қалыптастыру

Спорт пен шоу-биз­нестегі тұлғалардың өмірі қарапайым халық үшін қашанда қызық. Сол себепті алаңда ғана емес, алаң сыртында да спортшының өз-өзін ұстай білуі – аса маңызды нәрсе. Әлем спортының жұлдыздарына «имидж» сөзі таңсық емес. Халықтың алдында жүрген соң, әр сөзге абай болып, әр қадамды ойланып жасау керектігіне кеңес беретін мамандар жетіп-артылады. Ал Қазақстанда қалай?! Отандық спортшылардың бет-бейнесін қалыптас­тыра алып жүрміз бе?! Танымал спорт қайраткері Сұлтанмахмұт Шоқбытовтың ойынша, бұл жүйе бізде әлі орнаған жоқ.

– Сұлтанмахмұт Ноқатұлы, қазақ спортында бұрын-соңды болмаған жаңа жобаны қолға алып, тыңнан түлен тартып жатқаныңыздан хабар­дармыз. Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Өнер адамдарына қарағанда, спорт­шылардың сөзге сараң, мінезі ұяң болып келетіні рас. Бар уақытын жаттығу зал­дарын­да өткізіп, назарын нәтижені есе­леуге ғана бөлген спортшының бұл қасиетін түсінуге болады. Алайда жетістікке жетіп, халықтың аузында жүрген соң, спортшының өзіне көп көңіл бөлуіне тура келеді. Жүз пайыз жақсы мінезден тұратын адамның болмайтыны хақ. Пенде болған соң, кем­шіліктіреміз де көрініп жатады. Қарапайым адамнан гөрі танымал тұлға­ның, оның ішінде спортшының кемшін тұстары тез көрініп, халық арасына тез таралып кетеді. Оның үстіне, абайсызда айтып қалған бір сөздің өзі елі алақанында ұстап отырған спортшының маңдайына таяқ болып тиюі мүмкін. Сондай келеңсіз сәттерден құт­қарып, спортшының өз имиджімен жұмыс жасауына көмектесетін ұйымдар бізде жоқтың қасы. Сол себепті мен серік­тестеріммен бірлесе отырып, «Спорт­виплист» атты қоғамдық қорды құрдым. Қордың басты мақсаты – танымал спорт­шы­лардың бет-бейнесін қалып­тастыруға үлес қосу. Әзірге әріп­тестерім ғылым, мәде­ниет тағы да басқа салалар­дағы атақ­ты адамдармен жұмыс істеп көрген. Ал спортшылармен бірінші рет байланысқа шығып отыр. Енді біз спорт­шыға қалай көмектесіп, қандай кеңес береміз деген заңды сұрақ туындайды. Бірінші кезекте, спортшының брендін қа­лып­тастыруға күш саламыз. Мәселен, Ермахан Ыбырайымов. Сидней Олимпиа­дасының чемпионы, қазақтың маңдайына біткен батыр ұлдар­дың бірі. Оның таны­малдығында шек жоқ. Өйткені Ермаханның атын естігенде еңбектеген баладан еңкей­ген кәріге дейін елең ете қалады. Өз-өзін ортада қалай ұстау керек екендігін беске білетін адам. Бұл жерде біз чемпион­ның танымалдығын өз пайдасына жаратуға көмектесеміз. Оның қалыптасқан брендін одан әрі жандандыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша теннисші Мария Шарапова Реседегі жарнамадан ең көп табыс тапқан спортшы ретінде тарихта қалды. Түрлі әлемдік брендтерді жар­на­малауға шақырту алды. Сондай-ақ Александр Овечкин, Андрей Аршавин сынды спортшылардың өзі – жарна­мадан ақша ғана емес, абырой жинап алғандардың қатарында. Ал одан бір мысқал да кем түспейтін қазақтың чемпиондарын тек қана мерекелік баннерлерден көреміз. Қазақ спорт­шы­ларының жарнамада бой көрсет­пеуінің себебі олардың имидж тұрғы­сынан артта қалуынан ба, сонда?
Қазақ спортшыларын жарнамаға тарту да біздің міндеттерімізге кіреді. Бренді қалыптасқан спортшы кейін сұра­нысқа ие болатыны сөзсіз. Ал сұраныстағы адам сұраныстағы тауарды жарнамаласа, екі жаққа да көп пайда келеді. Біздің қор өз жұмысын бастай сала коммерциялық мақсатты көздемейді. Бірақ уақыт өте келе, еңбек нәтижесін бере бастағанда, жарна­маға түсу секілді табыс әкелетін жақтарға мойын бұрамыз. Осы күнге дейін Ермахан Ыбырайымовпен және грек-рим күресінің шебері Әсет Мәмбетовпен бірлесе жұмыс істедік. Бірнеше фотосессия ұйымдастырып, селфбрендингке мән бердік. Селфбрендиг ағылшын тілінен аударғанда, өзін-өзі жасау деген мағына береді. Яғни халықпен үнемі байланыста болатын жан әрқашан өз-өзін толықтырып, ізденіп жүруге міндет­ті. Халықтың есінде мейлінше жақсы қа­сиет­терімен, ұтымды сөздерімен қалғаны дұрыс. Мысалы, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев үнемі ашу үстінде жүретін жан секілді есте қалады. Бұл оның табиғи мінезі де шығар. Бірақ бізде толып жатқан Олимпиада чемпионы жоқ. Сол себепті батыр ұлдың жарқын жеңісінен өзге, оның жағымды бейнесі де халықтың жүрегінде қалғаны жөн. Бізде спортшылар мен қарапайым жанкүйердің арасы тым алшақ. Осы ара қашықтықты жою үшін де селфбрендинг керек-ақ.
– «Спортвиплист» қоғамдық қоры­ның кеңесіне құлақ түріп жүрген Ермахан Ыбырайымов «Нұр Отан» пар­тиясы атынан Парламент сай­лауына түскелі жатыр. Демек, депутат болуға ұмтылған жанның образын одан әрі көркемдей түсу керек. Қызмет те осыдан соң қиындай береді. Енді чемпионның ғана емес, болашақ депутаттың бейнесіне мән беру керек шығар?
– Бұл жерде біздің қызметіміз әншінің продюсерін еске түсіреді. Бірақ біз таны­майтын жаннан жұлдыз жасамаймыз. Жүл­де­гер қатарынан көрініп, болашағынан үміттендіріп жүрген жас таланттарды, сондай-ақ халықтың мақтанышына айнал­ған чемпиондардың өз-өзін жетіл­діре түсуге септігімізді тигізіп, ел арасында өзін қалай ұстай керектігіне кеңес береміз. Біздің қормен жұмыс істеген спортшының қоғамдағы келеңсіз әрекетін де ұмыттыруға тырысамыз. Себебі жоғарыда айттым. Спортшы да адам. Ол да кемшіліксіз бол­майды. Бірақ оның шектен шыққан ақыл­сыз әрекеттері болса, бәрін мойнымызбен көтереміз демеймін. Әнші мен продюсер секілді біздің арамызда да келісімшарт жасалады. Сол шарттарда әркім өз міндетін мойнына алып, өзінің қызметін мүлтіксіз орындауға тырысады. Спортшылар имиджін қазақ қоғамына біз енді ғана енгізіп жатырмыз. Бірден нәтиже береді деу қиын. Тіпті көл-көсір ақшаның астында қалуды да көздемейміз. Тек спортшының имиджі туралы түсінікті Қазақстанда қа­лып­тастырып, аяулы ұл-қыздарымыздың халық алдындағы беделінің биік болғанын мақсат еттік. Жақында ғана қайта құрылған «Қазақстанның спорт журналистері одағы­мен» байланыс орнатудамыз. Өйт­кені спорт­шының телефонына түскен он қо­ңыраудың сегізі журналистерге тиесілі. Спортшыны ақтап та, қаралап та шығатын қалам ұстаған ағайын. Журналистер жаз­ған сайын, спортшының танымалдығы артады. Ал танымалдығы артқан спортшы­ның бренді қалыптасады. Бренді қалып­тасқан спортшы коммерциялық тұрғыда өз-өзін ақтай алады. Ең бастысы, алақанда ұстап отырған санаулы чемпиондарымыз бен келешекте топ жаратын таланттардың халық алдындағы абыройы түспесе болғаны.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста