Семей спортшыларының қаржы тапшылығының кесірінен Польшада өтетін әлем чемпионатына бара алмай қалулары мүмкін. Аталмыш біріншілікке арнайы лицензия ұтып алған чемпион да осылай мұңын шағуда.
Шығыста осыдан үш жыл бұрын ғана ашылған армрестлинг мектебі бүгінгі таңда жетістіктерімен қуантуда. Жақында ғана Ташкентте өткен Азия чемпионатында армрестлингшілер жанкүйерлерін жеңістерімен қуантқан болатын.
– Армрестлингтің талабы бойынша аяқ ілгері тұрып, арқаның бұлшық еттері іске қосылуы керек. Мұның маңызы зор. Қарапайым күрестегі сияқты армрестлингте иықтан асыру сияқты тәсілдер қолданылады. Осыны есепке алған жөн. Қол тіресер алдында төрешілер спортшылардың иықтарын теңестіреді, бәрін салыстырады. Осындай жағдайда спортшылар өздерін еркін әрі тың сезініп отырады, – дейді аға жаттықтырушы Төлеген Сағатаев.
Осылайша аға жаттықтырушы Төлеген Сағатаев шәкірттеріне қол тіресінің барлық қыр-сырына үйретуде. Аталмыш армрестлинг секциясында халықаралық дәрежедегі төрт спорт шебері, Қазақстаның төрт спорт шебері, 16 спорт шеберлігінен үміткер шынығуда. Олардың ішіндегі үздіктерінің бірі – 60 келі салмақтағы Азия чемпионы Марат Самарханов.
– Қазақстан Республикасының оң қолмен тіресуден өткен чемпионатында бас бәйгені алдым да, содан лицензияға қол жеткізіп, Ташкентте өткен Азия чемпионатына қатыстым. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орынға ие болды. Мен де, достарым да алтын медаль олжаладық. Аталмыш Азия біріншілігінде Олжас Нұртас жастар арасында чемпион атанды. Ардагерлер арасында Оңдарқан Ақбаевқа тең келер ешкім болмады. Қол тіресімен айналысқанына жарты жыл өтсе де, ол Азия чемпионы мәртебесін иеленді, – Марат Самарханов.
– Ең алғаш осы секцияның ашылғанын естіп, Төлеген мен оның шәкірттерін кездестірген кезімде қолымның білек күшін байқаған ол бірден өз тобына жаттығуға шақырды. Техникасына, қыр-сырына меңгертті. Сырттай қарағанда, қолды ұстай салып, баса салатындай көрінгенмен мұның да өзіндік айла-тәсілдері бар. Қарсыласыңды қалт жібермей, үнемі ойланып отыру керек, – дейді Оңдарқан Ақбаев.
Міне, осылайша Азия чемпионы атанған семейлік спортсмендер енді Польшаға аттанулары керек екен. Бірақ қаржылай қолбайлау оларды біраз әбігерге салуда. Қалалық Денешынықтыру және спорт бөлімі бұл проблемамен таныс. Алайда олардың әлем чемпионатына қаржыландыруға заң жүзінде хақылары жоқ екен.
– Әлемдік деңгейдегі сайыстарды қаржыландыра алмаймыз. Себебі мұндай чемпионаттарға қаржы бөлу – облыстық Туризм және спорт басқармасының еншісініде. Семей аудандық деңгейдегі қала болып саналатындықтан, бюджет заңдылығына сәйкес біздің ақша бөлу мүмкіндігіміз жоқ. Тек аудандық немесе қалалық жарыстарға ғана қаражат бере аламыз. Десек те, спортшыларға демеу беру мақсатында біз облыстық басқармаға қаражат жағынан көмектесіңіздер деп ресми хат жолдап отырмыз, – деді қалалық Денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Мұрат Құржықаев журналистермен кездесу барысында.
Ал әзірше семейлік спортшылар әлем чемпионатына аттану үшін демеушілерді іздестіріп жатыр. Бәрінен де лицензияға қол жеткізіп, бара алмаған қиын екен.
Семейлік армрестлингшілерге қаржы қажет
Последние статьи автора