Алматыда Қазақстанның «Naiza» және Ресейдің «Ural FC» промоушендерінің бірлесе ұйымдастыруымен аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Сол кештің басты бәсекесінде орта салмақтағы Дәурен Ермеков пен Руслан Шамилов күш сынасты. Олар жоғарыда аталған қос ұйымның алтын белбеуін сарапқа салды.
Батыс Қазақстан облысында туып-өскен 35 жастағы Дәурен Ермеков қазіргі кезде Ақтөбедегі «Еркін күш» клубында жаттығады. Спорттық мансабын 2012 жылдың күзінде бастаған ол осы күнге дейін 22 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. 10 қарсыласын есінен тандырды. Бұған дейін Ермеков «Eagle FC» мен «Naiza Fighting Championship» чемпиондық атағын иеленді. Руслан Шамиловтың жасы 27-де. Ол – Ресейдің Псков облысының тумасы. Кәсіпқойлар арасындағы жарыста 16 мәрте октагонға шығып, 12 рет басымдық танытты. Тоғыз бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.
Жекпе-жек басталған бетте екеуі тік тұрып айқасты. Бұл жерде ешкімнің басымдығы байқалмады. Екінші раундта Дәурен күреске көбірек көңіл бөлуді құп көрді. Бұл тактика өз жемісін берді. Ол қарсыласын қайта-қайта жығып алып, жерде әбден умаждады. Қазақ файтерінің соққылары да қарсыласына жиі дарыды. Руслан тек қауіпті жағдайдан құтылуды ғана ойлады. Бірақ Ермеков оны темір құрсауынан оңайлықпен босатпады. Қалған раундтарда да сол көріністің куәсі болдық. Нәтижесінде, барлық төреші Дәурен Ермековтің мықтылығын бірауыздан мойындады.
Жасыратыны жоқ, сол кеште «Алматы Аренаны» бетке алған жанкүйерлердің дені аса ауыр салмақтағы Вячеслав Дацик пен Ғалымжан Жаслановтың жекпе-жегін көруге ерекше құлшыныс танытты. Өйткені «Сары Тарзанның» атағы алысқа жайылған. Иә, көбіне-көп жағымсыз кейіпте екенін де мойындаймыз. Расында да, Дациктің істемегені жоқ. Оның жүрген жері жанжал, айғай-шу, дау-дамай... Айқас алаңында ережені өрескел бұзып, қарсыласы немесе төрешілермен төбелескені былай тұрсын, көшеде адамдарды ұрып, дүкендер мен салондарды тонады. Сол үшін үстінен қылмыстық іс қозғалып, біраз жылын темір қапаста да өткізді. Жүйке ауруына шалдыққандардың ауруханасына да жатып шықты. 2010 жылы Вячеславтың шекараны заңсыз бұзып өтіп, Норвегиядан бір-ақ шыққаны бар. Өзінің айтуынша, Скандинавия түбегіне жету үшін ол теңізде екі күн бойы резеңке қайықпен жүзген екен. Бір сөзбен айтсақ, «Сары Тарзанның» өмірі осындай шытырман оқиғаларға толы.
Жоғарыдағы жағымсыз жайттарға қарамастан, Вячеслав Дациктің мықты спортшы екеніне ешкімнің күмәні жоқ. 43 жастағы Ленинград облысының тумасы айқас алаңында Андрей Орловский, Джеронимо Дос Сантос және Александр Емельяненко сынды атақты спортшыларды кескен теректей сұлатып салып, даңқты Джефф Монсонды ұпай санымен ұтты. Аралас жекпе-жектен небәрі екі кездесу ғана өткізген Ғалымжан Жаслановтың Дацикпен жұдырықтасатынын естігенде қазақ жанкүйерлері қатты мазасызданды. Шыны керек, біз «қандасымыз құлап қалмаса екен» деп іштей тіледік.
Бірақ ТТ деген жанама есіммен танылған Ғалымжанның жүрегінің түгі бар екен. Атышулы Дацикпен ол аянбай айқасты. Қорыққан да, қаймыққан да жоқ. Екінші раундта қарсыласын ұрамын деп қапияда Жаслановтың аяғы тайып кетті. Істің мән-жайына бойламаған төреші бірден нокдаун белгіледі. Оған қазақтың қайсар ұлы қатты уайымдай қойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын батыл қимылдап, қалай да жеңіске жетуді көздеді. Өзінен салмағы 20 кило ауыр, бойы бір бас жоғары Вячеславтың ауыр соққыларынан сауатты қорғана білді. Тіпті бір-екі рет темір торға тіреп қойып, сериялық соққыларын сәтті өткізді. Ол кездері Дацик тәлтіректеп барып, есін әзер жиды. Бәсеке аяқталған соң үш төрешінің екеуі жеңісті біздің жігітке берсе, біреуі тең есеп тіркеді. Сөйтіп, басым дауыспен ТТ жеңіске жетті.
Төреші Жаслановтың қолын көтерген сәтте Дацик бұл шешіммен келіспейтіндей сыңай танытты. Ал Ғалымжан болса, «Келесі жолы Мәскеудің төрінде ММА ережесі бойынша төбелесейік», деген ұсыныс айтты. Бірақ «Сары Тарзан» одан бас тартты. «Менің жасым біразға келді. Егде тартқан адам үшін алысып-жұлысу оңай шаруа емес. Одан опа таппайтыным анық. Сол себепті де аралас жекпе-жектің ережесі бойынша айқасудан бас тартамын. Ал тік тұрып төбелесейік десең, оған мен әркез дайынмын», деп жауап қайырды.
Қазақтың қос саңлағы – Қазыбек Сағын мен Бағдат Жұбаныш супер жеңіл салмақтың (53 кило) алтын белбеуі үшін таласты. Екеуінің де әлемнің үш дүркін чемпионы деген дардай атағы бар. Қазыбек – қоян-қолтық айқастың, ал Бағдат – ММА-ның хас шебері. Осыдан бірнеше жыл бұрын олар әуесқойлар арасындағы жарыстың бірінде күш сынасқан еді. Ол кезде Жұбаныш төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл жолы керісінше болды. Өте шиеленісті өткен бәсекеде Қазыбек Сағынның жолы болып, чемпиондық атақ сол спортшыға бұйырды. Бірақ қазылардың шешімі көрермендердің басым бөлігін қанағаттандырмады. Бағдаттың мысы басым болғанын алға тартқан олар жер тепкілеп, айғайға басты. Жекпе-жек аяқталған соң Бағдат Жұбаныш төрешілердің шешімімен келіспейтінін айтып, өз наразылығын білдірді.
«Алматы Аренаға» жиналған жанкүйерлер сол кеште Әліби Ыдырыстың асқан шеберлігіне тамсанды. Күні бүгінге дейін жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында айқын басымдық танытқан 29 жастағы қазақ спортшысына бұл күндері UFC-дің майталмандары да қызығушылық танытып отыр. Осы жылдың аяғына дейін Ыдырысты әлемнің ең белді промоушені ұйымдастыратын жарыстардың бірінен көруіміз әбден мүмкін. Оған ол лайық деп ойлаймыз. Бұл жолы Әліби осы күнге дейін бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татпаған бразилиялық Алиссон Сильваны сан соқтырды.