Саян. Сағым. Сағыныш...

Саян. Сағым. Сағыныш...

Қазақтың даңқты спорт саңлағы, көгалдағы хоккейден КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, Еуропаның чемпиондар кубогының жеңім­пазы, ҚР еңбек сіңірген жат­тық­тырушы, өзге де толып жатқан атақ-дәрежелердің иегері Саян Шаймерденовті осыдан дәл 11 жыл бұрын сұм ажал арамыздан мезгілсіз жұ­лып әкеткен болатын. Осы орайда марқұмның ізін басқан інісі, белгілі жур­на­лист, публицист Сайын Шай­мер­деновпен сұхбаттасқан едік.

– Сайын Есмағиұлы, Саян аға өмі­рі­нің соңғы күндері қандай көңіл күйде жүріп еді? Бауырыңыздың бет-жүзі­нен жүрек түбінде жасырынған дауа­сыз дерттің суық табын сезе алдыңыз ба?
– Рақмет, бауырым. «Адам жүрегі тоқ­та­ғанда өлмейді, ұмытылғанда ғана өледі» деген екен ойшылдардың бірі. Егер бүгінгі күннің жанкүйерлері Саянды еске алып, іздеп жатса, көңілге – медет, жанға – қуат. Алла разы болсын! Рұқсат болса, әңгі­ме­мізді Саян екеуміздің туыстығымыз жайлы, яғни әріден бастасам. 1953 жылы жазушы Сафуан Шаймерденовтің шаңырағында екі қыздан кейін дүниеге келген ұлға Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсі­ре­пов сынды қазақтың марғасқалары «тау тұлғалы азамат болып өссін» деген ізгі ниетпен, ырымдап Саян деп ат қойыпты. Осындай ұлылардың аманатын арқалаған Саян ағам өзінің қысқа ғұмырында сол сенімнен шыға білді. Саяннан кейін Бағдат шешеміз Индираны дүниеге әкелді.
1961 жылдың маусымында толғақ қыс­қан жұбайын арбамен ауруханаға алып бара жатқан Сафуанның туған інісі Есмағи қара жолдың үстінде ұлды болады. Қазақи салтқа салсақ, жолдың үстінде туған менің атым не Жолдыбай, не Дала­бай болуы әбден мүмкін еді. Алайда іні­сі­нің шаңырағындағы қуанышты естіген үл­кен әкем Сафуан: «Қазақтың сахарасында дүниеге келген бұл бала маған – ұл, Саянға – іні, өзі даладай кең болсын, атын Сайын қоямын», – деп хабар беріпті. Сөйтіп, Саян – қалада, мен 15 жасыма дейін атамның бауырында, далада өстім. Өкінішке қарай, өз әкемнен тым ерте айырылып қалдым. 1976 жылы Алматыға келіп, жоғары оқу ор­нына түстім. Содан 1996 жылы қызмет бабымен еліміздің жаңа орталығы болып бой көтере бастаған Ақмолаға қоныс аудар­ғ­анға дейін 20 жыл Саян екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ.
 Саян қайтатын күн – әлі күнге дейін көз алдымда. 2002 жылдың 15 ақпаны, жұма болатын. Күндіз жұмыста отыр едім, Саян телефон шалды. Амандық-саулықты сұрас­қаннан кейін өзінің келесі аптаның басында көгалды хоккейі дами бастаған Оралға баратынын, сол жақтан туралап Аста­наға ұшатынын жеткізді. «Жүрісің суыт қой, тыныштық па?» – деген сауалыма сәл үнсіздіктен кейін: «Спорт агенттігіндегі эко­но­мистсымақтар қаржы үнемдеу пиғы­лымен командадағы ойыншылар санын 11-ден сегізге дейін қысқартып тастады. Айдай әлем алдында масқара болайын деп пе едіңдер, ереже бойынша алаңға футболдағыдай 11 ойыншы шығу керек қой десем, сөзіме құлақ аспайды. Бас­шы­ларға барып түсіндірмесем болмайтын түрі бар», – деп күрсіне жауап берді. Сол күні Астанадағы бір топ журналистерді «Қазмұнайгаз» ҰК баспасөз қызметінің жетек­шісі Марат Мұхамедсалиев Бура­бай­дағы демалыс аймағына үш күнге қонаққа шақырған болатын. Алдында келісім беріп қойып едім, бірақ дәл көлікке отырар сәтте райымнан қайтып, бармай қалдым. Бекер емес екен. Кешкі 10-дардың шамасында Алматыдан Берік жездем үйге телефон соғып, еңкілдеп жылап жіберді. Бір жама­наттың болғанын сезіп, басында егде тартқан әке-шешеміздің бірі кеткен ғой деп топшылағам. Сөйтсем, Саяннан айырылып қалыппыз. Аспан айналып, жерге түскен­дей күй кешіп, қайғыдан қан жұтып, оты­рып қалдық. Күндіз телефон соққанда жанындай жақсы көретін хоккейі үшін жүрегі қарс айырылып тұрғанын қайдан білейін. Мінезі томаға тұйық, бәрін іште ұстайтын бауырымның жүрегі спорт шенеу­ніктерінің қысымын көтере алмады-ау деп ойлаймын өз басым. Әйтпесе оған дейін бір жерім ауырды деп айтпаған, жыл сайын дәрігерлік тексерістен өтіп тұратын атақты спортшының аяқ астынан инфарк­тен көз жұмуын басқаша қалай түсіндіруге болады. Бұл Құдайдың құдіретіне шек бар ма? Егер сол күні жұртпен бірге Бурабайға кетіп қалсам, ағамды ақтық рет көрмек түгіл, мүрдесіне топырақ та сала алмай қал­мақ екенмін.
– Сіз Саян бауырыңызбен бірге бала кездеріңізден қазақтың атақты жазушысы Сафуан Шаймерденовтің тәлім-тәрбиесін көріп өстіңіздер. Ол кісі жалғыз ұлы Саянның қаламды серік етпей, спортты таңдағанына қан­дай көзқараста болды?
– Жалпы, «әке көрген – оқ жонар» деп бекер айтпайды ғой халқымыз. Өнерде де, өмірде де толқынға қарсы жүзген кемедей ғұмыр кешкен жазушы Сафуан Шай­мер­деновтің ұлы болмаса, бүгінгі біз білетін аңызға бергісіз тұлғаға айналар ма еді Саян? Бәрі де тәрбиеде жатыр ғой. Колхоз­дастыруды көпіртіп мақтамай, қазақты аштықтың құрсауына қалдырып, қасақана қырған қоғамның қиянатын ашық жазған, кемелденген социализмді аузы көпіріп мақтамай, керісінше, ұрпақты тоғышар­лық­қа тіреген тұстарын тайсалмай шығар­ма­ларына арқау еткен, 86-дағы Желтоқсан көтерілісінің ащы шындығын қылышынан қан тамған қызыл империяның қаһарынан қаймықпай, Қазақстан Компартиясының І хатшысы Г.Колбинге ашық айтқан қайсар жазушының тәрбиесін көрген балалары қалай жасық болады?! Әкеміз әрдайым: «Адам болыңдар, адал болыңдар. Қай жұмысты жасасаңдар да тыңғылықты атқа­рыңдар», – деп отыратын. Өзі тура жүріп, тура сөйлейтін, мәймөңкелеуді біл­мей­тін. Бізден де соны талап ететін. Қай салада болсын, қайсарлық, табан­ды­лық, өжеттілік, еңбексүйгіштік қажет қой. Бірақ үлкен спорттағы бұл қасиеттердің орны ерекше. Кеңес дәуірі кезінде қазақ бала­сының құрама командаға мүше болуы­ның өзі мұң болатын. Ал Саян Шаймерденов бес жыл қатарынан КСРО құрамасы мен Алматының әлемге әйгілі «Динамосының» капитаны болды. 10 дүр­кін КСРО чемпионы атанып, Еуропаның чем­пиондар кубогын жеңіп алды. Бапкер ретінде Қазақстан қыздар құрамасын аяғы­нан тұрғызды. Республикалық көгал­ды хоккей федерациясын басқарды. Бұл әкеміздің берген тәрбиесінің арқасы деп білемін. Әрине, әр әкенің соңынан ерген ұлы­ның өзінің ізін басып, ісін алға жалға­ғанын армандайтыны ақиқат. Алайда Саянның спортқа деген ерекше ықыласын ертеден аңғарған әкеміз, оны бетінен қаққан жоқ. Керісінше, әр ойынын мүлт жібермей қадағалап, керек жерінде ерік-жігер, күш-қуат берген рухани жанкүйері бола білді. Әрине, «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп жатамыз ғой. Осы тұста мен ағамның алғашқы ұстазы Владимир Алешин мен аты аңызға айналған жаттықтырушы Эдуар Фердинандович Айрихтың еңбек­терін айрықша атап өтер едім. Мұндай білік­ті бапкерлер мен Қазбек Байболов сынды сыралғы жаттықтырушы, сондай-ақ Фарид Зигангиров, Мұрат Жексенбеков, Михаил Ничепуренко, Сос Айрепетян, Минеула Азизов секілді сенімді коман­далас­тары болмағанда Саянның көгалдағы хоккей көкжиегіне көтерілуі неғайбыл еді.
– Саян ағаның қандай қасиеттерін айрықша атап өтер едіңіз? Хоккейден қолы қалт еткендегі айналысатын сүйікті ісі, хоббиі қандай еді?
– Былайғы жұрт спортшылардың көбі қара дүрсін, интеллектіден жұрдай, тек қара күштің иесі деген пікірде. Мүмкін, мұнда шындық та бар шығар. Бірақ Саян білімді, зиялы, тәрбиелі әрі өте қарапайым бола­тын. Атақ-даңқтың буына ешқашан басы айналып көрген жан емес. Адам­гер­шілігі мен адалдығын, отандық спорт алдындағы ерен еңбегін бағалаған болар, сол кездегі Спорт агенттігінің басшылары оны әлденеше рет Астанаға үлкен лауа­зым­ды қыз­меттерге де шақырды. Алайда бір жағы­нан Алматыдағы егде тартқан әке-шешемізді, өзі жанындай жақсы көре­тін хоккейін қимағандықтан, «спортта менсіз де бастық жетеді ғой, қинамаңдар» деп ат-тонын ала қашатын. Үлкен спортта бос уақыт мүлдем тапшы ғой. Өйткені тізгінді сәл босатсаң, бабыңнан оп-оңай айы­ры­лып қаласың. Сондықтан Саян негіз­гі жұмы­сынан қолы босай қалған сәтінде кітап оқитын. Әлемді көп шарлады ғой. Қай елдегі турнирге баратын болса, сол мемлекет жайлы мәліметтер жинап, конс­пек­ті жазып отырғанын талай көрдім. Ағыл­шын тілін жетік білетін. «Осының не қажеті бар» десем, «шетелдерде Қазақстан жайлы білетіндер некен-саяқ. Тіпті көпші­лігі бізді әлі күнге мал соңында жүрген көш­пелі, қараңғы халық деп ойлайды. Сон­дықтан оларға білімділігімізді көрсетіп, мәдениетті, өркениетті ел екенімізді таны­туымыз керек» дейтін. Әкемізден бізге тағы бір жұққан қасиет – автокөлікке құмар­­лығымыз. Саян көлігін сылап-сипап, бабымен мінгенді ұнататын. Өте балажан еді. Кәмиля, Дина, Әлия есімді үш қызы үшін ішкен асын жерге қоятын.
– Көзі тірісінде атақты спортшы аға­ңызбен қаншалықты сырласып, пікірлесе алдыңыз?
– Басында уақыты болмады ма, әлде ылғи титықтатқан жаттығулардан шаршап жүр­гендіктен бе, әлде баласынды ма, әйтеуір екеуміздің арақатынасымыз аға мен іні арасындағы «субардинациядан» әрі аспайтын. Ол хоккейді жанындай жақ­сы көрді, мен жұдырықтасуды ұнаттым. Оның айтқанына көнбей, Орталық ста­дион­ға бокс секциясына баратынмын. Ара­мыздағы сырлас, пікірлес, достық қарым- қатынас Саянның үлкен спорттан кетіп, «Динамо», «Связист» коман­да­ла­рындағы бапкерлік қызметіне кіріскеннен кейін орнады-ау деймін. Алматыда өтетін кездесулерге келген лауазымды адам­дар­ды әуежайдан тосып алып, олар кеткенше жандарында болатын едік. Қазақ жерінде қадір-қасиеті дұрыс бағаланбағанымен, отандық көгалды хоккейдің халықаралық деңгейдегі мәртебесі өте биік болатын. Көгалдағы хоккейден Азия феде­рация­сының президенті, Малай елінің королі Аслан Шах Саянды өте жақсы көретін. Әлденеше рет өз мемлекетіне «ойнаушы бапкер бол» деп шақырды да. Алайда Саян «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғанды» қалады. Көгалды хоккейдің еліміздегі дамуына көңілі тол­май­тын. Аш-жалаңаш Африка мем­ле­кет­те­рінің өзінде ойынның бұл түріне арнал­ған жасанды көгал алаңдарының бар­­лығын, ал әлемге танымал Қазақстан командалары шөбі әр жерден қылтиған тақыр алаңдарда ойнайтынына қатты қынжылатын. Берік іргетасы, жеңіске толы дәс­түрі, білікті мамандары бар, әрі олим­пиадалық спорт түріне жататын көгалды хоккейге неліктен басшылардың қырын қарайтынын түсінбейтін. Өмірден оза­ты­ны­нан біраз уақыт қана бұрын Саян теле­фон шалып, Алматыдағы «Спартак» ста­дио­нына жасанды төсеніш алатын бол­ғанын айтып, сүйінші сұрады. Сол баяғы Азияның көгалдағы хоккей феде­рациясының президенті, Малай королі қажетті қаражаттың 70 пайызын өздері беретінін, Қазақстан жағы тек қалған 30 пайызын мойындарына алуы керек екен­дігін айтып, хабарласыпты. Алайда Саян­ның қуанышы ұзаққа бармады. Біздің қаржы бөлетін жақ 10 пайызын ғана төлей алатындықтарын айтып, ауызды қу шөппен сүрткізді. Онсыз да әр демеушіге қол жайып, қайыр сұраудан жалыққан Саян «қалған ақшаны мен қайдан тауып бермекпін» деп аһ ұрды. Міне, Саянның ара­мыздан ерте кетуінің бір сыры осындай келең­сіздіктерде жатыр ма деп те ойлай­мын кейде.
– Көзі тірі болғанда биыл қазақтың даңқты спорт саңлағы Саян Сафуанұлы асқаралы 60 жасқа толар еді. Осы мерейтойға орай қандай жоспар­ла­ры­ңыз бар? Республикалық көгалдағы хоккей федерациясымен байла­ны­сыңыз бар ма? Еске алу турнирін ұйым­дастыру көзделген бе?
– Бұл да бір түйінін шешу қиынға соға­тын шаруа болайын деп тұр. Олай дейтінім, «Өлдің Мамай, қор болдың...» демекші, КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, қазақтың атын айдай әлемге танытқан, елі үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен Саян Шай­мер­деновті ақтық сапарға шығарып салу қаралы рәсімі де, зиратына құлыптас қою да, ескертіш тақта орнату да туған-туыс­тарының қаражатына жасалды. Ашығын айтсам, мемлекет тарапынан бір тиын көмек болмады. Саянның аруағын сый­лаған сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов бастаған бірен-саран жеке азаматтар ғана қарайласып, көмек­тесті. Негізінде, ескерткіш те, еске алу шаралары да өлген жан үшін емес, тірілер­ге, болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет қой. Жоғарыдағылар елдің ертеңін ойласа, өзінің де барар орны қара жер екенін естен шығармаса, еске алу турнирін ұйым­дас­тыру аса қиын шаруа емес қой. Тек ниет түзу болса, болғаны. Алайда, өкінішке қарай, әзірге «өлі разы болмай, тірі байы­май­дыны» ескеріп отырған тірі жанды көріп тұрған жоқпын. Әдеттегідей, туған-туыстары жүгіруі тиіс шығар... Амал қанша, Саянды еске алу үшін өз басым тағы да талай есікті қағып, талай табалдырықты тоздыруға әзірмін. Турнир ұйымдастырып, еске алу кештерін өткізуге атсалысам деушілер табылып жатса құба-құп.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста