Саян. Сағым. Сағыныш...
Қазақтың даңқты спорт саңлағы, көгалдағы хоккейден КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, Еуропаның чемпиондар кубогының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, өзге де толып жатқан атақ-дәрежелердің иегері Саян Шаймерденовті осыдан дәл 11 жыл бұрын сұм ажал арамыздан мезгілсіз жұлып әкеткен болатын. Осы орайда марқұмның ізін басқан інісі, белгілі журналист, публицист Сайын Шаймерденовпен сұхбаттасқан едік.
– Сайын Есмағиұлы, Саян аға өмірінің соңғы күндері қандай көңіл күйде жүріп еді? Бауырыңыздың бет-жүзінен жүрек түбінде жасырынған дауасыз дерттің суық табын сезе алдыңыз ба?
– Рақмет, бауырым. «Адам жүрегі тоқтағанда өлмейді, ұмытылғанда ғана өледі» деген екен ойшылдардың бірі. Егер бүгінгі күннің жанкүйерлері Саянды еске алып, іздеп жатса, көңілге – медет, жанға – қуат. Алла разы болсын! Рұқсат болса, әңгімемізді Саян екеуміздің туыстығымыз жайлы, яғни әріден бастасам. 1953 жылы жазушы Сафуан Шаймерденовтің шаңырағында екі қыздан кейін дүниеге келген ұлға Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақтың марғасқалары «тау тұлғалы азамат болып өссін» деген ізгі ниетпен, ырымдап Саян деп ат қойыпты. Осындай ұлылардың аманатын арқалаған Саян ағам өзінің қысқа ғұмырында сол сенімнен шыға білді. Саяннан кейін Бағдат шешеміз Индираны дүниеге әкелді.
1961 жылдың маусымында толғақ қысқан жұбайын арбамен ауруханаға алып бара жатқан Сафуанның туған інісі Есмағи қара жолдың үстінде ұлды болады. Қазақи салтқа салсақ, жолдың үстінде туған менің атым не Жолдыбай, не Далабай болуы әбден мүмкін еді. Алайда інісінің шаңырағындағы қуанышты естіген үлкен әкем Сафуан: «Қазақтың сахарасында дүниеге келген бұл бала маған – ұл, Саянға – іні, өзі даладай кең болсын, атын Сайын қоямын», – деп хабар беріпті. Сөйтіп, Саян – қалада, мен 15 жасыма дейін атамның бауырында, далада өстім. Өкінішке қарай, өз әкемнен тым ерте айырылып қалдым. 1976 жылы Алматыға келіп, жоғары оқу орнына түстім. Содан 1996 жылы қызмет бабымен еліміздің жаңа орталығы болып бой көтере бастаған Ақмолаға қоныс аударғанға дейін 20 жыл Саян екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ.
Саян қайтатын күн – әлі күнге дейін көз алдымда. 2002 жылдың 15 ақпаны, жұма болатын. Күндіз жұмыста отыр едім, Саян телефон шалды. Амандық-саулықты сұрасқаннан кейін өзінің келесі аптаның басында көгалды хоккейі дами бастаған Оралға баратынын, сол жақтан туралап Астанаға ұшатынын жеткізді. «Жүрісің суыт қой, тыныштық па?» – деген сауалыма сәл үнсіздіктен кейін: «Спорт агенттігіндегі экономистсымақтар қаржы үнемдеу пиғылымен командадағы ойыншылар санын 11-ден сегізге дейін қысқартып тастады. Айдай әлем алдында масқара болайын деп пе едіңдер, ереже бойынша алаңға футболдағыдай 11 ойыншы шығу керек қой десем, сөзіме құлақ аспайды. Басшыларға барып түсіндірмесем болмайтын түрі бар», – деп күрсіне жауап берді. Сол күні Астанадағы бір топ журналистерді «Қазмұнайгаз» ҰК баспасөз қызметінің жетекшісі Марат Мұхамедсалиев Бурабайдағы демалыс аймағына үш күнге қонаққа шақырған болатын. Алдында келісім беріп қойып едім, бірақ дәл көлікке отырар сәтте райымнан қайтып, бармай қалдым. Бекер емес екен. Кешкі 10-дардың шамасында Алматыдан Берік жездем үйге телефон соғып, еңкілдеп жылап жіберді. Бір жаманаттың болғанын сезіп, басында егде тартқан әке-шешеміздің бірі кеткен ғой деп топшылағам. Сөйтсем, Саяннан айырылып қалыппыз. Аспан айналып, жерге түскендей күй кешіп, қайғыдан қан жұтып, отырып қалдық. Күндіз телефон соққанда жанындай жақсы көретін хоккейі үшін жүрегі қарс айырылып тұрғанын қайдан білейін. Мінезі томаға тұйық, бәрін іште ұстайтын бауырымның жүрегі спорт шенеуніктерінің қысымын көтере алмады-ау деп ойлаймын өз басым. Әйтпесе оған дейін бір жерім ауырды деп айтпаған, жыл сайын дәрігерлік тексерістен өтіп тұратын атақты спортшының аяқ астынан инфарктен көз жұмуын басқаша қалай түсіндіруге болады. Бұл Құдайдың құдіретіне шек бар ма? Егер сол күні жұртпен бірге Бурабайға кетіп қалсам, ағамды ақтық рет көрмек түгіл, мүрдесіне топырақ та сала алмай қалмақ екенмін.
– Сіз Саян бауырыңызбен бірге бала кездеріңізден қазақтың атақты жазушысы Сафуан Шаймерденовтің тәлім-тәрбиесін көріп өстіңіздер. Ол кісі жалғыз ұлы Саянның қаламды серік етпей, спортты таңдағанына қандай көзқараста болды?
– Жалпы, «әке көрген – оқ жонар» деп бекер айтпайды ғой халқымыз. Өнерде де, өмірде де толқынға қарсы жүзген кемедей ғұмыр кешкен жазушы Сафуан Шаймерденовтің ұлы болмаса, бүгінгі біз білетін аңызға бергісіз тұлғаға айналар ма еді Саян? Бәрі де тәрбиеде жатыр ғой. Колхоздастыруды көпіртіп мақтамай, қазақты аштықтың құрсауына қалдырып, қасақана қырған қоғамның қиянатын ашық жазған, кемелденген социализмді аузы көпіріп мақтамай, керісінше, ұрпақты тоғышарлыққа тіреген тұстарын тайсалмай шығармаларына арқау еткен, 86-дағы Желтоқсан көтерілісінің ащы шындығын қылышынан қан тамған қызыл империяның қаһарынан қаймықпай, Қазақстан Компартиясының І хатшысы Г.Колбинге ашық айтқан қайсар жазушының тәрбиесін көрген балалары қалай жасық болады?! Әкеміз әрдайым: «Адам болыңдар, адал болыңдар. Қай жұмысты жасасаңдар да тыңғылықты атқарыңдар», – деп отыратын. Өзі тура жүріп, тура сөйлейтін, мәймөңкелеуді білмейтін. Бізден де соны талап ететін. Қай салада болсын, қайсарлық, табандылық, өжеттілік, еңбексүйгіштік қажет қой. Бірақ үлкен спорттағы бұл қасиеттердің орны ерекше. Кеңес дәуірі кезінде қазақ баласының құрама командаға мүше болуының өзі мұң болатын. Ал Саян Шаймерденов бес жыл қатарынан КСРО құрамасы мен Алматының әлемге әйгілі «Динамосының» капитаны болды. 10 дүркін КСРО чемпионы атанып, Еуропаның чемпиондар кубогын жеңіп алды. Бапкер ретінде Қазақстан қыздар құрамасын аяғынан тұрғызды. Республикалық көгалды хоккей федерациясын басқарды. Бұл әкеміздің берген тәрбиесінің арқасы деп білемін. Әрине, әр әкенің соңынан ерген ұлының өзінің ізін басып, ісін алға жалғағанын армандайтыны ақиқат. Алайда Саянның спортқа деген ерекше ықыласын ертеден аңғарған әкеміз, оны бетінен қаққан жоқ. Керісінше, әр ойынын мүлт жібермей қадағалап, керек жерінде ерік-жігер, күш-қуат берген рухани жанкүйері бола білді. Әрине, «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп жатамыз ғой. Осы тұста мен ағамның алғашқы ұстазы Владимир Алешин мен аты аңызға айналған жаттықтырушы Эдуар Фердинандович Айрихтың еңбектерін айрықша атап өтер едім. Мұндай білікті бапкерлер мен Қазбек Байболов сынды сыралғы жаттықтырушы, сондай-ақ Фарид Зигангиров, Мұрат Жексенбеков, Михаил Ничепуренко, Сос Айрепетян, Минеула Азизов секілді сенімді командаластары болмағанда Саянның көгалдағы хоккей көкжиегіне көтерілуі неғайбыл еді.
– Саян ағаның қандай қасиеттерін айрықша атап өтер едіңіз? Хоккейден қолы қалт еткендегі айналысатын сүйікті ісі, хоббиі қандай еді?
– Былайғы жұрт спортшылардың көбі қара дүрсін, интеллектіден жұрдай, тек қара күштің иесі деген пікірде. Мүмкін, мұнда шындық та бар шығар. Бірақ Саян білімді, зиялы, тәрбиелі әрі өте қарапайым болатын. Атақ-даңқтың буына ешқашан басы айналып көрген жан емес. Адамгершілігі мен адалдығын, отандық спорт алдындағы ерен еңбегін бағалаған болар, сол кездегі Спорт агенттігінің басшылары оны әлденеше рет Астанаға үлкен лауазымды қызметтерге де шақырды. Алайда бір жағынан Алматыдағы егде тартқан әке-шешемізді, өзі жанындай жақсы көретін хоккейін қимағандықтан, «спортта менсіз де бастық жетеді ғой, қинамаңдар» деп ат-тонын ала қашатын. Үлкен спортта бос уақыт мүлдем тапшы ғой. Өйткені тізгінді сәл босатсаң, бабыңнан оп-оңай айырылып қаласың. Сондықтан Саян негізгі жұмысынан қолы босай қалған сәтінде кітап оқитын. Әлемді көп шарлады ғой. Қай елдегі турнирге баратын болса, сол мемлекет жайлы мәліметтер жинап, конспекті жазып отырғанын талай көрдім. Ағылшын тілін жетік білетін. «Осының не қажеті бар» десем, «шетелдерде Қазақстан жайлы білетіндер некен-саяқ. Тіпті көпшілігі бізді әлі күнге мал соңында жүрген көшпелі, қараңғы халық деп ойлайды. Сондықтан оларға білімділігімізді көрсетіп, мәдениетті, өркениетті ел екенімізді танытуымыз керек» дейтін. Әкемізден бізге тағы бір жұққан қасиет – автокөлікке құмарлығымыз. Саян көлігін сылап-сипап, бабымен мінгенді ұнататын. Өте балажан еді. Кәмиля, Дина, Әлия есімді үш қызы үшін ішкен асын жерге қоятын.
– Көзі тірісінде атақты спортшы ағаңызбен қаншалықты сырласып, пікірлесе алдыңыз?
– Басында уақыты болмады ма, әлде ылғи титықтатқан жаттығулардан шаршап жүргендіктен бе, әлде баласынды ма, әйтеуір екеуміздің арақатынасымыз аға мен іні арасындағы «субардинациядан» әрі аспайтын. Ол хоккейді жанындай жақсы көрді, мен жұдырықтасуды ұнаттым. Оның айтқанына көнбей, Орталық стадионға бокс секциясына баратынмын. Арамыздағы сырлас, пікірлес, достық қарым- қатынас Саянның үлкен спорттан кетіп, «Динамо», «Связист» командаларындағы бапкерлік қызметіне кіріскеннен кейін орнады-ау деймін. Алматыда өтетін кездесулерге келген лауазымды адамдарды әуежайдан тосып алып, олар кеткенше жандарында болатын едік. Қазақ жерінде қадір-қасиеті дұрыс бағаланбағанымен, отандық көгалды хоккейдің халықаралық деңгейдегі мәртебесі өте биік болатын. Көгалдағы хоккейден Азия федерациясының президенті, Малай елінің королі Аслан Шах Саянды өте жақсы көретін. Әлденеше рет өз мемлекетіне «ойнаушы бапкер бол» деп шақырды да. Алайда Саян «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғанды» қалады. Көгалды хоккейдің еліміздегі дамуына көңілі толмайтын. Аш-жалаңаш Африка мемлекеттерінің өзінде ойынның бұл түріне арналған жасанды көгал алаңдарының барлығын, ал әлемге танымал Қазақстан командалары шөбі әр жерден қылтиған тақыр алаңдарда ойнайтынына қатты қынжылатын. Берік іргетасы, жеңіске толы дәстүрі, білікті мамандары бар, әрі олимпиадалық спорт түріне жататын көгалды хоккейге неліктен басшылардың қырын қарайтынын түсінбейтін. Өмірден озатынынан біраз уақыт қана бұрын Саян телефон шалып, Алматыдағы «Спартак» стадионына жасанды төсеніш алатын болғанын айтып, сүйінші сұрады. Сол баяғы Азияның көгалдағы хоккей федерациясының президенті, Малай королі қажетті қаражаттың 70 пайызын өздері беретінін, Қазақстан жағы тек қалған 30 пайызын мойындарына алуы керек екендігін айтып, хабарласыпты. Алайда Саянның қуанышы ұзаққа бармады. Біздің қаржы бөлетін жақ 10 пайызын ғана төлей алатындықтарын айтып, ауызды қу шөппен сүрткізді. Онсыз да әр демеушіге қол жайып, қайыр сұраудан жалыққан Саян «қалған ақшаны мен қайдан тауып бермекпін» деп аһ ұрды. Міне, Саянның арамыздан ерте кетуінің бір сыры осындай келеңсіздіктерде жатыр ма деп те ойлаймын кейде.
– Көзі тірі болғанда биыл қазақтың даңқты спорт саңлағы Саян Сафуанұлы асқаралы 60 жасқа толар еді. Осы мерейтойға орай қандай жоспарларыңыз бар? Республикалық көгалдағы хоккей федерациясымен байланысыңыз бар ма? Еске алу турнирін ұйымдастыру көзделген бе?
– Бұл да бір түйінін шешу қиынға соғатын шаруа болайын деп тұр. Олай дейтінім, «Өлдің Мамай, қор болдың...» демекші, КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, қазақтың атын айдай әлемге танытқан, елі үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен Саян Шаймерденовті ақтық сапарға шығарып салу қаралы рәсімі де, зиратына құлыптас қою да, ескертіш тақта орнату да туған-туыстарының қаражатына жасалды. Ашығын айтсам, мемлекет тарапынан бір тиын көмек болмады. Саянның аруағын сыйлаған сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов бастаған бірен-саран жеке азаматтар ғана қарайласып, көмектесті. Негізінде, ескерткіш те, еске алу шаралары да өлген жан үшін емес, тірілерге, болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет қой. Жоғарыдағылар елдің ертеңін ойласа, өзінің де барар орны қара жер екенін естен шығармаса, еске алу турнирін ұйымдастыру аса қиын шаруа емес қой. Тек ниет түзу болса, болғаны. Алайда, өкінішке қарай, әзірге «өлі разы болмай, тірі байымайдыны» ескеріп отырған тірі жанды көріп тұрған жоқпын. Әдеттегідей, туған-туыстары жүгіруі тиіс шығар... Амал қанша, Саянды еске алу үшін өз басым тағы да талай есікті қағып, талай табалдырықты тоздыруға әзірмін. Турнир ұйымдастырып, еске алу кештерін өткізуге атсалысам деушілер табылып жатса құба-құп.