Латвия астанасы Ригада самбодан жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Осы бүкіләлемдік біріншілікте Қазақстан қыз-жігіттері төрт алтын, үш күміс және 10 қола медаль олжалап қайтты.
Былтыр Грузияда өткен әлем чемпионатында жалғыз алтынды қанағат қылған жерлестеріміз бұл жолы былтырғы есені қайтарды. Бірақ, бір қызығы, қол жеткізген төрт алтынның үшеуі – қыздарымыздың еншісінде. Жігіттерден тек жастар арасында 48 келіде бақ сынаған Бейімбет Қанжанов қана алтын медаль жеңіп алды. Украина және Армения балуандарын ұтқан Бейімбет финалда ресейлік Кондрат Енчиновтан басым түсіп, чемпион атанды.
74 келі салмақтағы Қазыбек Рамазанов күміспен күптелді. Франция, Моңғолия және Украина балуандарын ұтқан жерлесіміз шешуші белдесуде ресейлік Денис Сухановқа есе жіберді. Ал 57 келідегі Сырым Мейірманов үшінші орны алды.
Бойжеткендер арасында 44 келіде белдескен Динара Ысқақова әлем чемпионы атанды. Ол финалда украиналық Надежда Кретованы жеңді. Сондай-ақ 68 келі салмақтағы Дильбарам Өмірәлиева да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Самбошы қызымыз ақтық сында ресейлік Ольга Антошинаны ұтты. Ал Айдана Балапанова (60 келі), Перизат Шәкірбекова (72 келі), Зарина Нүсіпбаева (80 келі) сынды қыздарымыз өз салмақтарында қола медаль иеленді.
Жасөспірімдер арасындағы белдесулерде де бірнеше жүлдеге қол жеткіздік. Қыздар арасында 52 келі салмақта бақ сынаған Гүлдана Әлмұхамбетова финалда өзбекстандық Малика Мирзоеваны ұтып, алтынмен апталды. Гүлайым Нұрмаханова (40 келі), Лейла Қанышбаева (48 келі), Гүлмира Сағи (56 келі) және Мереке Құдайбергенова сынды бойжеткендеріміз үшінші орын алды. Бозбалалар арасындағы 48 келіде белдескен Болатбек Райымқұлов финалда армениялық қарсыласына есе жіберіп, екінші орын алды. 60 және 75 келі салмақтардағы Нұрбол Серіков пен Шыңғысхан Жақып қола медаль еншіледі.
Қыздар жүлдеге кенелтті
Последние статьи автора