Қосановтың да, Тұяқовтың да орындары ойсырап тұр
Қазақтың қайратты ұлдары тек жекпе-жек өнеріне ғана бейім емес еді. Өткен ғасырда қазақтың асыл аналары заулағанда жүгірген аң, ұшқан құстан озатын желаяқтарды тудырыпты-ау. Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов, С.Исамбаев, Ә.Байтықов, Е.Жамбылов, Б.Күреңкеев… Санамалай берсек, шыға береді.
Спортта жүлде жиынтығы ең көп саналатын жеңіл атлетиканы «спорт падишасы» деп бекер айтпаса керек. Бір Олимпиада ойындарының өзінде желаяқтар алтынды қос-қостан өңгеріп әкетіп жатады. Әлем чемпионаттарында да солай. Бас-аяғы 47 медаль үлестіріледі. Аз ба, көп пе?
Тарихқа үңілейікші. Қазақтың қайсар ұлы Ғұсман Қосанов Рим Олимпиадасында 4×100 метрге эстафеталық жүгіру сайысында күміс жүлдеге қол жеткізді. Леонид Бартенов, Юрий Коновалов, Эдвин Озолинмен бірге. Ең алғашқы Олимпиада жүлдесі де қазақ баласына жеңіл атлетикадан бұйырыпты. Одан бөлек, КСРО чемпионатының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1960), 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Днепропетровск, 1966)… Әрі қарай тізбектей беріңіз өзіңіз…
Әмин Тұяқовтың да қысқа спринттік қашықтықтағы жетістіктері бір төбе. Әмин Елемесұлына 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден тең келер қарсылас табылмайтын.
Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері Олимпиада ойындарынан екі алтын, бір қолаға иелік еттік. Әлем чемпионаттарынан бұйырған екі күміс, үш қола жүлдемізбен (Ольга Шишигина – 1995, 2001 жылдары, Дмитрий Карпов – 2003, 2007, Ольга Рыпакова – 2011 жылы) алпыс төртінші орында тұрғанымызды білдік.
Азия ойындарында да беделіміз биік, еңсеміз тік. Ерлердің де, әйелдеріміздің де жиып-терген жүлделеріне ішіңіз жылып сала береді. Ерлер сайысында жүлде алған жиырма төрт елдің арасында алтыншы орында тұрмыз қазір - 10 алтын, 11 күміс, 4 қола. Біз әдеттегідей, Хиросимадан бергі санаққа көз жүгірттік. Ал аруларымыз 10 алтын, 9 күміс, 13 қола жүлдемен үздік үшінші орынға нықтап орныққан.
Алпауыт Қытай екі сында да бәрін басып озған. Ол түсінікті де. Олимпиада ойындарында қытай спортшылары - алты алтынның иесі.
Алғашқы жорыққа өкпе жоқ
Жеңіл атлеттердің жүлдені қос-қостан алуға мүмкіндігі барын әлгінде айттық. Қазақстан спортшыларының жеңісі, негізінен, үш қарғып секіру, қысқа қашықтыққа кедергілер арқылу жүгіру, ұзындыққа, биіктікке секіру, ядро серпу, онсайыс, спорттық жүріс түрлерінен екенін бағамдайсыз.
Ең алғашқы күншығыс еліндегі додадан Тәуелсіз елдің ұландары өз несібесін алды: 3 алтын, 3 күміс пен 2 қолаға иелік еткен отандастарымыз ә дегеннен төртінші орынды меншіктеп қайтты. Үш қарғып секіруде Олег Сокиркин, 50 шаршы шақырымға спорттық жүрістен Сергей Корепанов және алтылыққа секіруде Игорь Потапович ақжолтай жеңісті бастап берген. Спринтер Виталий Савин жүз метрге жүгіруде, Григорий Егоров алтылыққа секіруде, ал Сергей Рубцов ядро серпуді екінші болып аяқтады. Қос қоланың иесі – үш қарғып секіруші Сергей Арзамасов пен спорттық жүріс шебері Валерий Борисов. Жұрт күткендей, қытай, жапон спортшыларынан қалып қойдық. Катар өрендерінің де шаңын жұтып қаламыз деп ойлаппыз ба?
Жаңа ғасырдың тоғысындағы Сидней ойындарында Ольга Шишигина жарқырай көрінді. Жүз метрге кедергілер арқылы жүгіруде. Ғұсман, Әминді тудырған қазақ елінен әлі де саңлақтардың шыға берерін дәлелдеп беріп еді сары қыз. Желаяқ Шишигинаның Азия ойындарындағы алғашқы сапары да сәтті өрілген. Біздің Ольга жүз метрге кедергілер арқылы жүгіруде заулайды-ай. Еркін көсіле. Жапон жерінде де осы бағдарламада теңдессіз екенін айдай әлемге паш етті. Қос қытай аруының өкпесін өшіріп кеткен.
Бір күміс пен бір қоланы да алдық. Биіктікке секіруде Светлана Залевксая бітіспес қарсыласымыз өзбекстандық Светлана Мунковадан ғана қалып қойды. Ал Наталья Торшина төрт жүз метрге кедергілер арқылы жүгіріп, үздік үшінші болып келді.
Бұл сында да төртінші орынмен қауыштық. Сөйтіп, жалпы есепте Қытай, Жапониядан кейінгі үздік елдің бірі болғанбыз. Он алты елдің арасында. Алғашқы жорық сәтті аяқталған.
Шишигина – екі дүркін жеңімпаз
Араға төрт жылды тастап, Үндіқытай түбегіне аттанған жеңіл атлеттердің жорығы Хиросимадағыдай өрілді. Ерлер сайысында бір саты төмен құлдилағанымызбен, бағалы жүлделерді уысқа түсірдік. Сергей Арзамасов төрт жыл бұрынғы кемшілігін түзетіп, үш қарғып секіруде ұзаққа орғыды. Қытайлық өренді және жарыс қожайынын артқа қалдырып. Алтылыққа секіруде де бұл жолы алтын алуды маңдайымызға жазған - Игор Потапович.
Мұнан бөлек, спорттық жүрісте, ядро серпуде де алар сыбағамыз бар екенін аңғардық. Сергей Корепанов 50 шақырымда, Валерий Борисов 20 шақырымда спорттық жүрістен алтынға бір қадам жетпей тоқтады. Кедергілер арқылы жүгіруге ерлеріміздің де икемі бар екенін Андрей Скляренко көзімізді жеткізген. Тек алдына қытайлық Чень Янхаоны ұзатып алғаны болмаса…
Ядро серпуде Сергей Рубцов қола жүлдегер атанды.
Әлем чемпионатының күмісін алған Ольга Шишигина Сидней ойындары алдындағы бабын тексеру үшін Бангокке бағыт бұрады. Яғни әлем біріншілігінің жүлдесі кездейсоқ еместігін өзінің бағдарламасында әлемге әйгілеп берді. Сонымен, Шишигина – екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы! Құстай ұшып, мәреге 12.63 секундта жетті. Әріптесі Наталья Торшина болса, төрт жүз метр бағдарламасында үздік шықты. Жетісайыста Светлана Казанинаның әлеуеті күміске жетті. Ел намысы таразыға түскен сәтте аянып қалсын ба, Светлана Бодрицкая (төрт жүз метрге жүгіру), Елена Першина (ұзындыққа секіру) және Светлана Толстая (10 шақырымға із қуалай жүру) қола жүлделерді уыстап салды.
Осылайша бұрымдыларымыз төрт жыл бұрынғы биігін қайталап, төртінші сатыға жайғасты. Жоғарыда айтқандай, жалпы қорытындыда үшінші орнымыздан мызғыған жоқпыз.
Араб әлемінің «оянған» тұсы
Пусандағы доданы сөз еткенде араб әлемінің жеңіл атлетикаға ауыз сала бастағаны еске түседі әуелі. Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт, Катар елінің басқасы - басқа, спорт падишасына үйір екеніне бағамдар едіңіз. Сауд Арабиясынан келген спортшылар 7 алтын, 1 күміс олжалап, сенсация жасады. Бас жүлдеге иелік етіп. Жүз, бес мың, он мың метрге жүгіруде, 400 метрге кедергілер арқылы, тіпті үш қарғып және ұзындыққа секіруде де араб ұландары озық шықты. Бахрейн, Кувейт, Катардың да табысы тамсандырар…
Осындай қым-қуыт бәсекеден біздің өрендер де өз үлесін алды. Екі алтын, екі күмісімізбен өз орнымызды қайта таптық. Біздің абыройымызды аспандатқан - Валерий Борисов (20 шақырымға спорттық жүріс) пен Григорий Егоров (алтылыққа секіру). Алтынның маңайынан қайтқан Геннадий Черновой (екі жүз метрге жүгіру) мен Дмитрий Карповтың (онсайыс) күмісі де біз үшін ыстық.
Қазақ жеңіл атлетикасындағы біртуар спортшы Дмитрий Карповтың жұлдызды дәурені Корей түбегінен бастау алады. Бозбала Дима алғашқы үлкен сынағында-ақ күмісті қағып түсіріп еді. Тәжірибелі қытайлық Цю Хайфенгпен соңына дейін тіресе білді дегенмен. Осы дайындығымен бір жылдан кейін Карпов әлем чемпионатының қола жүлдесіне де жеткенін ел біледі.
Олимпиада және Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ольга Шишигина спорттық мансабын аяқтағандықтан, Пусанда «қалай болар екен» дегеніміз рас. Наталья Торшина Ольганың орнын жоқтатпайтынына іштей сендік. Солай болды да. Өзінің әбден төселген төрт жүз метрлік бағдарламасында Торшина қарсылас шыдатпады. Жалқы алтынның иегері де өзі.
Қоржынға күміс те, қола да саудырлап түсті. Биіктікке секіруде Марина Коржова, 4 × 400 эстафетада ел құрамасы екінші болып келді. Қоланың иегерлері Татьяна Бочарова (үш қарғып секіру), Светлана Толстая (жиырма шақырымға спорттық жүріс), Виктория Ковырева (екі жүз метрге жүгіру), Светлана Бодрицкая (төрт жүз метрге жүгіру) және Елена Кошеева (ұзындыққа секіру).
Карпов жүлдені қарпып қалды…
Дмитрий Карпов жеңіл атлетикадағы даңқты спортшы екенін бұл жолы да дәлелдеп, айызымызды қандырды. Доха төрінде жабырқаған көңілді алтынмен қуантып, маңдайдан терді бұрқ еткізді. Жеңістің дәмін шын сезінген өзі де. Пусандағы күмісін алтынға айырбастап...
Бұл жолы өзбек Виталий Смироновты, кәріс Ким Хьен Вуды шөкелетіп кеткен.
Биіктікке және үш қарғып секіруде алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп кеттік. Роман Валиев (үш қарғып секіру) қытайлыққа, Сергей Засимович (биіктікке секіру) либиялыққа алтынды ұстата салды.
Өз жерінде жығылу кешірілмес, араб әлемі тағы да қыр мінезін көрсетті. Тіпті Катар екінші, Бахрейн үздік үшінші орынға иелік етеді деп кім ойлапты?!
Біз алтыншы орынға дейін сырғығанбыз
Ольга Рыпакованы бүгінде жеңіл атлетиканың ханшайымы деуге болардай. Дәл қазір үш қарғып секіруде Рыпаковадан көпшілік іш тартады. Сырықтай сары қыздың ең әуелі жетісайыста ғаламат жеңісті бағындырғанын біреу білсе, біреу білмес. Сіз қағыс естімедіңіз… Иә, үш қарғып секіруден болашақ Олимпиада ойындарының чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Рыпакова Дохадағы додада жетісайыс бағдарламасында жеңімпаз атанды. 5955 ұпай жинап, Үндістанның қос аруын шаңға көміп кеткені - бүгінде тарих. Марина Айтова (биіктікке секіру) мен Ольга Терешкова (төрт жүз метрге жүгіру) да өз бағдарламаларында қара үзіп шықты.
Виктория Яловцева (сегіз жүз метрге жүгіру), Қазақстан құрамасы 4×400 эстафетада күміс медальға ілінді. Рыпакова көпшілікті таңдандырып, ұзындыққа секіруде де қола жүлдеге қол созды, 3 алтын, 2 күміс, 1 қола – қыздарымыздың Азия ойындарындағы ең жоғары табысы. Осындай марапатпен Қытайдан кейін екінші орын бізге бұйырды.
Тығырақтан тағы да Карпов алып шықты
Соңғы Гуанчжоу төріндегі Азия ойындары ерлеріміз үшін сәтсіз аяқталған бәсеке ретінде тарихта қалды. Бұған дейінгі ойындарда мұнша төменге құлдиламап едік. 1 алтын, 1 күміс және 1 қоламызбен сегізінші сатыға бір-ақ сырғып кеткенімізді білесіз бе? Әйтеуір, мақтаулы Дмитрий Карпов тығырықтан алып шыққан. Онсайыста екінші рет Азия ойындарының жеңімпазы деген мәңгі өшпес атаққа ие болып, үшінші жүлдесіне иелік еткен-тін.
Евгений Эктов (үш қарғып секіру) пен Виталий Цукунов (биіктікке секіру), өздерінің күш-қабілеттеріне сай, күміс, қола жүлдемен оралды. Катар, Бахрейн, Сауд Арабиясының тағы да өктем шыққаны таңдандырды-ақ.
Есесіне, Ольга Рыпакова, Ольга Терешкова, Маргарита Мацко бастаған әйелдер құрамамыз ақымызды молынан қайтарып бергендей. Үш қарғып секіру бағдарламасында айқын фаворит Рыпакова өз білгенінен жаңылған жоқ. Желаяқтарымыз Ольга Терешкова (төрт жүз метрге жүгіру), Маргарита Мацко (сегіз жүз метрге жүгіру) да жоспарды артығымен орындады. Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру), Наталья Ивонинская (жүз метрге кедергі арқылы жүгіру), Қазақстан құрамасы (4×400 эстафета) да үш күмісті иемденіп, жалпы есепте үздік үшінші орынға дейін серпілген.
Сонымен, соңғы сары құрлық додасын жеңіл атлетика өкілдері бесінші орынмен қорытындылады.
Жеңіл атлетикадан 1994-2010 жылғы Азия ойындарының жалпы нәтижесі:
Ерлер:
1. Қытай: 27 алтын, 26 күміс, 20 қола.
2. Жапония: 20 алтын, 25 күміс, 25 қола.
3. Сауд Арабия: 15 алтын, 4 күміс, 7 қола.
4. Катар: 13 алтын, 15 күміс, 14 қола.
5. Корея: 11алтын, 10 күміс, 10 қола.
6. Қазақстан: 10 алтын, 11 күміс, 4 қола.
7. Бахрейн: 8 алтын, 1 күміс, 5 қола.
8. Өзбекстан: 3 алтын, 7 күміс, 5 қола.
9. Иран: 3 алтын, 5 күміс, 2 қола.
10. Үндістан: 2 алтын, 6 күміс, 6 қола.
11. Тайланд: 2 алтын, 3 күміс, 3 қола.
12. Тәжікстан: 2 алтын.
13. Кувейт: 1 алтын, 3 күміс, 1 қола.
14. Шри Ланка: 1 алтын, 4 қола.
15. Либия: 1 алтын.
16. Тайпей: 1 күміс, 3 қола.
17. Ирак: 1 күміс.
18. Малайзия:1 қола.
19. Пәкістан: 1 қола.
20. КХДР: 1 қола.
21. Қырғызстан: 1 қола.
22. Вьетнам: 1 қола.
23. БАӘ: 1 қола.
24. Оман: 1 қола.
Әйелдер:
1. Қытай: 51 алтын, 46 күміс, 24 қола.
2. Үндістан: 13 алтын, 12 күміс, 16 қола.
3. Қазақстан: 10 алтын, 9 күміс, 13 кола.
4. Жапония: 8 алтын, 17 күміс, 22 қола.
5. Өзбекстан: 5 алтын, 6 күміс, 5 қола.
6. Бахрейн: 5 алтын, 1 күміс, 3 қола.
7. Шри Ланка: 4 алтын, 2 күміс, 3 қола.
8. Корея: 3 алтын, 2 күміс, 2 қола.
9. Тайланд: 2 алтын, 2 күміс, 8 қола.
10. Тайпей: 1 алтын, 3 күміс, 4 қола.
11. Қырғызстан: 1 алтын, 2 күміс, 1 қола.
12. КХДР: 1 алтын, 1 күміс, 1 қола.
13. Малайзия: 1 күміс, 2 қола.
14. Индонезия: 1 алтын, 1 күміс.
15. Сирия: 1 алтын.
16. Вьетнам: 3 күміс, 1 қола.
17. Филиппин: 1 қола.
18. Түрікменстан: 1 қола.