Қою күрең шай – Азия ойындарының сусыны
Кеше VIІ қысқы Азия ойындарының ресми серіктестерінің бірі «Asia Tea» ЖШС-інің «Рахмет» маркалы шайының тұсаукесер рәсімі өтті.
Еліміздің ең әдемі және еңселі қос қаласында, яғни Астана мен Алматыда өтетін VIІ қысқы Азия ойындары кезінде қонақтарға арналып, қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін паш ететін және сомдайтын әртүрлі шаралар өткізілетіні белгілі. Осындай мәдени және спорттық шаралардың сәнін келтіретін дастарқанда шайдың алар орны бөлек емес пе? Сондықтан шәй қазақы қонақжайлылықтың символы ретінде VIІ қысқы Азия ойындарының ресми сусыны ретінде таңдалып алыныпты.
Жалпы, VIІ қысқы Азия ойындарының маркетингтік және жарнамалық бағыты мен ұстанымы отандық өндірушілерге өздерінің брендтерін (өнімдерін) паш етуге мүмкіндік беру болып табылады. Отандық өнімдердің кеңінен таныла беруіне мүмкіндік туғызу – ізгілікті іс. Осыған орай, отандық өндірушілер де осындай тамаша мүмкіндікті пайдаланып, Азия ойындары арқылы өз брендтерін төрткүл дүниеге танытуды көздеп, аталмыш дүбірлі доданы аса жоғары деңгейде өткізуге атсалысып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Кеше VIІ қысқы Азия ойындарының ресми серіктестерінің бірінің тұсаукесер рәсіміне көптеген лауазымды тұлғалар қатысты. Олардың арасында «Asia Tea» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің лауазымды тұлғалары да болды. Олар өз жоспарларын тілге тиек етіп, «Рахмет» шайының тарихына тоқталып өтіп, жетістіктерін жіпке тізіп шықты. VIІ қысқы Азия ойындары кезінде осы дүбірлі додаға қатысатын спортшылар мен ресми тұлғаларды, қонақтар мен журналистерді ыстық шаймен жылытып, сергітетіндерін де айтты. Азия ойындарының барлық нысандарында «Рахмет» шайы Ақ Азиада ойындарына қатысушыларға тегін ұсынылады. Осы орайда аталмыш компания егде адамдар мен мүгедек балаларға көмек көрсету қорына шәй будаларын бергендерін атап өтті.
Бір жағынан бұл да дұрыс. VIІ қысқы Азия ойындары кезінде қонақтарға батыстың сусындарын көлденең тартпай, өзіміздің қою күрең шайымызды ұсынғанымыз қандай ғанибет. Қазақтың шайды сораптап ішкенді жақсы көретін халық екенін білсін, бүкіл әлем. Олар да маңдайлары жіпсіп, жүрсін ертеңгі суықта...