Қазіргі спорт журналистикасының қарымы қандай?
Кеше спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген бірқатар әріптестерімізді мерекелерімен құттықтап, қазақ спорт журналистикасының қазіргі қарымы жайлы пікірлерін білген едік.
Ерлік Ержанұлы, «ҚазАқпарат» агенттігінің спорт шолушысы:
– Елімізде спорт журналистикасы ең төменгі деңгейде. Ашығын айтайын, телеарналарда спорт жаңалықтарына көңіл бөлінбейді. Онда еш жауапкершілік жоқ. Спорт жаңалықтарын жасайтын журналистер ізденбейді. Бұл үшін жаңалықтар бағдарламасында спортты әзірлейтін журналистерге талапты қатайту керек. Жалпы, спорт ең оңай тақырып деген түсінікті өзгерту қажет. Сонымен қатар телеарналар аймақтық тілшілерін спорт жаңалықтарын әзірлеуге тартпайды. Ағылшын тілін білетін журналистер де өте аз. Әлем және өзге де құрлықтық чемпионаттар кезінде ақпарат, екі-үш спорт түрінен басқасы, жұртшылыққа кеш таратылады. Сөз соңында айтарым, журналистика мамандарын дайындайтын оқу орындарында спортқа маманданған кадр дайындауды күн тәртібіне қойып, спорттық жарыстарға тек спорт журналистерінің баруына көңіл бөлу керек.
Ержан Мұқаш, тәуелсіз спорт журналисі:
– Қазақтілді немесе орыстілді спорттық журналистика деп бөлмей-ақ қояйын. Жалпы, 90-жылдармен салыстырғанда бүгінгі спорттық журналистиканың сапасы да жақсарған, саны да өскен. Әлбетте, қиыншылықтар да болды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен өз істеріне шынайы берілген қаламгерлердің арқасында небір ауыртпашылықтан өтіп, бүгінде спорттық журналистикамыз аяғына нық тұрды. Ал бұдан әрі де дамуымыз үшін әлі талай тер төгуіміз қажет. Спортты насихаттау, дамыту, өркендету – журналистердің де мойындарына жүктелген міндет. Сондықтан спорттық журналистикаға жоғары тараптан жан-жақты қолдау керек. Бізде екі-ақ республикалық спорттық басылым бар. Біреуі – орыс тіліндегі жекеменшік газет. Жалақыларын айлап кешіктіріп жатады. Ал екіншісі екі тілде жарық көріп жатыр. Болды, таза спортқа бағытталған басқа басылым жоқ. Рас, бірді-екілі журналдар бар. Бірақ ешқайсысы да жалпы халыққа танымал емес. Құдайға шүкір, «ҚазСпорт» телеарнасы ашылып жатыр. Мамандарының барлығы да білікті. Қолдарынан көп нәрсе келеді. Біз де әрдайым барынша көмектесуге әзірміз. Дегенмен бұл да аз. Енді таза спортқа арналған радио ашылса, жақсы болар еді. Өйткені радио – ең қолжетімді, бұқаралық, бастысы – тегін БАҚ. Ал радио арқылы көпшілікті жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге болар еді. Бір қуанарым, соңғы кездері қазақтілді спорттық сайттар ашылып жатыр. Енді соларға жоғары тараптан қолдау қажет.
Жандос Айтбай, «Хабар» агенттігінің спорт шолушысы:
– Қазіргі қазақ спорт журналистикасының халі мүшкіл немесе керемет деп айта алмаймын. Кемшіліктер де кездеседі. Жетістіктері де жоқ емес. Жалпы, соңғы уақыттары қазақ спорт журналистикасына деген қызығушылық артып келеді. Осы тұста жас мамандардың білімін жетілдіріп, тәжірибесін толықтыратын арнайы қазақ спорт журналистикасының орталығы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді!
Назерке Сұлтанбек, Қазақстан күрес федерациясының баспасөз хатшысы:
– Соңғы жылдары қазақ спорт журналистикасының деңгейі өскенін жоққа шығаруға болмайды. Оған ақпаратты оперативті түрде тарататын қазақ тіліндегі спорт сайттарының жақсы жұмысы дәлел. Яғни бүгінгі күні еліміздің спорт жанкүйерлері спортшыларымыздың нәтижесін тез арада қазақ тілінде де біле алады, олар бұрынғыдай орыс сайттарына жүгінуге мәжбүр емес. Өкінішке қарай, еліміздегі спорт федерациялары мен қауымдастықтарының барлығы қазақ тілінде ақпарат таратуды әлі де бірінші кезекке қоюды үйренбеді. Ол да спорт журналистикасына жататындықтан, осыны кемшілікке жатқызуға болады. Сонымен қатар телеарналардағы спорт комментаторлықтың да ақсаңдап тұрғаны белгілі. Бірақ оған комментаторларды кінәлауға болмайды. Біздің тіліміз, ұлттық менталитетіміз орыстар сияқты «жандырып» айтуға сәл келмейтін де сияқты. Жеке өзіме Есей Жеңісұлы мен Жігер Әзбергеновтің комментаторлығы ұнайды.