Танымал спортшы Зарина Цолоева енді өзінің өмірлік ұстанымын жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін іздеп жүр. Әуесқой бокстан үш рет әлем чемпионатына қатысқан, тәжірибесі толысқан боксшы енді әуесқой мен кәсіпқой боксты да қатар алып жүрмек. Сыртқы келбеті Голливуд жұлдызы Анджелина Джолиге ұқсайтын еліміздегі ең сұлу спортшылардың бірі BAQ.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
 
Тілші: Зарина, соңғы кездері көрінбей кеттіңіз? Неліктен?
 
Зарина Цолоева: Арқадан алған жарақатым болды. Соны емдедім. Қазір жағдайым жақсы. Жаттығуды қайта бастадық. Елордада дайындалып жатырмын.
 
Тілші: Соңғы рет қашан рингке шықтыңыз?
 
Зарина Цолоева: 2016 жылғы әлем чемпионатына қатыстым. Одан кейін 2017 жылы Ресейде турнир болды. Соңғы рет сол жақта рингке шықтым. Сосын кәсіпқой боксқа ауысқанмын. Ресми жекпе-жекті АҚШ-та өткізуді жоспарлағанбыз. Ол кезде мен қатты ауырдым. Сөйтіп рингке шыққан жоқпын. Әйтпесе үлкен жекпе-жек өткіземіз деп жоспарлаған едік.
 
 
Тілші: Енді алдағы жоспарыңыз қандай?
 
Зарина Цолоева: Бірінші кезекте, карантин уақытында барынша жарақатымнан айығып, бұрынғы бабыма келу. Сосын жаттығуды күшейту. Алда Олимпиада ойындары бар. Мен тек кәсіби бокспен шектелгім келмейді. Екі жақты да қатар алып жүруді көздеп отырмын. Өзімнің бар күшім мен әлеуетімді әуесқой бокста да жүзеге асырмақпын. Өйткені әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарына қатысуды ойлаймын.
 
Тілші: Кәсіпқой боксты АҚШ-та бастамаса болмай ма?
 
Зарина Цолоева: АҚШ &ndash өте мықты боксшылардың алаңы. Мысалы, Фируза Шарипова әлі күнге АҚШ-қа барған жоқ. Бұл біраз нәрсені аңғартады. Ал мен басында Қазақстанда, сосын Ресейде жекпе-жектер өткізіп бастағым келеді. Осы жылы кәсіпқой бокста 3-4 кездесуді өткізсем деп отырмын. Бұйырса, әрі қарай карьерамды АҚШ-та жалғастыру ойымда бар.
 
Тілші: Биыл Токиодағы Олимпиада ойындарында қыздар арасында бокстан жүлделер бес салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынбақ. Қазіргі Қазақстан құрамасының мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
 
Зарина Цолоева: Егер жеке пікірімді айтатын болсам, менің ойымша қазіргі құрама әлсіздеу. Бұрынғыдай аса мықты емес. Бұл жерде бұрыннан құрамада жүрген Дариға Шәкімова, Дина Жоламандарға пікірімнің қатысы жоқ. Менің айтып отырғаным жастарға қатысты. Жаңа толқын әлсіздеу екені жасырын емес. Дегенмен кез келген спорт түрінде кез келген спортшының Олимпиадаға қатысып, тіпті жеңіске жетуіне мүмкіндігі бар. Біз тек болжам жасаймыз. Барлығы бір Аллаға аян. Сондықтан бәрі басқаша да болуы ықтимал.
 
Тілші: Сізді Голливуд жұлдызы Анджелина Джолимен салыстыратындар көп. Осындай теңеулер жалықтыра ма?
 
Зарина Цолоева: Мен бұл ұқсастыққа байланысты журналистерге он шақты рет жауап берген болармын. Әрине, мұндай салыстырулар кез келген қыздың көңілінен шығатыны анық. Анджелина Джоли &ndash бұл Голливуд жұлдызы. Бұл жерде менің сыртқы бет-бейнемнің ұқсастығы, спорттағы жетістігім мен біліктілігімнің алдына шығып кетіп жатады. Бір кездері аздап жалықтырғаны болмаса, бұл салыстырудан шаршаған жоқпын. Мұндай салыстыруды алғаш бастаған ресейлік БАҚ өкілдері болатын. Олар Анджелина Джолиді менің кумирім деп көрсеткен. Шындығында олай емес. Әрине, ол актрисаның шеберлігіне үнемі қызығушылықпен қараймын. Алайда ешқандай кумирім емес.
 
 
Тілші: Боксшы үшін бапкердің орны ерекше. Сіздің өміріңізде қай жаттықтырушының рөлі зор?
 
Зарина Цолоева: Менің өмірімде алғашқы бапкерім Александр Высоцкийдің алатын орны ерекше. Осындай жетістіктерге жетуіме сол кісінің қосқан үлесі көп. 13 жасымда алдымен волейболға барғанмын. Кейін боксқа ауысып кеттім. Жаттығу залына алғаш келгенімде-ақ Высоцкий бапкер мені бірден ұнатты. Бір жылдың ішінде жақсы нәтижелер көрсете бастадым. Ол өз мақсатыма жетуде аянып қалмауды үйретті.
 
Тілші: Әкеңіз ингуш ұлтынан екенін білемін. Ал анаңыз туралы айта кетсеңіз?
 
Зарина Цолоева: Әкем ингуш ұлтынан екені рас. Анам татардың қызы. Сондықтан біздің отбасыға тіс батыру оңай емес (күлді). Рашид, Иса есімді екі ағам, Сахират есімді сіңілім бар. Біздің отбасымызға үлкен ағамның 2010 жылы Ингушетияда жоғалып кеткені қатты батты. Әкемнің туыстарының барлығы Назранида тұрады. Ата-анам сол жаққа көшкісі келген. Бірақ ақылдаса келе Қазақстанда қалуды шешті. Әкем өте қатал. Басында боксқа барғанымда тек екі ай деген. Жақсы деп келіскенмін. Алайда спортта бағым тез жанып, жетістіктерге жете бастадым. Әкем амалсыз келісімін беріп, қолдау көрсетті. Кез келген ата-ана баласының өз ойын жүзеге асырып, жетістікке жеткенін қалайды ғой.
 
Тілші: Сіз туып өскен шағын ғана Жақсы ауданынан қаншама чемпиондар шыққанын білеміз. Мұның құпиясы неде?
 
Зарина Цолоева: Мен өзімнің шағын отанымды ерекше жақсы көремін. Үнемі мақтанышпен айтып жүремін. Ауылдан шыққан кәсіпкер Батырбек Уәлиев 2000 жылдардан бастап, спортқа көп көңіл бөле бастады. Спорт кешенін тұрғызды. Біз Жақсы ауданын «Олимпиада қалашығы» деп атаймыз. Өйткені бізде спорттың бірнеше түрі бар. Керемет бапкерлер қызмет атқарады. Еркін күрес, бокс, волейбол, футбол бәрімен айналысуға мүмкіндік жасалған.