Футболдан Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын футболшылардың жалақысы шектелсін. Мұндай ұсынысты «Астана»Президенттік спорт клубының төрағасы Дархан Қалетаев айтты, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы Sport.zakon.kz баслымына сілтеме жасап.
— Шыны керек, премьер-лигада өнер көрсететін клубтардың барлығын да жергілікті немесе мемлекеттік бюджет қаржыландырып отырады. Тіпті, жеке демеушісі бар деген «Қайрат» пен «Астана» клубын да мемкелет қаржыландырады. Себебі, «Қайраттың» демеушісі «ҚазРосГаз» мемлекеттік комапния, «Астананы» қамқорына алған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ да мемлекетке тиесілі. Ал, қазір елімізде қаржылық жағдай тұрақсыз. Сондай-ақ бүкіл әлем де қаржылық дағдарыстың алдында тұрғаны ешкімге жасырын емес. Қазақстан қазірше өнеркәсіптің арқасында тұрақтылықты сақтап отыр. Бұл дағдарыс алдағы уақытта бізге де әсер етуі мүмкін. Сондықтан да бір-бірімізге түсінушілікпен қарап, футболшылардың жалақсын төмендетсек, - дейді Қалетаев мырза.
Төраға бұл тығырықтан шығатын жолды да қарастырып қойған көрінеді. Оның айтуына қарағанда, мұндай қиын-қыстау кезеңнен аман-есен өту үшін футболшылардың жалақыларына шектеу кою керек.
— Мұндай қиын кезеңнен аман-есен өту үшін Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін аяқдопшылардың жалақыларын шектеу қажет. Менің ойымша, ел біріншілігінде өнер көрсететін футболшылардың жалақысы 300 мың АҚШ долларынан аспау керек. Бұл көрсеткіш футболшылардың бір жылда алатын ең жоғарғы жалақысы болсын. Дегенмен, мына жәйтқа да назар аударған жөн болар. Мен жалақы туралы америкалықтардың жүйесін зерттедім. Ол жүйе бойынша отандық клубтарға жалақысы жоғарыда айтылған соммадан жоғары үш футболшы алуға мүмкіндік беруге болады. Бірақ, ол футболшылар міндетті түрде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнауы қажет.
Тағы да бір ұсыныс бар. Біздің клубтардың жетекшілері алдағы маусымнан бастап жасы 25-тен асқан футболшыларды алмаса екен. Әйтпесе, қазір шет елдік футболшылар біздің елімізге сапалы футбол көрсету үшін емес, ақша табу үшін келетіні ешкімге де жасырын емес. Бұл жүйе қазақ футболын өрге сүйремейді.
Мен мұндай ұсынысты Қазақстан футбол федерациясының, Кәсіпқой футбол лигасының және отандық клубтардың басшыларына айтқым келеді, - деп ағынан жарылды Дархан Қалетаев.
Қалетаев мырзаның айтқан сөзінің жаны бар. Рас, қазір біздің елге сапалы футбол көрсету үшін емес, жоғары жалақы алу үшін футболшылар көптеп келетін болды. Олардың көпшілігі Ресей, Сербия, Черногорияда сұранысқа ие болмай қалған футболшылар. Егер, жоғарыдағы ұсыныс қабылданатын болса, онда бұл да қазақ футболының дамуы жолындағы игі істердің бірі болмақ.
Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?