Қазақ боксы «нокаутқа» түсті
Италияның Милан қаласында әуесқой бокстан ХV әлем чемпионаты аяқталды. Екі аптадай 600-ге жуық былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда айқасып, солардың 44-іне ғана осынау дүбірлі доданың жүлделері бұйырды. Бұл сында Дамир Буданбеков жаттықтыратын Қазақстан құрама командасы бір ғана қола медальмен шектелді.
Бас жүлдеден үмітті 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Серік Сәпиев Миланда үшінші орын алды. Жартылай финалда жалғыз өзі ел намысын қорғаған Серік ақтық сын жолдамасын Ресейдің жас боксшысы Андрей Замковоймен сарапқа салған. Өкінішке қарай, бұл жекпе-жекте Серік жеңіліске ұшырап, қола жүлдені місе тұтты. Бірінші раундта, Ресей боксшысы алты ұпай ұзап шыққанда-ақ, төрешілердің бүйрегі Серіктің қарсыласына бұрып жатқандығын аңғарып, күйіндік. Әйтпесе ұпай санында мұндай алшақтық болмауға тиіс еді. Үзілістен кейін Серік өзінің жұдырықтасу тәсілін өзгертуге кірісті. Енді шабуылдамаса болмайтындығын жете түсінді. Жанталасып жүріп, алшақтықты екі ұпайға дейін қысқартты да! Алайда шешуші раундта төрешілер оған тағы да ұпай бермей діңкелетті. Ал орыс боксшысының жанап өткен соққыларын да санай бастады. Осылайша, Серік 19 жастағы орыс боксшысынан ұтылып қалды. Есеп – 10:16.
Боксшыларымыздың Миландағы сәтсіздіктерінің себебін бас бапкер құрама сапында тәжірибесі жоқ кілең жастардың өнер көрсетуімен байланыстырады. Ал ҚР Әуесқой бокс федерациясының басшылары құрама жасақтау ісіне араласпағандарын алға тартуда. Осы орайда, Тәуелсіз Қазақстан боксшыларының әлем чемпионаттарында қол жеткізген нәтижелеріне тоқтала кеткіміз келеді.
Қазақстан боксшылары әлем чемпионаттарына дербес мемлекет ретінде 1993 жылы Финляндияның Тампере қаласында өткен әлем чемпионатынан бері қатысып келеді. Тампереде дәл осы жолғыдай жалғыз қола медальға ие болғанбыз. Онда 75 келі салмақ дәрежесіндегі Василий Жиров үшінші орын алған болатын.
Араға екі жыл салып, Берлиндегі бүкіләлемдік додада 51 келі салмақта Болат Жұмәділов күміс, 81 келі салмақтағы Василий Жиров тағы да қола медаль еншіледі.
1997 жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатында 71 келі салмақта Ермахан Ыбрайымов күміс, Болат Жұмәділов (51 келі) қола медаль алды.
Қазақ боксшыларының бағы 1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында жанды. 51 келі салмақта қазақтың маңдайына біткен ержүрек ұлдарының бірі – Болат Жұмәділов алтыннан алқа тағынса, аса ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков күміспен күптелді. Ал Ермахан Ыбрайымов үшінші орын алды.
2001 жылы Белфаста (Солтүстік Ирландия) өткен додада Қазақстан құрамасы сапынан тек 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Галиб Жапаров екінші орын алды.
Араға екі жыл салып, Таиланд астанасы Бангкоктегі бүкіләлемдік біріншілікте Галиб Жапаров (57 келі) пен Геннадий Головкин (75 келі) әлем чемпиондары атанып, мерейімізді тасытты.
Ал 2005 жылы Қытайдың Мяньянында өткен әлем чемпионатында қазақ елінің былғары қолғап шеберлері өз тарихында алғаш рет қомақты жүлдемен оралды. Серік Сәпиев (64 келі) пен Ердос Жаңабергенов (81 келі) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Біржан Жақыпов (48 келі), Мират Сәрсембаев (51 келі) және Бақтияр Артаев (69 келі) қола медаль олжалады.
2007 жылы АҚШ-тың Чикагосында өткен лицензиялық әлем чемпионатында Серік Сәпиев 64 келі салмақ дәрежесінде Ұлы Жібек еліндегі жетістігін қайталап, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бақтияр Артаев (75 келі) пен Еркебұлан Шынәлиев (81келі) қола медаль алды.
Міне, біздің боксшылардың әлем чемпионатындағы жағдайлары осындай. Ал Миланда өткен әлем чемпионатында өз салмақтарында төмендегі боксшылар топ жарды:
Бірінші раунд
Серік Сәпиев, Қазақстан құрамасының капитаны:
– Мен бірден шабуылға лап қойдым. Кездесу тағдырын ерте шешіп тастағым келді. Өз-өзіміді тоқтата тұруым керек па еді?! Қорғана жүріп, қарсыласымды шабуылдауға итермелеуім керек еді. Амал не, арманым орындалмады. Бірақ өмір мұнымен тұрып қалмайды. Ары қарай дайындаламын.
Екінші раунд
Дамир Буданбеков, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Жаңа олимпиадалық цикл басталды. Бізге ең бастысы, 2011 жылғы Бусанда өтетін лицензиялық әлем чемпионатында айтарлықтай табысқа қол жеткізу керек. Боксшылардың барлығынан не себепті жеңілгендері туралы түсініктеме жаздырып алдым. Елге барған соң, нақты шешім шығатын болады.
Үшінші раунд
Жанболат Сәрсенов, ҚР Әуесқой бокс федерациясының бас хатшысы:
– Боксшылардың алаңсыз дайындалуы үшін өз тарапымыздан барлық жағдайды жасадық. Қаржыдан кенде қалған жоқпыз. Әлем чемпионатына дайындық циклы ойдағыдай өтті. Бас бапкердің құрама жасақтаудағы ісіне мүлде араласқан жоқпыз. Тек жағдай жасап, көмектесумен болдық. Беттерінен қаққан жоқпыз.