Қазақ балалары меңгере алмайтын спорт жоқ

Қазақ балалары меңгере алмайтын спорт жоқ

Жомарт САБЫРЖАНҰЛЫ, ҚР Құрметті спорт қайраткері:
– Жомарт Сабыржанұлы, сіз соңғы кездері ұлттық асық ойыны мен гандбол спортын дамытуға атсалысып жүрсіз. Бір кездері садақ тарту спортын да қолға алғаныңыз белгілі. Бірақ бізде бокс пен күрестен басқа спорт түрлерінде жоғары жетістікпен көрініп жүрген қазақ жастары жоққа тән. Суда жүзуді айтпағанда, бабамыз жауынгер болған қазақ балаларынан мергендер, семсершілер неге шықпайды?
– Қазақ жастарының қолынан, шынын айтсақ, бәрі келеді. Өзге тілдің өзін сол ұлттан артық меңгеріп алып жатады ғой. Бірақ солай бола тұра, мойындау керек, біздің спортта қазақ жастарының басым көпшілігі бокс пен күресте ғана. Басқа спорт түрлерінде саусақпен санарлық. Осыған қарап ойлаймын, неге біздің жастар спорттың интеллектуалдық түрлеріне қарай бет бұрмайды деп. Суда жүзу, коньки мен шаңғы тебу, гимнастикада неге жоқ? Осынша жерімізді жаудан қорғап қалған ата-бабаларымыз садақ асынып та, мылтық ұстап та, беліне семсер іліп еді ғой? Тым құрыса, спорттың осы түрлеріне неге бармайды? Бір мысал айтайын, бокс пен күресте әрі кеткенде 25-30 жасқа дейін жүресің, 30-дан асқасын бітті, не спорттан кетесің, не бапкерлікпен айналысасың. Ал садақ тарту, мылтық ату секілді спорт түрлерінде зейнетке шыққанша жүріп, жарыстарға қатыса беруге болады. Осы жағын біздің жастарымыз неге ойланбайды екен? Небір құралайды көзге атқан мергендері болған кешегі жауынгер қазақтың бүгінгі баласына мергендік дарымауы мүмкін емес. Қазақта мергендіктің небір түрі болған. Біреу қол мерген, біреу көз мерген деген секілді. Мысалы, Кейкі батыр қол мерген болған. Амангелді Иманов – көз мерген. Меніңше, бүгінгі қазақтың балаларынан да мергендер, жүзгіштер, семсершілер мен гимнастшылар көптеп шығады. Тек іздеп тауып, баулу керек. Бізде осы жағы жетіспейді.
Мен кезінде осы садақ тарту спортын дамытамын деп біраз талпындым. Ол талпынысым нәтижесіз де болмады. Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт мектеп-интернатында Қыдырбек Рысбекұлы екеуіміз қазақтың қара домалақ 15 баласын жинап алып, 2003 жылы садақ тарту бөлімін аштық. Алғашқы кезде үш метр қашықтықтан тигізе алмайтын балалар жаттыға келе, бір жылдың ішінде 90 метр жерден нысанаға дәл тигізетін болды. Сол балалардың бірі – Жасұлан Әбдібеков, Қызылордадан. Ауылда кетпен ұстап, күріш суғарып жүрген бала ғой. Спорт интернатына 7-сыныптан қабылдаған едік. Екі-ақ жылда садақ тартудан спорт шеберлігін орындады. Міне, егер іздесек, баулысақ, мергендер неге шықпасын?
Осылай балаларымыздың шеберлігі шыңдала бастағасын, төрт жыл қатарынан халықаралық жарыстарға да мұрындық болдық. Құлан Кейкі батыр атындағы халықаралық турнир өткіздік. Қытайдан, Өзбекстаннан келіп қатысты. Алайда біз кеткесін сол жарыс елеусіз қалып қойды. Садақ тарту федерациясын да ашқан едік. Соның бәрі иесіз қалғандай тұр. Әрі қарай жалғасын тауып, жұмыс істететін, дамытатын адам жоқ.
Рас, федерация құрылғасын бір жанашыр азаматтың демеушілігімен біраз жұмыстар атқарылды. Жер-жерлерде бөлімшелері құрылып, сәл де болса қанат жайды. Қазір, мысалы, садақ тартуда Шымкент, Орал және Теміртаудың, Талдықорғанның балалары жақсы. Бірақ неге екені белгісіз, әлі күнге қазақ балалары аз. Шымкенттің өзінде садақ тартып жүргендер – ылғи кәріс балалары.
– Мұның себебі не деп ойлайсыз? Біз бала күнімізде жыңғыл мен тобылғыны иіп, жібек жіптен адырна тағып жасалған садақтармен ойнайтынбыз. Ал мектептің спорт залында садақ тұрмақ, көрмеге ілер садақ болған жоқ.
– Иә, оның рас. Мектептің денешынықтыру пәнінде садақ тарту деген мүлде жоқ. Ал кәсіби спорттық қолданыстағы садақ сатып алуға мектептің шамасы жетпейді. Бір садақтың өзі 2-3 мың доллар тұрады. Бірақ енді қымбат екен деп, спортта аянуға бола ма? Құдайға шүкір, қазір мемлекетімізде де ақша бар, қалталы азаматтар да жеткілікті. Бүгін осы мәселеге аз-кем ақша бөліп қамқорлық жасалса, ертең балаларымыз сол инвестицияны халықаралық жарыстарда баға жетпес абыроймен қайтаратынына мен сенімдімін. Тек осыған назар аударып, ыстық-суығына күйіп, жанашыр болатын, жетекшілік ететін адамдар кезікпей жүрген сияқты. Екінші жағынан, бір ішің ашитын жері, бұл спортта бізде ұлты қазақ дұрыс бапкер де жоқ. Сондықтан шетелден бапкерлер шақыртсақ немесе өзге елдерге барып оқу-жаттығудан өтсе, үлкен тәжірибе болар еді. Қазір Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай садақ тартуда өзгелерден көш ілгері.
Ал енді спорттың садақ ату, мылтық және тапанша ату секілді түрлерін жүйелі түрде дамыту үшін бөлек бір олимпиадалық дайындық орталығын ашқан дұрыс сияқты. Сонда ғана бұл бағытта кішкене ілгерілеу болады деп ойлаймын.
– Садақ тартуда болашағынан үміт күттіретін қандай қазақ балаларын атар едіңіз?
– Бауыржан Жолдыбаев, Қымбат Қалмырзаева, Жасұлан Әбдібеков, Әйгерім Қалиева, Мирас Әлсейітов деген жастар бар. Бұлардың біразы қазір Денешынықтыру институтында оқи жүріп, бапкерлікпен де айналыса бастады. Жасұлан Әбдібеков, Алла жазса, биыл оқуға түседі.
– Ендігі әңгімені гандболға бұрсақ. Сіз осы гандбол спортын дамытумен де айналысып жүрсіз. Бұл спорттың түрінде де қазақтар аз...
– Гандбол – керемет қызықты ойындардың бірі. Ол аса бір күрделі спорттық кешен немесе базаны қажет етпейді. Бұл бағытта қазір әжептәуір жұмыстар істеліп жатыр. Дәулет Тұрлыханов гандбол федерациясының құрметті президенті болғалы біраз істің басын қайырды. Өздеріңіз білесіздер, Бейжіңдегі Олимпиадада біздің қыздар құрамасы үздік ондыққа ілікті. Дегенмен гандболда да қазақ қыздары мүлде аз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мүмкіндігінше қазақ қыздарын іздеп тауып, жағдай жасауға тырысып келеміз. Мәселен, бұл спортта да бәрін мектептен бастау үшін Астана мектептерін аралап, гандболға икемді қыздарды іздедік. Сөйтіп, Астананың Көктал шағынауданындағы №40 мектепте 5-інші және 7-сынып оқушыларынан арнайы екі сынып іріктеп алдық. Бірақ бұл сыныптар әлі арнайы мамандандырылған сынып мәртебесін алған жоқ. Сол қыз балаларды жаттықтыру үшін Еуразия ұлттық университетінен жаттығу залын алып қойдық. Мұның сыртында Астанадағы Қажымұқан спорт интернатынан 10 орын беруді сұрап отырмыз. Бұл мәселе шешілсе, аймақтарда жүрген, осы спортқа бейім балаларды алдыртып, оқытуға мүмкіндік туар еді.
– Жақында газетіміздің «Алашты алаңдатқан сауал» айдарында Қазақтың спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закирьянов «бас бапкер қай ұлттан болса, сол ұлттың өкілдері әлгі спорттың түрінде көп болады» деген ой айтты. Мұны арнайы зерттеу барысы көрсеткен көрінеді. Сіз бұған қатысты не дейсіз?
– Рас. Мұндай құбылыс бар. Өйткені бапкердің қанша дегенмен өз ұлтының жастарына көбірек бүйрегі бұратыны шындық. Осы мәселеге қатысты Несіп Жүнісбайұлы кезінде мынадай бір талап қойған еді: «спорттың қай түрінен болсын, егер онда қазақтар басым болмаса, бапкерге «Қазақстанға еңбек сіңірген бапкер» атағын бермеу керек». Бұл бір өте орынды талап болған еді. Қазір осы талап сақтала ма, жоқ па, білмеймін.
Меніңше, бізде осындай батыл қадамдар жасалмайынша, спорттың күрес пен бокстан басқа түрлерінде ұлтжанды қазақ жастары мен бапкерлері көбеймейді. Мысалы, Қыдырбек Рысбекұлы Қажымұқан спорт мектебіне тек қазақ балаларын ғана алуға күш салды. Осындай табанды, батыл қадамдар керек.
Өз басымнан өткен мынадай да жағдай болған. Бір жолы жазда ел жаққа бара жатып, Торғай өзенінің бір саласы – Иманов өзеніндегі көпірден суға секіріп жатқан балаларды көріп қалдым. Ана көпір әжептәуір биік. Бала емес, үлкен кісінің жүрегі оңайлықпен дауалай қоймайды. Дереу тоқтай қалып, әлгі балаларды шақырдым. Келді. Қатқан қайыстай балалар. Іштерінде қыз балалар да бар. Қызық көріп, әңгімеге тартып тұрмын. Бір кезде араларындағы біреуі: «Ойбай, аға, мына қыз өзеннің бергі жағынан сүңгіп, арғы жағынан бір-ақ шығады», – дейді. «Қайсысы?»
Сөйтсем, нағашы атасын біледі екенмін. Негізі, тегіне тартады деген рас қой. Атасы мінезді, қалыпқа бағынбайтын тентектеу адам еді. Бесінші сыныпта оқиды екен. «Ендеше, бесіншіні бітіргесін, атаңа айт, жағдайың келсе, Астанаға әкелсін», – дедім. Содан атасы естіп-білгесін, хат жазып жіберіпті. Кейін алтыншы сыныпта Астанаға келгенде әлгі қызды жетектеп апарып Будяновский деген бапкерге бердім. Ал жетінші сыныпқа келгенде Қажымұқан интернатына алдым. Феруза Сәбитова деген сол қыз ақыры жүзуден Қазақстан чемпионы болды. Сол қызды әлі күнге дейін қадағалап, бапкерінен сұрап отырамын. Қазір спорт шебері. Көрдіңіз бе, іздесе неге табылмасын чемпион болатын қазақ балалары?!
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста