Қар шаңғы спорты Алтайда пайда болған

Атадан қалған құнды мұраны қорғау, сақтау айтуға оңай болғанмен, ұрпақтар жадына ұялату оңайға түспейтіні тағы бар. Әлемдік ірі спорт түрлеріне енген қар шаңғы спортын Алтайдан шыққан деген ақпар бар. Ақпарат көзі Алтайдың сынтастарына қашалған жартас суреттерінен алынғаны анық. Ал, шаңғыны қолдан жасаудың өзі де шебердің шеберінің қолынан келер шаруа. Міне, сондай шебердің бірі «Қар шаңғысын жасау өнерінің» мұрагері Сыламек Сақашұлының қар шаңғы жасау өнері туралы әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Шаңғы жасауды әкемнен үйрендім

Ол Алтай қаласы Ласты ауылы Ноғайты қыстағының төл тумасы. Әкесі Сақыш кезінде «ағаштан түйін түйетін» қолөнер шебері болған. Жастайынан Сыламбекты қасына ертіп жүріп, өнердің қадірін бағалап, мал шаруашылығында және тұрмыста көп қолданылатын шана, атарба, төсек, шаңғы секілді ағаштан жасалатын тұрмыстық бұйымдарды нақышына келтіріп жасаудың жолдарын ыждағаттықпен көрсетіп отырған. Әсіресе, атадан мұра болып жалғасқан қар шаңғыны қалай жасаудың жолдарын, оны істете білудің жатымды амалдарын үйреткен.
«Ата көрген оқ жонар» демекші, ұлағатты әке жолын қуған Сыламбектің еңбегі еш кетпепті. 2010 жылы маусымда Үрімжі қаласында өткізілген Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкелік әр ұлт мәдени мұраларын бағалау жарысында бағы жанды. Шаңғының жасалу жолдарын көрсетіп, нақты ғылыми сараптамалар арқылы соңында ШҰАР мәдениет басқармасы тарапынан «Қазақ қаршаңғысы» автономиялы өлкелік құнды мәдени мұра деп танылды. Өзі «Қазақтың жылқы терісімен қапталған қар шаңғы жасау өнерінің мұрагері» атағын еншіледі. Бүгінде, Сыламбек ағаның қолынан шыққан «жылқы терісінен қаптап жасалған қазақ шаңғылары» көненің көзіндей жарқырап, Алтай қалалық «Мәдени мұра» мұражайында сақтаулы.

Қар шаңғы қайыңнан жасалады

«Байырғы қар шаңғысының түп-төркіні Алтай жартас суреттерінен табылғандығы да шындық. Сондықтан да Алтай «байырғы қар шаңғы мекені» аталып отыр. Тау сағалап, өзен жағалап көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақтар төрт түлік пен аңның терісін ерекшелігіне қарай жақсы пайдалана білген. Мысалы, жылқы терісі жұмсақ, оңай қырқылмайтындықтан қар шаңғыны жылқының сирақ терісімен қаптайды. Теріні жылы суға салып, шикі күйінде табиғи пайдаланады. Оны қайыс көздеп таспамен мықтап, шаңғы ағашына тігеді. Кейде әсемдікке бұғы пұшпағымен де қаптайтын болған. Ол жүйрік болады. Алайда, тез қырқылып, тез тозатын болған. Бұғы бағалы қорғалатын аң болғандықтан көп істетілмейді.
Қар шаңғы көбіне қайыңнан, самырсыннан жасалынады. Мен самырсыннан жасаймын. Себебі, оңай аумайды. Жеңіл келеді. Оны жауаудың да өзіндік тәсілдері бар. Әуелі шаңғыға дайындалған ағаш материялын оттағы ағаш күлінің бетіне көңін бүркеп, соған көмеді. Міне бұл «морға көму» деп аталады. Мордан алынғаннан кейін, қайнаған су құйып «тезге» яғни қалыпқа салынады.
Шаңғы ағашының ұзындығы адам бойының ұзын-қысқалығына қарай 2 метірден төмен жасалады. Ені немесе жалпағы бір сүйем, алдыңғы қайқы басы сынық сүйем болады. Яғни қазақы өлшеммен жасалады. Тепкенде оң жағындағы бір таяқпен күш аласың. Таяқ басына бүлдіргі тағылады. Аңға шыққанда, тауешкі, бұғы қуғанда қаршаңғының рөлі зор. Жылқы терісінен жасалған қазақ қар шаңғысы қалың қарға, тау-тасқа, күрделі қия жолдарға қолайлы келеді. Өрге шыққанда кері қайтпайды, сырғымайды. Тұтқыр, әрі қауіпсіз қазіргі қар шаңғы алаңдарында пайдаланылатын жасанды қар шаңғыларға қарағанда әлде қайда мықты келеді. Заманның дамуына байланысты қазір бұл шаңғы көп қолданылмайды. Себебі, екеуінің дайындалу барысы екі түрлі. Қазақ қар шаңғысына бау тағылып, аяқты шаңғыға алдынғы бау арқылы таңады. Өкше бос жүреді. Оның оңға, солға бұрылуға пайдасы көп болған.

Ел кездім шаңғы байлап қос аяққа

Жан серігіме айналды. «Биік таулардың етегінде тауға қарап өскендіктен болар қар шаңғы менің жан серігіме айналды. Өмірімнің жартысы осы «қар қайығының» үстінде өтті десем артық айтпаған болармын. Үйіміз үлкен Қыран өзені бойында орналасқан. 1980 жылдардың аяғына дейін әр қыс сайын ауыл азаматтары өз еркімізбен топтасып, саятшылық құрып, дала кезіп, жалама беткейлерден аң қуалап, дөңбек ағаш тасыдық. Тау басынан еңіске қарай мұрындықталған дөңбекті арқан арқылы иыққа іліп сүйрейтінбіз. Қуалап жүріп шаршатып ұстаған бұғыны жылқы терісіне таңып аққан жұлдызша ылдиға зымыраған күндеріміз қазір елес болып қалды»,- дейді Сыламбек аға.
...Қазір Ноғайтыдан Қыран өзенін өрлеп атты адам 2 сағатта жететін жерді жергілікті адамдар «Қаратай қыстауы» деп атайды. Қар шаңғыға жаттықан қызықты жастық шағым көбінесе сол жерде өтті. Бірде таудан дөңбек сүйреп келе жатқанбыз. Иықта дөңбек тартқан арқаным бар. Мен алдымен келе жатып, байқаусызда түйе қорымға түсіп кеттім. Сүйреп келе жатқан дөңбегім үстімнен зулап өтті. Құдай сақтап аман қалдым. Серігім шошып кеткені соншалық өлді деп ойлаған болуы керек.
Тағы бір жолы жалама беткейден ағызып келе жатып, сай тағанына таяғанымда артыман сырылдаған дыбыс шықты. Жалма-жан көшкін болар деген сезікті оймен дереу қарқынымды үдетіп арғы бетке шығып үлгердім. Артыма қарасам, шынымен жолымды көшкін жып-жылмағай тазалап кеткен екен. Осылайша екі рет өлімнен қалдым. Қар шаңғымен желмаядай желіп көп жерлерді араладым. Қыран өзенін бойлай баспаған жерім жоқ десе болғандай. Қазіргі Аюсай, Мазбайдан бастап, Қарағылтай, Тарғылтай, Сұмдайрық, Көлдайрық, Екі аша, тіпті батысы Қом-Қанас шекара сызығының 8-қазығына жақын ұзын Балнава деген жерлерге дейін шаңғы ізіміз қалды. Ол бір қызығы тарқамас дәурен еді. Қысқасы, қазіргі жастарға оның барлығы көрген түстей көрінетін шығар. Дегенмен, зерделесек мұның барлығы тағылым екен» дейді шаңғышы ағамыз сөзінің сірге жиярында... 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста