Қапшағайда ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтті. Ашық аспан астында күш сынасқан батырлар сегіз салмақтың мықтысын анықтады.
Қапшағай жағалауына Қазақстанның жұдырықты жігіттерінен бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан және Ингушетиядан ережесіз жекпе-жектің шеберлері келіпті. Енді дүбірлі доданың қорытындысына тоқталсақ. Ең жеңіл салмақтағы жерлесіміз Қайрат Ахметов финалдық кездесуде қырғыз Абдурашит Жолдошбайұлын қылғындыру әдісімен ұтып, жеңіске жетті. 60 келіде қазақстандық Аслан Тоқтарбаев тағы бір айыр қалпақты ағайынды – Руслан Нязахоновты техникалық нокаутпен ұтты. 65 келідегі ақтық сында қос қазақстандық бас жүлдені сарапқа салды. Алматылық Ержан Естанов шымкенттік Құдайберген Ордабаевтан басым түсіп, турнир чемпионы атанды. 70 келі салмақтың мықтысы өзбекстандық Аюбхан Камалов пен жарыс қожайыны Қуат Хамитов арасында анықталды. Негізгі уақытта бірін-бірі ала алмаған қарсыластар төреші қосқан қосымша уақытта төбелесті. Нәтижесінде 2:1 есебімен өзбек Аюбхан Камалов жеңіске жетті. 77 келіде әзірбайжандық Махир Мамедовтің бағы жанды. Сосын супер жекпе-жек аталған ауыр салмақтағы спортшылардың бәсекесі өтті. Алдымен қазақстандық Есалы Абдуллаев пен ресейлік Игорь Свирит кездесті. Есалының соққысы жойқын екен, толассыз ұрғылап, қарсыласын есінен тандырып тастады. Өзбек Әзизбек Рахимов пен ресейлік Руслан Авдеев өзара мықтыны анықтап, нәтижесінде орыс жігітінің жолы болды. Ең соңғы болып Төлеген Ақылбеков пен ресейлік Виталий Опарин шеберлік байқасып, ұпай санымен қазақстандық спортшы жеңіске жетті.
Қапшағайда – «қансыз» төбелес
Последние статьи автора