Олимпиадада төрелік еткен қазақ

Олимпиадада төрелік еткен қазақ

Кеше елорданың «Дәулет» спорт кешенінде әуесқой бокстан ел чемпионаты басталды. Жаңа ережемен өтетін бұл біріншілікте төрешілердің қызметі қандай болмақ? Әлемдік бокста орын алатын реформа шаршы алаңға қандай өзгерістер әкелмек? Жалпы, Қазақстандағы төрешілердің деңгейі қандай? Көпшілікті қызықтырған осы сауалдар төңірегінде Лондон Олимпиадасында төрелік еткен Қазақстан бокс федерациясы төрешілер алқасының төрағасы Рахымжан Рысбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Рахымжан Есмағанбетұлы, әлем­дік бокста орын алғалы отырған «төң­ке­ріс» алдымен қазақ жерінен бастау ал­мақ. Сондықтан игі бастаманың себеп­шісі болып отырған біз үшін жаңа ережемен өтетін ел біріншілігін абы­рой­мен өткізу – үлкен сынақ. АІВА-ның  жаңа ережесі бойынша бокс­шы­лар басындағы дулығаны шешетіні белгілі. Демек, осыған байланысты төрешілердің жұмыстарында өзге­ріс­тер болатын шығар?
– Иә, дәл солай. WSB додасын көріп жүр­ген шығарсыз? Ел біріншілігінде де төрешілер жеңімпазды солай анықтайды. Яғни тең есеп деген болмайды. Қапталдағы үш төреші әрбір раундта 10:9, 10:8 немесе 10:7 есебімен басым түскен боксшыны анық­тайды. Жалпы, бұл ережені әуесқой бокс бұрыннан қажет етіп жүрді. Өзім де Лондон Олимпиадасының барысында бір­неше рет куә болдым. Жеңімпазды анық­тау­да компьютерлік есептеу жүйесінің дұ­рыс еместігін өз көзіммен көрдім. Себебі кейде қызыл түймешікті қанша басса да, ұпай көк бұрыштағы боксшының еншісіне жазылып жатады. Артынан төрешілердің өздері де түсінбей отырған кездер болды. Қай жекпе-жектер екенін айтпай-ақ қояйын, Лондон Олимпиадасында ком­пью­терлік есептеу жүйесінің ақаулығынан бірнеше айқастың тағдыры мүлдем бас­қа­ша шешіліп кетті. Бұл – төрешілердің қа­те­лі­гінен емес, компьютерлік бағдарламаның бұрыстығынан. Содан Қазақстан бокс фе­де­рациясының президенті Тимур Құлы­баев­тың ұсынысымен АІВА әуесқой боксқа осындай өзгерістер енгізіліп, оның үстіне, бокстың қызықтылығы мен тартыстылығын арт­тыру үшін бастағы «дулыға» мүлдем алып тасталынады. Сондай-ақ ұпай санау жүйесін де өзгертті.
Жаңа ереженің қолға алынуына өзіміз мұрындық болғандықтан, алғаш болып сы­нақты өзімізде өткізбекпіз. Яғни Қазақ­стан чемпионаты, былайша айтқанда, сы­нақ­тық дода болмақ. Сондықтан ел бі­рін­ші­лігін АІВА басшылары, өзге елдердің өкіл­дері де келіп тамашаламақ. Келесі жы­лы қазақ жерінде өтетін әлем чем­пио­на­ты дәл осындай ережемен ұйым­дас­ты­ры­ла­ды.
– Рахымжан аға, енді Лондон Олим­пиадасы жайлы бірауыз айтып өтсеңіз. Жалпы, өзіңіз Олимпиадада төре­лік ету құқығына қалай ие бол­ды­ңыз?
– Лондонға баруым аяқастынан орын алған кездейсоқ жағдай емес. Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылы Миланда өткен әлем біріншілігінде бірде-бір қазақстандық төреші қызмет атқарған жоқ. Бұл фе­де­ра­ция тіз­гінін енді ғана қолына ұстаған Тимур Құлы­баев­тың жанына қатты батты. Содан 2010 жылдың ба­сында Тимур Асқарұлы төрешілерді дайын­дау жүйесін дұрыс жол­ға қоюдың бағдарламаларын қарастырды. Әртүрлі семи­­нарлар өте бастады. Шетел­дік­термен тәжірибе алмасуымыз жиіледі. Нәти­жесі көп күттірген жоқ. 2010 жылдың жаз мез­гілінде Астанада Пре­зидент кубогы өтіп, сол кезде Қазақ­стан төрешілері АІВА өкілде­рінің алдында емтихан тапсыр­ды. Бес төрешіміз АІВА-ның үш жұлдызды, яғни ең жоғары санаттағы төрешілерінің қата­рына қосылды. Оның екеуі – нәзік­жан­ды арулар, үшеуі – ерлер. Арасында мен де бармын.
– Олимпиадада қан­ша жекпе-жек­ке төре­ші­лік еткеніңізді жақсы білетін шы­ғарсыз?
– Әлбетте, ортадағы реферидің қыз­ме­тін 10 рет атқарып, 33 жекпе-жекте қап­тал­дағы төреші болдым. Барлығы – 43. Олар­дың арасында Кле­менте Руссо, Алек­сандр Усик, Хулио Ла Круз, Энтони Джо­шуа, Энтони Огого, Тарас Шелестюк, До­ме­нико Валентино, Иг­ле­сиас Сотолонго, Эвалдас Пет­раус­кас, Кэти Тэйлор сынды әлемді аузына қаратқан бокс­шы­лар­дың жекпе-жектеріне қазы болдым.
– Талай тарланның тағ­дырын шештіңіз ғой. Есі­ңізде қалғаны қай жек­пе-жек болды?
– Барлығы да есімде ғой. Бірақ Олим­пиададағы де­бю­тім­ді ешқашан ұмыт­паймын. Қапталда төрелік еткен бір бөлек, ортаға шыққан мүлдем басқаша әсер. 75 келі сал­мақ­тың 1/32-финалы болатын. Венесуэлалық Жозе Эспиноза мен венгр Золтан Харшаның жұдырықтасуында алғаш рет шаршы алаңдағы рефери бол­дым. Сондай-ақ финалдық ай­қас­та ортадағы төреші бол­ға­ным­ды мақтаныш тұтамын. Маған бұйырғаны 91 келідегі украиналық Александр Усик пен италия­лық Клементо Рус­со­ның айқасы болды. Бұл менің төрешілік ғұмырымдағы биік шы­ңым десем де болады.
Негізі, бұған дейін үш әлем бірін­ші­лі­гіне қатысқанмын. Еуропа және Азия чемпионаттарында да төрешілік еттім. Бірақ Олимпиаданың орны мүлдем бөлек екен.
– Лондон Олимпиадасында жігіт­терден бөлек, қыздар боксында да төрелік еттіңіз. Қайсысы қиын, жігіт­терге төрелік ету ме, әлде қыз­дарға ма?
– Қыздар боксында еншіме үш жекпе-жек тиді. Біреуінде шаршы алаңдағы рефери ретінде ирландиялық Кэти Тэйлор мен ұлыбританиялық Наташа Джонастың жұдырықтасуына төрелік еттім. Бірақ мен, шыны керек, боксшыларды қыздар немесе жігіттер деп бөлмеймін. Олардың ген­де­рі­не назар аудармаймын да, спортшы ре­тін­де қараймын. Сондықтан мен үшін еш айыр­масы болған жоқ.
– Жасыратыны жоқ, Олимпиада ба­ры­­сын­да даулы мәселелер жиі орын алып жатты. Кейбір жекпе-жектердегі төре­ші­лердің шешіміне жанкүйер­лер­дің кө­ңіл­і толмады. Төрешінің көз­қа­расымен бағаңызды берсеңіз, Лон­дон додасы әділ өтті ме?
– «Бес саусақ бірдей емес» деп тегін айт­паған ғой. Шаршы алаңдағы рефе­риден бөлек, қапталда бес төреші бар. Іште­ріне кіріп шықпаған соң, ойларында не жат­қанын білмейсің. Оның үстіне, біреуі – Азиядан, біреуі – Америкадан, әйтпесе Африкадан дегендей, боксқа деген көзқарастары мен түсініктері де бір-бірімен сәйкеспей жатуы мүмкін. Рас, пенде болған соң қателіксіз болмайды. Бірақ бір тарапқа әдейі бүйрек бұрды деп ешқайсысын айта алмаймын.
– Рахымжан аға, енді өз еліміздегі жағдай жайлы әңгіме қозғасақ. Бү­гін­де қазақстандық төрешілердің бә­се­келестікке қабілеті қандай?
– Тимур Құлыбаев келгелі, шыны керек, ісіміз оңға басқандай. Жыл сайын әрбір елде ұйымдастырылып отыратын емти­хан­дық сынақтарға біз де өз төрешілерімізді жіберіп, бір жұлдызды, екі жұлдызды, үш жұл­дызды реферилерді дайындаудамыз. Мынаны айтайын, әлем бойынша АІВА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі дәрежесіне жеткендер саны бойынша бүгінде Қазақстан бірінші орында тұр. Бұл көп нәрсені аңғартса керек. Тағы бір мысал, жақында Оңтүстік Кореяда АІВА-ның жаңа ережелері бойынша емтихан өтіп, менен басқа Қазақстанның тағы екі төрешісі: шымкенттік Әлішер Алтаев пен тараздық Бақытжан Бекпенбетов барып, жақсы бағаға тапсырып келдік. Енді бізге АІВА-ның WSB, APB, Олимпиадалық бокс додасына есік ашық. Болашақта мұндай семинарлар жиі өтпек. Оған еліміздің басқа да төрешілері емтихан тапсыратын болады. Атап айтсақ, халықаралық дәре­же­дегі төрешілер Наталья Цой, Әсия Аман­баева, Шымкенттен Нұрбек Батыров, Көкшетаудан Ерлан Ғазизов, Қостанайдан Өзбек Қазин келесі емтихан сынағына қатысады.
– Жалпы, өзіңіздің бокста жүрге­ні­ңізге қанша жыл болды?
– Бокспен тоғыз жыл айналысып, 60, 63 келі салмақ дәрежесінде жұды­рық­тас­қан­мын. Төреші ретінде шаршы алаңға шығып жүргеніме 11 жыл болды.
– Ал былғары қолғапты шешіп, төреші болуыңызға не себеп болды?
– Боксшы ретіндегі ең ірі жетістігім – жас­өс­пірімдер арасындағы ел бірін­ші­лігінің қола жүлдесі. Сондай-ақ ересектер арасында ұйымдастырылған Әбдісалан Нұрмахановтың жүлдесі үшін өткен халық­аралық турнирдің жеңімпазы бол­ған­мын. Төрешілік қабілетімді байқаған болуы керек, жеке бапкерім Әділ Басқараев ма­ған осындай кеңес берді. Олимпиада ойын­дарында төрелік еткен тұңғыш қазақ Серік Әбдінәлиев те: «Балам, сен төреші болуың керек», – деп өзінің ізгі тілегін айт­қан соң, ойлана келе, осындай шешім қабыл­дағанмын. Міне, ағалар айтқан сол кездегі кеңес бүгінде мені біраз жетістікке жеткізгендей.
– Төрешілік ғұмырыма 11 жыл тол­ды дедіңіз. Осы аралықта ақша ұсы­нып жекпе-жек тағдырын шешуді сұрағандар болды ма?
– Мұндай нәрседен өзімді аулақ ұстау­ға тырысып келдім. Алдағы уақытта да ақша үшін біреудің тағдырын шешпеймін. Өз басымнан өткен нәрсе емес. Өзгелер жайлы айтпай-ақ қояйын. Ал, негізінен, бокс­тағы жемқорлықпен күресуімізді тоқ­тат­пауымыз қажет. Еліміздің төрешілеріне  қойылатын негізгі талап біреу – әрқашан әділ болу.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста