Сұлтан Сабырұлы Рахманов ауыр атлетикадан ең ауыр салмақта Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы (1980), әлемнің екі дүркін чемпионы (1979-1980), екі мәрте әлем рекордшысы, өткен ғасырдың сексенінші жылдары дүние жүзінің ең күшті адамы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.
Интернет дерегіне сүйенсек, Сұлтан Рахмановтың аталары қазақ. Совет өкіметінің қанқұйлы саясатының салдарынан ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында Қарақалпақстан Өзбекстанның құрамына беріліп, осы өлкені мекендеген қазақтардың басым көпшілігі күшпен өзбек болып жазылып кеткен. Сұлтанның әкесі Сабырдың өзбек аталуы осыдан дейді интернет көздері.
Сұлтан 1950 жылы Қарақалпақстанның Төрткөл деген жерінде дүниеге келіпті. Әкесінің тегі — қазақ, руы — қаңлы болса, анасы украин ұлтынан. Бұл кісілер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде танысып, отау құрыпты.
Сұлтан 1966 жылға дейін Төрткөлде тұрған екен. Осы жылы ата-анасы Украинаның Днепропетровск қаласына көшіпті. Сол жақта Сұлтан украин қызы Галинамен көңіл жарастырып, біржола қалып қойған екен. Дене шынықтыру техникумына оқуға түскен Сұлтан бауыры Рүстеммен бірге спортқа ден қояды
КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эдуард Бровко сынды білікті бапкерден тәлім алған Сұлтан Кеңес одағының 3 дүркін чемпоны, 5 мәрте рекордшысы атанады. 1976,1978 жылдары Балтық кубогында жеке-дара шықса, 1978 жылы Лас-Вегаста «Әлем жұлдыздарының кубогын» жеңіп алады. 1979 жылы Токиода өткен ауыр салмақтылардың дүниежүзілік кубогында Рахманов қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырына көтеріледі.
Сұлтан Рахманов 1978 жылы әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алса, 1979 жылы әлем және Еуропа чемпионы атанды.
1980 жыл Рахманов үшін өте сәтті болды. Ол осы жылы даңқты Василий Алексеевтің олимпиадалық рекордын қайталап (қоссайыста 440 келі), Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілді. Олимпиаданың күміс жүлдегері біздің чемпионнан 30 келі кем көтерді.
Қадірлі оқырман! Мәскеу олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков күрестен Олимпиада чемпиондары болып, алаш жұртының мерейін өсірсе, енді міне, ауыр атлетикадан Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Сұлтан Рахманов қазақ азаматы деген дерек интернетте жарияланып отыр. Күш атасы Қажымұқанды өмірге әкелген қазақ халқынан Сұлтандай алыптың шығуы заңдылық деп білеміз. Әйтсе де, бұл дерекке толық көз жеткізіп барып, қалың оқырманнан сүйінші сұрағанымыз дұрыс болар.+
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ
«Қазақ спорты» газеті