Олимпиада алтыны – спортшы арманының шыңы. Біреулер сол жүлдеге өмір бойы жетпей жатса, екіншілері қос-қостан тағатын кездер де көп кездеседі. Кезекті жаһандық жарыс – Сочи Олимпиадасының басталуына да санаулы ғана күндер қалды. Бүгінде қалың жұрт кімнің қанша медаль алатынын болжап жатыр, ал біз сол медаль алған спортшыға қалай құрмет көрсету қажеттігін талқылап көрейік.
Қазақстан қысқы және жазғы Олимпиадалардың жеңімпаздарына 250 мың доллар көлемінде бәйге тігіп отыр. Жүлденің көлемі жағынан көп елдерден алда екеніміз белгілі, Мысалы, Германия Лондонда жеңімпаз атанған атлеттеріне 15 мың еуродан төледі. «Олимпиадаға өзінің жағдайын жақсарту үшін қатысатындар бізден емес» дейді осы елдің спортшыларын қаржылай қолдайтын «Deutsche Sporthilfe» қорының басшысы Михаэль Ильгнер.
Ал АҚШ-та мемлекет тарапынан берілетін жүлденің көлемі 1984 жылдан бері бір өспепті. Бар-жоғы 25 мың доллар ғана. Майкл Фелпс сияқты америкалық спортшылардың бұл соманы қанағат тұтпай бір Олимпиадада сегіз алтын алатыны мүмкін осы ақшаның аздығынан болар. Көршілерге көз жүгіртсек, Ресей «алтын» үшін 125, Беларусь 150, Украина 85 мың доллардан тігіп отыр.
Бұның бәрі бір рет қана берілетін жүлделер, біреуге ол бір айға, екіншісіне бір жылға жетуі мүмкін. Сондықтан Оңтүстік Корея сынды елдер Олимпиада чемпионын өмір бақи зейнетке шығарады. Яғни ертеңі үшін еш қам жемеуіне болады. Қазақстанда да жеңімпаздарға ай сайын арнайы ақша төленіп тұрады. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы велошабандоз Александр Винокуровтың бапкері Сергей Кручинаның айтуынша, 24 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі бұл қаржы аздық етеді.
Сергей Кручина, велоспорттан Солтүстік Қазақстан облысының аға бапкері:
- Спортшы бала кезінен бастап егде тартқанға дейін таңертеңнен кешке дейін барлық уақытын осы спорт жаттығулары мен жарыстарға жұмсайды. Кейінгі өмірде оның қолынан басқа кәсіп келе бермейді. Сондықтан Олимпиада жеңімпаздарын өмір бақи қолдау керек. Біздің елде ай сайын 24 айлық есептік көрсеткіш көлемінде яғни шамамен 40 мың теңгедей төлейді. Бұл аз, Ресейдің өзі қазір Олимпиада чемпиондарының зейнетақысын өсіріп отыр.
Қазақстанда спортшыларға берілетін жүлделер төңірегінде шу көп. Байдың малын байғұс қызғанады демекші, кезінде шенеуніктер Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің ай сайынғы айлығын кесіп тастап, Президент араласқан соң ғана қайтадан бере бастағаны белгілі. Ал Бақыт Сәрсекбаевқа Алматыдан берілген пәтер тегін емес, ипотекалық болып шығып, атына түсіре алмай зыр жүгіргені бар. Осындай оқиғалар спортшылардың көңіліне қаяу, еліміздің беделіне дақ түсіретіні айтпаса да түсінікті.
Дегенмен ақша көрсе періште жолдан таятыны сияқты спортшыны асыра марапаттау да артық көрінеді. Журналист Зейнолла Әкімжанов үлде мен бүлдеге орай беру өзге ел спортшыларының біздің елдің азаматтығын қабылдап, ақшасын алған соң тайып тұруына әкеп соғуы мүмкін деген пікірде.
Зейнолла Әкімжанов, журналист:
- Олимпиада түгіл Әлем чемпионы болу да оңай іс емес. Олимпиадаға барлық елдің бетке ұстарлары шығады. Бұрынғыдай емес жолдамалар санын да шектеді. Дегенмен жеңімпаздарды ақшаға үйрету дұрыс емес. Отан, патриотизм деген құндылықтар далада қалады. Ақша үшін азаматтық алып, ел-елді аралап жүретіндерді көбейтіп жіберуі мүмкін.
Олимпиада жеңімпаздарына соқыр тиын ұстатпайтын елдер де бар. Мысалы Грекия Лондонда жүлде алған спортшыларына ештеңе берген жоқ. Бұл әрине аталмыш елді тұралатып тұрған қаржы дағдарысының әсері екені белгілі. Дегенмен дағдарысқа душар емес кейбір елдерде де спортшыларына сый жасауды артық көреді екен. Мысалы Сочиде жеңімпаз атанған Жаңа Зеландия, Солтүстік Корея, Норвегия мен Швеция елдері мемлекет тарапынан ештеңе бермейді.
ОЛИМПИАДА: АБЫРОЙ МЕН АҚША
Последние статьи автора