23 қараша – таэквондодан қара белбеудің 7 дан иегері, қазақтың біртуар азаматы, қазақ даласына шығыс жекпе-жегі таэквондо өнерін алып келген даңқты спортшы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туған күні, деп жазады "Алаш айнасы".
Биыл – марқұм Мұстафа Қабылұлы Өзтүріктің туғанына 60 жыл. Осыған орай, Алматы қаласында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған ұйымдастыру комитеті құрылған. Оның төрағасы болып, есімі төрткүл дүниеге танымал суретші, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан меценаттары клубы «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Ерболат Төлепбай сайланған. Ал орынбасарлары қызметіне кезінде спортың осы түрінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған, білікті бапкерлер Сұлтан Шоқпытов пен Қайрат Қырғызбаев тағайындалған болатын.
Бүгінгі дейін қазақ топырағында шығыс жекпе-жегі таэквондоның негізін қалаған Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін біршама жұмыстар қолға алынып, атқарылды. Солардың бірі ретінде, Алматы қалалық таэквондо (WTF) федерациясының президенті Серік Абдуллаев мырзаның Алматы қаласының іргесіндегі Бесағаш ауылында орналасқан М.Өзтүріктің ескерткішін жаңарту үшін мүсіншілерге тапсырма бергенін бөле-жара атап өткіміз келеді.
Жалпы, Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы Атакент орталығындағы қалалық біріншілікпен басталады. Бұл біріншілікті Алматы қаласы денешынықтыру және спорт басқармасы Алматы қалалық таэквондо (WTF) федерациясымен бірлесе отырып, 11-12 қазан күндері «Атакент» көрме орталығының 9С павильонында өткізеді. Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойына арналған турнир жастар және ересектер арасында Алматы қаласының ашық біріншілігі мәртебесінде өткізіледі.
Басты мақсат – қара белбеудің 7-дан иегері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Қазақстан таэквондосының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрікті еске түсіру және оның 60 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту.
Сонымен қатар, бұл біріншілікте таэквондодан 2014 жылғы Қазақстан чемпионатына қатысатын спортшылар іріктелінеді.
Федерация басшылығы аталмыш ашық біріншілікпен ғана шектелмей, қараша айында республикалық турнир өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы, Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы спорттық біріншіліктермен ғана тоқталып қалмайды. Ағымдағы жылдың аяғында Республика сарайында өтетін мәдени еске алу кешімен аяқталатын болады.
Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы ашық біріншілікпен басталады
Последние статьи автора